4 сенатор қайта сайлануға ынтық
4 сенатор қайта сайлануға ынтық
175
оқылды
Жиында осы додаға үміткер­лерді тіркеуден өткізу қоры­тын­дылары шығарылып, оның нәтижелері жайында аумақтық сай­лау комиссияларының төраға­лары баяндады. Сонымен, алда Сенаттағы 17 мандат тартысқа са­лынады. Сенатор атанудан еліміз­дің бүкіл өңірінен барлығы 94 адам үмітті болған. Алайда ОСК соның тек 58-ін тіркеді. Енді орташа есеппен 1 депутат орнына 3 адамнан таласпақ. Өңірлер арасында ең көп кан­дидат саны Нұр-Сұлтан қаласы мен Ақмола облысының еншісін­де – 5 адамнан. Тіркелген кандидаттардың ішінде 48-і немесе 82,8%-ы – ерлер. Қалған 10-ы немесе 17,2%-ы – әйелдер. Ортсайлаукомның сендіруінше, пандемия тұсында нәзік болмыс иелерінің белсен­ділігі жоғары. Салыстыру үшін айт­сақ, 2017 жылы додаға түскендер арасында 47-сі (90,7%) – ер, небәрі 5-еуі (9,3%) ғана әйел болыпты. 2014 жылғы көрсеткіш одан да ұят: 51 (96,1%) – ер және бар-жоғы 2 (3,9%) әйел ғана тіркеле алды. Орталық сайлау комиссия­сының төрағасы Берік Имашев әйелдердің саяси белсенділігіне мән бере кетті: «Биыл тіркелген кандидаттар арасында 10-ы – әйел адамдар. Бұл жалпы санының 17,2%-ын құрайды. Өткен сайлау науқанымен салыстырғанда көрсеткіш 2 есеге дерлік өсті». Мамандықтар бойынша талдасақ, үміткерлердің 19-ы – ин­женер, 13-і – экономист, 8-і – пе­дагог, 7-і – аграрлық сала қызмет­керлері, 5-і – дәрігер, 3-і – заңгер, 1-і – саясаттанушы, 2-і – басқа сала маман­дары. Кандидаттар арасында 21-і – кәсіп­кер, коммерциялық құры­лым­дар­дың қызметкері; 16-сы – бюджеттен қаржыландырылатын меммекемелер мен кәсіпорындар­дың қызметкері; 12-сі – шенеунік, 5-і – қоғам белсенділері, ҮЕҰ өкіл­дері. Қазіргі іс басындағы 4 Сенат депутаты да қайтадан сенатор болу үшін ОСК-та тіркеле алды. Кешегі күннен бері барлық канди­даттар сайлау алдындағы үгітке кірісіп кетті. Бірақ сенатор­ларды сайлаушылар тікелей сай­ламайды, оларды мәслихат депу­таттары таңдайды. Тиісінше, үміткерлер жергілікті депутаттарды өзін таңдауға үгіттеуі тиіс. Мәсли­хаттағыларды өз жағына қаратуы үшін олардың 11 тамызға дейін уақыты бар. ОСК хатшысы Сабила Мұс­тафина мәслихат депутаттары таңба соғатын сайлау бюллетені бекітілгенін мәлім етті. ОСК мүшесі Серік Сыдықов Ортсайлауком бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Айжан Есма­ғам­бетовамен бірлесіп «Сенат сай­лауын өткізу кезінде коронавирус инфекциясының таралуының алдын алу бойынша ұсынымдар» әзірлегенін жеткізді. Өз кезегінде ОСК басшысы Берік Имашев өңірлердегі эпи­демиологиялық жағдай әртүрлі екенін ескертті. Сондықтан сай­лау процесінде санитарлық қауіп­сіздікті қамтамасыз етудің нақты шаралары бойынша шешімді ОСК емес, аумақтық сайлау комис­сиялары қабылдайтын көрінеді. 2020 жылы 12 тамызға тағайын­далған Сенат депутаттарының сайлауын бақылауға шет мемле­кеттер, халықаралық ұйымдар бай­қаушылары, егер қызықса шетелдік БАҚ шақырылады. Оларға ілесіп жүруі үшін Қазақстан аудармашы беруге дайын.  

Айхан ШӘРІП