Жиында осы додаға үміткерлерді тіркеуден өткізу қорытындылары шығарылып, оның нәтижелері жайында аумақтық сайлау комиссияларының төрағалары баяндады. Сонымен, алда Сенаттағы 17 мандат тартысқа салынады. Сенатор атанудан еліміздің бүкіл өңірінен барлығы 94 адам үмітті болған. Алайда ОСК соның тек 58-ін тіркеді. Енді орташа есеппен 1 депутат орнына 3 адамнан таласпақ. Өңірлер арасында ең көп кандидат саны Нұр-Сұлтан қаласы мен Ақмола облысының еншісінде – 5 адамнан. Тіркелген кандидаттардың ішінде 48-і немесе 82,8%-ы – ерлер. Қалған 10-ы немесе 17,2%-ы – әйелдер. Ортсайлаукомның сендіруінше, пандемия тұсында нәзік болмыс иелерінің белсенділігі жоғары. Салыстыру үшін айтсақ, 2017 жылы додаға түскендер арасында 47-сі (90,7%) – ер, небәрі 5-еуі (9,3%) ғана әйел болыпты. 2014 жылғы көрсеткіш одан да ұят: 51 (96,1%) – ер және бар-жоғы 2 (3,9%) әйел ғана тіркеле алды. Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Берік Имашев әйелдердің саяси белсенділігіне мән бере кетті: «Биыл тіркелген кандидаттар арасында 10-ы – әйел адамдар. Бұл жалпы санының 17,2%-ын құрайды. Өткен сайлау науқанымен салыстырғанда көрсеткіш 2 есеге дерлік өсті». Мамандықтар бойынша талдасақ, үміткерлердің 19-ы – инженер, 13-і – экономист, 8-і – педагог, 7-і – аграрлық сала қызметкерлері, 5-і – дәрігер, 3-і – заңгер, 1-і – саясаттанушы, 2-і – басқа сала мамандары. Кандидаттар арасында 21-і – кәсіпкер, коммерциялық құрылымдардың қызметкері; 16-сы – бюджеттен қаржыландырылатын меммекемелер мен кәсіпорындардың қызметкері; 12-сі – шенеунік, 5-і – қоғам белсенділері, ҮЕҰ өкілдері. Қазіргі іс басындағы 4 Сенат депутаты да қайтадан сенатор болу үшін ОСК-та тіркеле алды. Кешегі күннен бері барлық кандидаттар сайлау алдындағы үгітке кірісіп кетті. Бірақ сенаторларды сайлаушылар тікелей сайламайды, оларды мәслихат депутаттары таңдайды. Тиісінше, үміткерлер жергілікті депутаттарды өзін таңдауға үгіттеуі тиіс. Мәслихаттағыларды өз жағына қаратуы үшін олардың 11 тамызға дейін уақыты бар. ОСК хатшысы Сабила Мұстафина мәслихат депутаттары таңба соғатын сайлау бюллетені бекітілгенін мәлім етті. ОСК мүшесі Серік Сыдықов Ортсайлауком бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Айжан Есмағамбетовамен бірлесіп «Сенат сайлауын өткізу кезінде коронавирус инфекциясының таралуының алдын алу бойынша ұсынымдар» әзірлегенін жеткізді. Өз кезегінде ОСК басшысы Берік Имашев өңірлердегі эпидемиологиялық жағдай әртүрлі екенін ескертті. Сондықтан сайлау процесінде санитарлық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің нақты шаралары бойынша шешімді ОСК емес, аумақтық сайлау комиссиялары қабылдайтын көрінеді. 2020 жылы 12 тамызға тағайындалған Сенат депутаттарының сайлауын бақылауға шет мемлекеттер, халықаралық ұйымдар байқаушылары, егер қызықса шетелдік БАҚ шақырылады. Оларға ілесіп жүруі үшін Қазақстан аудармашы беруге дайын.
Айхан ШӘРІП