Праймериз – елдің саяси әрі тарихи мүмкіндігі
Праймериз – елдің саяси әрі тарихи мүмкіндігі
168
оқылды
«Nur Otan» партиясы жақтастарының ли­гасы –жақында құрылған белсенді азаматтардың бастамасы. Ұлттық қоғам­дық сенім кеңесінің мүшесі, саясаттанушы Ерлан Саиров бір топ азаматтың басын қосып, партияға қолдау білдірушілердің тобын құрды. Негізгі мақсат – қоғамда қордаланған мәселелерді өзара диалог арқылы және центристік жолмен шешуге жағдай жасау. Оның құрамына кез келген адам мүше бола алады. Сол кезде Саиров мырза «Қоғам діттеген демократиялық деңгейге эволюциялық жолмен жете алады» деп пікір білдірген болатын. Кеше лиганың келесі отырысы өтті. Zoom-конференцияға жиналған лига мү­шелері негізінен екі мәселені талқылады: коронавирус пандемиясына байланысты қазіргі әлеуметтік ахуалдан шығу жолдары және «Nur Otan» партиясының алдағы праймеризі. Алдыңғысы айтпаса да белгілі. Ал праймериз  – кез келген партияның мүшелері өз қатарластары арасынан үздік­терді «іріктейтін саяси сұрыптау сүзгісі». Әлемде кеңінен қолданылатын тәжірибе. Биыл тамыз бен қазан айларында «Nur Otan» партиясы дәл сол праймериз арқылы өкілдерін сайлап, мәслихат пен Мәжіліске кан­дидаттарын ұсынбақ. Оған еліміздің кез келген азаматы қатыса алады, тек пар­тия мүшелігіне өтуі тиіс. Онлайн жиында сөз алған партия хат­шы­сы А.Қырықбаев партия праймериз ар­қылы ел мүддесін қорғайтын өкілдердің са­пасын арттыруды көздейтінін мәлімдеді. – Негізгі мақсат – партияның сай­лауал­ды тізіміне енетін кандидаттардың сапа жағынан құрамын жақсарту. Алдын ала дода арқылы жүзден жүйрік, мыңнан тұлпарларды таңдап, соларды тізімге ен­гізу. Айналып келгенде бәріміздің ой­лай­тынымыз – елдің тәуелсіздігі, азаматтар қ­ұқығының қорғалуы, әлеуметтік жағ­дайы. Партияның орталық аппаратында ба­қылау комитеті бар. Жер-жерде өкіл­діктері қызмет атқарады. Олар барлы­ғы­ның әділ өтуін қадағалайтын болады, – деді «Nur Otan» партиясының хатшысы Арман Қырықбаев. Қазір пандемия барысында саяси нау­қандар өткізіп, жұртты топтастырып, дерттің тарауына жол беруге болмайды. Сон­дықтан партия жағдайға бейімделіп, праймериз үшін арнайы мобильді қо­сымша дайындап, партия мүшелеріне үміт­керлерге онлайн дауыс беруге мүм­кіндігін ұсынады. Одан бөлек, сайлауға ке­дергі жасау мақсатын көздейтін ин­тернет шабуылдардың да алдын алу ша­ра­лары жүзеге аспақ. «Nur Otan» партиясы жақтастары лига­сының онлайн конференциясында сыни ойлар аз айтылмады. Әсіресе, лигаға бас болған Ерлан Саиров пандемия елдегі мем­лекеттік институттардың төтенше жағ­дайда жұмыс істеуге қабілеті төмен екенін баса айтты. Оның пікірінше, аталған олқылықтар мен кемшіліктерді жою үшін эволюциялық өзгерістер қажет. Бірақ де­мократияға, плюрализмге деген заңды сұра­ныс ел шаңырағын шайқалтпауы керек. – Бізге революциялық емес, эволю­ция­лық өзгеріс қажет десек, праймериз – осы өзгерістің алғышарты болуы ықтимал. Негізінде, праймериз – бүгінгі біздің жастарға берілген таптырмас тарихи мүм­кіндік. Ол арқылы жастар мәслихатқа, Мәжіліске баруы керек. Бүгінгі таңда бізге нақты саяси, әлеуметтік көшбасшылар  керек. Ал лидерлер осындай праймериз сияқты үлкен сайыста пайда болады. Праймериз облыстарда формалды түрде өткізілмей ме деген күдік те бар. Әкімдер өңірлерде өзінің билігін бергісі келмейді. Жергілікті мәслихат әкімдер билігінің бір тармағы болып қалыптасқан. Егер облыс­тық мәслихатқа өз ойын еркін жеткізетін жанып тұрған жастар келетін болса, олардың әкімге әртүрлі сұрақтар қоюы да заңды. Жас буынның арасында елдің мәсе­лесін көтеруге қабілетті, интеллектуалды деңгейі жоғары азаматтардың шығуына мүмкіндік жасау керек. Саясаттың ең не­гізгі мәселесі – ұрпақтар сабақтастығы. Сондықтан праймериз жастардың билікке келуіне жол ашады, – деді ол. Қазіргі уақытта елімізде 3 335 мәслихат депутаты бар екен. Олардың арасында жастардың үлесі бар болғаны – 1,5 пайыз. Ал елдегі жастардың саны 3 миллионнан асады. Сол сияқты мәслихаттағы әйел­дердің үлесі де ауыз толтырарлық емес, 22 пайыз. Сәйкесінше, келе жатқан ашық сайыс – праймеризде олардың қоғамның ресми өкілі атануға толық мүмкіндігі бар. Алайда саясаттанушы Айдос Сарым энергиясы мен жобасы барлар ғана іріктеліп, азаматтық пікірі қалыптасқан жас­тардың қажет екенін сезініп отыр­ғанымызды жасырмады. – Ең бірінші талап – азамат заң мен қар­жы саласын жақсы меңгерген болуы тиіс. Екінші, азаматтық пікірі маңызды. Онсыз алғашқысы қажет болмайды. Үшінші, екі талапты ескерсек, саяси ре­формаларға қоғам тарапынан сенім күшей­мек, – деді. Бұл ойды блогерлер де қолдап кетті. Праймериз елге пайдасын тигізетін азаматтарға жол ашуы тиіс. Ол үшін халық пікірін, өңірлердегі мәселе­лерді ашық айта алатын жастар қажет. Блогер Самат Нұртазаның пікірінше, праймериз ең алдымен жастарға ашылған жол. Сәйкесінше, жастар осы мүмкіндікті пайдалана білгені абзал. Өзі де депутат атануға кетәрі емес екен. – Ішкі іріктеуде мүмкіндік көп екенін білеміз. Есік кімге болса да ашық. Сон­дықтан ойын ортаға салар жастар керек-ақ. Мысалы, Қазақстан Тәжікстанға көмек көрсететінін естігенде мен де күйіндім. Сондықтан халықтың пікіріне құлақ аса­тын жастар осындай алаңда пікір білдіруі тиіс. Сол кезде партия мен халықтың ара­сы жақындап, сенім пайда болады. Өз ба­сыма келсек, мен де праймеризге қа­тысамын, – дейді блогер. praimeris Еліміздің әр өңірінде нағыз іскер, әм­бебап тұлғалар бар екенінде сөз жоқ. Алай­да олардың билікке араласуына мүмкіндік берген дұрыс. Праймериз – Батыстан бастау алған тәжірибе деп айтылғанымен, табиғаты мен мәні қазақ қоғамы үшін жат дәстүр емес. Ел тарихында аузы дуалы аза­мат­тар сөз алған. Тәуелсіздік жылдары пар­ламентаризм институты қалыптасты. Осы тұста журналист Айдос Жұқанұлы да пікір айтып, аймақтардағы түйткілді тек праймериз шешетінін баяндады. – Өңірлерге шолу жасасаңыз, барлығы бір-бірінің сөзін сөйлейді. Сол себепті ойын ашық айтатын, еркін азаматтарды ішкі іріктеу кезінде табамыз. Мәселе ашық ай­тылса, халық рахатын көрер еді. Сон­дық­тан праймеризге жас па, кәрі ме – ойын толық жеткізе алатын азаматтар кел­генін құптаймын, – деп қорытын­ды­ла­ды сөзін. Праймериздің негізгі шарттарының бірі – дебат. Дебатта өз ойын анық жет­кізіп, көрсетілген проблеманы шешудің ең тиімді жолын ұсынған үміткер ғана партия атынан депутат болуға лайықты. Ал оны телеарналар арқылы халық на­зары­на ұсынып, өткізу жайы қарастырылуы керек. Демек, дебат – азаматтың ой-өрісін анықтаудың құралы болмақ. Басқосуда саясаттанушы Қазбек Майгелдинов осы жайтқа тоқталды. – Бұрын телеарналар жастар арасында де­бат ұйымдастырып, талай көшбасшыны тәрбиелеп шығарды. Қазір, өкінішке қарай бұл үрдіс үзіліп қалды. Праймериз оны жандандырады деп үміттенемін, саяси науқан біткеннен кейін де республикалық те­леарналар мықты жастарды іріктеп, тәр­биелеумен айналысуы керек, – деді он­лайн-конференцияда. Сондай-ақ партия хатшысы А.Қырық­баев елдегі үлкен реформалар Мәжіліс пен мәслихат сайлауынан кейін басталатынын еске салды. Себебі биыл болатын прай­мериз елдегі өзгерістерге деген сұранысқа жауап береді, ал тың азаматтар, мамандар өкілетті биліктің әлеуетін арттырады. Осы арқылы олар атқарушы биліктен нақты нәтижені батыл талап ете алады. «Бүгін талқылап отырған екі мәселе сырт көзге екі бөлек болып көрінгенмен, екеуі өзара тығыз байланысты. Қазір үкі­меттен экономиканы түбегейлі өзгерту туралы терең бағдарлама әзірлеуді күту дұ­рыс емес. Себебі атқарушы билік пен Үкі­мет дәл қазір індетпен күресіп жатыр. Ка­рантин кезінде басқа тұрмақ қарапайым жұрттың күнкөріс көзін ажыратып беру, жаппай жұмыссыздықтан құтқару сияқты нақты сұрақтар бірінші кезекте, – дейді Арман Қырықбаев. Осылайша, онлайн конференция ба­рысында Қазақстанның пандемияны ең­серу жайы қозғалды. Жиынға қатысушылар әлеуметтік мәселелерді көтерді. Төтенше жағдай мен карантиннің әсерінен ел экономикасына айтарлықтай залал тигені анық. Көптеген кәсіпорындар жұмысын тоқтатты, жеке кәсіпкерлер табысынан айы­рылды. Соның әсерінен жұмыссыздық та көбейді. Осы себепті Айдос Сарым саяси мәселемен қатар барынша еңбек орындарын сақтап қалу мен жастарға жаңа жұмыс орындарын ашу жайына тоқталып өтті. – Қазір мемлекет кешенді бағдарлама жа­саған күннің өзінде ол нәтижесіз бо­лады. Үлгере алмауы да мүмкін. Саяси мәселенің өзі экономикаға қарап отыр. Яғни, бағытымызды жұмыс орындарын сақтап қалу мәселесіне бұрғанымыз жөн. Алдымен кешенді экономикалық бағдар­лама ұсыну қажет. Бірақ оған халық то­лықтай келіспейінше, жүзеге асуы бәрібір қиын болады, – деді саясаттанушы Айдос Сарым. Ал жиынға қатысқан басқа азаматтар медицина саласының кемшілігі кезек күт­тірмей тұрғанын ескертті. Мысалы, жуырда дәрі-дәрмек тапшылығының болғаны жасырын емес. Тіпті, бар дәріні қой­мада сақтап, қымбат бағамен сатқандар да кездесті. Оның бәрі реттелгенімен, ол­қылықтан сабақ алу керек-ақ. Осы орайда медиа саласының өкілі Бағдат Қожахметов еліміз үшін зәру 3 мәселені атады. Оның сөзінше, білім мен медицина және жем­қорлық  негізгі түйіткілдер екен. – Сырттан індет секілді түрлі соққы бо­ла береді. Оны еңсерерміз. Ол үшін бізге жүйе­лі білім мен жабдықпен толық қам­тылған медицинаны қалыптастыру керек. Бастысы, жемқорлықты жойған абзал. Әйт­песе, жемқорлық қоғам арасында мә­селе туындата бермек, – деді ол. Ал блогер Яков Федеров аймақтағы әкімдіктерді сынға алды. Оның ойынша, өңірлерде жер­гілікті әкімшіліктердің жұмыс қар­қыны баяу, сол себепті орасан зор нәтиже де көріне бермейді. – Меніңше, аймақтарда саяси мәселе ушық­қан. Соны қарастырудың жолын ізде­ген жөн. Бұл – бір жағы ғана. Екінші­ден, қысылтаяң кезеңге қарамастан, білім мен өнеркәсіпті кідіртпеу керек. Осы мақсатта мемлекет кәсіпкерлерге көмек көрсетуді тоқтатпағаны жөн деп ойлай­мын. Сол кезде жұмыс орындарын сақтап қаламыз, – деді блогер. Қорыта айтқанда, онлайн конфе­рен­цияға қатысушы азаматтар пандемия барысында елдің басындағы базынасын айтты. Ол жемқорлық, кең етек алған жұ­мыс­сыздық, ақсаған медицина және са­пасы сын көтере бермейтін білім саласы. Ал енді аталған түйткілдерді праймериз арқылы шынайы халықтың қалаулыларын іріктеп, халыққа жаны ашитын азамат­тарды қолдап, бірге шешуге болатынына келісті. Себебі тың кадрлар, жаңа есімдер қоғам мен билік арасындағы сенімді одан әрі қуаттай түседі.  

Мадияр ТӨЛЕУ