«Nur Otan» партиясы жақтастарының лигасы –жақында құрылған белсенді азаматтардың бастамасы. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі, саясаттанушы Ерлан Саиров бір топ азаматтың басын қосып, партияға қолдау білдірушілердің тобын құрды. Негізгі мақсат – қоғамда қордаланған мәселелерді өзара диалог арқылы және центристік жолмен шешуге жағдай жасау. Оның құрамына кез келген адам мүше бола алады. Сол кезде Саиров мырза «Қоғам діттеген демократиялық деңгейге эволюциялық жолмен жете алады» деп пікір білдірген болатын.
Кеше лиганың келесі отырысы өтті. Zoom-конференцияға жиналған лига мүшелері негізінен екі мәселені талқылады: коронавирус пандемиясына байланысты қазіргі әлеуметтік ахуалдан шығу жолдары және «Nur Otan» партиясының алдағы праймеризі. Алдыңғысы айтпаса да белгілі. Ал праймериз – кез келген партияның мүшелері өз қатарластары арасынан үздіктерді «іріктейтін саяси сұрыптау сүзгісі». Әлемде кеңінен қолданылатын тәжірибе. Биыл тамыз бен қазан айларында «Nur Otan» партиясы дәл сол праймериз арқылы өкілдерін сайлап, мәслихат пен Мәжіліске кандидаттарын ұсынбақ. Оған еліміздің кез келген азаматы қатыса алады, тек партия мүшелігіне өтуі тиіс.
Онлайн жиында сөз алған партия хатшысы А.Қырықбаев партия праймериз арқылы ел мүддесін қорғайтын өкілдердің сапасын арттыруды көздейтінін мәлімдеді.
– Негізгі мақсат – партияның сайлауалды тізіміне енетін кандидаттардың сапа жағынан құрамын жақсарту. Алдын ала дода арқылы жүзден жүйрік, мыңнан тұлпарларды таңдап, соларды тізімге енгізу. Айналып келгенде бәріміздің ойлайтынымыз – елдің тәуелсіздігі, азаматтар құқығының қорғалуы, әлеуметтік жағдайы. Партияның орталық аппаратында бақылау комитеті бар. Жер-жерде өкілдіктері қызмет атқарады. Олар барлығының әділ өтуін қадағалайтын болады, – деді «Nur Otan» партиясының хатшысы Арман Қырықбаев.
Қазір пандемия барысында саяси науқандар өткізіп, жұртты топтастырып, дерттің тарауына жол беруге болмайды. Сондықтан партия жағдайға бейімделіп, праймериз үшін арнайы мобильді қосымша дайындап, партия мүшелеріне үміткерлерге онлайн дауыс беруге мүмкіндігін ұсынады. Одан бөлек, сайлауға кедергі жасау мақсатын көздейтін интернет шабуылдардың да алдын алу шаралары жүзеге аспақ.
«Nur Otan» партиясы жақтастары лигасының онлайн конференциясында сыни ойлар аз айтылмады. Әсіресе, лигаға бас болған Ерлан Саиров пандемия елдегі мемлекеттік институттардың төтенше жағдайда жұмыс істеуге қабілеті төмен екенін баса айтты. Оның пікірінше, аталған олқылықтар мен кемшіліктерді жою үшін эволюциялық өзгерістер қажет. Бірақ демократияға, плюрализмге деген заңды сұраныс ел шаңырағын шайқалтпауы керек.
– Бізге революциялық емес, эволюциялық өзгеріс қажет десек, праймериз – осы өзгерістің алғышарты болуы ықтимал. Негізінде, праймериз – бүгінгі біздің жастарға берілген таптырмас тарихи мүмкіндік. Ол арқылы жастар мәслихатқа, Мәжіліске баруы керек. Бүгінгі таңда бізге нақты саяси, әлеуметтік көшбасшылар керек. Ал лидерлер осындай праймериз сияқты үлкен сайыста пайда болады. Праймериз облыстарда формалды түрде өткізілмей ме деген күдік те бар. Әкімдер өңірлерде өзінің билігін бергісі келмейді. Жергілікті мәслихат әкімдер билігінің бір тармағы болып қалыптасқан. Егер облыстық мәслихатқа өз ойын еркін жеткізетін жанып тұрған жастар келетін болса, олардың әкімге әртүрлі сұрақтар қоюы да заңды. Жас буынның арасында елдің мәселесін көтеруге қабілетті, интеллектуалды деңгейі жоғары азаматтардың шығуына мүмкіндік жасау керек. Саясаттың ең негізгі мәселесі – ұрпақтар сабақтастығы. Сондықтан праймериз жастардың билікке келуіне жол ашады, – деді ол.
Қазіргі уақытта елімізде 3 335 мәслихат депутаты бар екен. Олардың арасында жастардың үлесі бар болғаны – 1,5 пайыз. Ал елдегі жастардың саны 3 миллионнан асады. Сол сияқты мәслихаттағы әйелдердің үлесі де ауыз толтырарлық емес, 22 пайыз. Сәйкесінше, келе жатқан ашық сайыс – праймеризде олардың қоғамның ресми өкілі атануға толық мүмкіндігі бар. Алайда саясаттанушы Айдос Сарым энергиясы мен жобасы барлар ғана іріктеліп, азаматтық пікірі қалыптасқан жастардың қажет екенін сезініп отырғанымызды жасырмады.
– Ең бірінші талап – азамат заң мен қаржы саласын жақсы меңгерген болуы тиіс. Екінші, азаматтық пікірі маңызды. Онсыз алғашқысы қажет болмайды. Үшінші, екі талапты ескерсек, саяси реформаларға қоғам тарапынан сенім күшеймек, – деді. Бұл ойды блогерлер де қолдап кетті. Праймериз елге пайдасын тигізетін азаматтарға жол ашуы тиіс. Ол үшін халық пікірін, өңірлердегі мәселелерді ашық айта алатын жастар қажет. Блогер Самат Нұртазаның пікірінше, праймериз ең алдымен жастарға ашылған жол. Сәйкесінше, жастар осы мүмкіндікті пайдалана білгені абзал. Өзі де депутат атануға кетәрі емес екен.
– Ішкі іріктеуде мүмкіндік көп екенін білеміз. Есік кімге болса да ашық. Сондықтан ойын ортаға салар жастар керек-ақ. Мысалы, Қазақстан Тәжікстанға көмек көрсететінін естігенде мен де күйіндім. Сондықтан халықтың пікіріне құлақ асатын жастар осындай алаңда пікір білдіруі тиіс. Сол кезде партия мен халықтың арасы жақындап, сенім пайда болады. Өз басыма келсек, мен де праймеризге қатысамын, – дейді блогер.
Мадияр ТӨЛЕУ