Елорда маңында «екінші Арал» керек пе?
Елорда маңында «екінші Арал» керек пе?
Көбейтұз – Ақмола облысының Ерей­ментау ауданында, Өлеңті ауыл­дық округінің аумағында ор­­наласқан. Айдынының ауданы – 690 гектар. Тереңдігі небәрі 1,5 метр. Елордамыздан 180 шақырым жер­де орналасқан көлдің тағдыры адам­зат пен ғаламшар тағдырына алаң­даған барша жанды тол­қыт­ты. Оның айналасындағы оқи­­­­ғалар көп жайттан хабар бер­­­ді. Мәселен, халықтың бір бө­­лі­гінің пайдакүнемдігін, көр­се­­­қызарлығын, тегін жатқан дү­ние­ні тез­детіп үйіне тасып алу­ға даяр тұра­тынын, елдің есіл жат­қан игілігін өзіне сатып, заңсыз жол­мен пайда табуға үлкен құлшы­ны­сы барын көрсетті. Сондай-ақ осы жағдай Эко­ло­гия министрлігіндегі шенеу­нік­­тердің және жергілікті әкім­қа­ралардың табиғат қорғауға бей­жай, өз ісіне жүрдім-бардым қа­райтынын, жоғарыдан біреу же­­кіре жүктемесе өз бетінше бас­тамашылық танытып, саусағын да қимылдатпайтынын паш ет­ті. Бұл мәселе қоғамымыздың эко­ло­­гиялық сана-сезімінің тым тө­мендігін аңғартты. Ұлттық, ел­дік мүдде жайына қалғаны, тұтыну­шы­лық көзқарас белең алғаны көз­ге ұрып тұрды. Ақыр соңында жергілікті дең­гейдегі түйткілді шешуге ел бас­шылығының араласуына тура кел­ді. Қынжылыс білдірген Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мұны «жаппай мәдениетсіздік» деп бағалады. Ол өз пікірін Twitter-дегі парақшасында білдірді. – Азаматтардың табиғаттағы демалыс орындарындағы жаппай мә­дениетсіздігі тоқтамай тұр. Отан­­­­­дастарымыздың ерекше қыз­­­­­ғылт түсті Көбейтұз көліне кел­­­­­­тірген орасан зор зиянының алаң­­­даушылық туғызуы орынды. Бұл жағымсыз әрекеттер өскелең ұр­­пақты экологиялық ағарту жұ­­мыс­­тарының түйткілдерін ашып бер­ді. Білім, Экология, Ақ­парат ми­­­нистрліктері бұл мә­селені жұ­мыс­­тарының басым ба­ғыты ретін­де қара­стыруы тиіс, – деп міндет қой­ды Мемлекет басшысы.  

Көбейтұз ерекше қорғауға алынады

Бұл көл енді айрықша қорға­латын та­биғи аймаққа айналады. Экология, гео­ло­гия және табиғи ресурстар министрі Мағ­зұм Мырзағалиев арнайы брифингте Кө­бейтұзды бұрыннан назарда ұстап келе жат­қанына сендірмек болды. Сондай-ақ қо­ғамдық бақылау жолға қойылып жат­қаны мәлім болды: қоғам белсенділері, ерік­тілер мен құқық қорғау орган­дарының өкіл­дері кірген топ дүр­кін-дүркін көлге бірге аттанып, инс­пекция жасап қайтады. Бас эколог ондағы тұздың емдік қасиеті ба­рын жоққа шығарды: ведомство ма­ман­дарының айтуынша, «көлден алынған сы­нама оның қарапайым ас тұзымен бір­дей екенін көрсеткен». М.Мырзағалиев экология министрлігі жағ­дайды талдап, қосымша шаралар әзір­леуге кіріскенін жеткізді. Ол көлдер мен бас­қа да табиғи нысандарда болудың бел­гіленген тәртібін, санитарлық нормаларды және экологиялық заңнаманы бұзушылар жа­заланып, айыппұл салынатынын нық­тады. Қазірдің өзінде Әкімшілік кодекстің 505-бабына сәйкес, Көбейтұз көліндегі бей-берекет қоқыс орындарын туындатқа­ны үшін бірнеше адам жауапқа тартылып­ты. Әйткенмен, министр көлді мәңгілікке жауып тастай алмайтынын, оған барушы­лар қатары алда тек артатынын айтты. – Ол жақта экологиялық бекеттер құру жос­парлануда. Бірегей көлді көріп қайтуға құмартатындар саны бәрібір арта береді. Ендеше ең алдымен, азаматтарға мұндай жерлерде жүріп-тұру ережелерін түсіндіру және экологиялық сана-сезімді көтеру, тұзды өзімен бірге алып кетуге бол­май­ты­нын ұғындыру керек. Оның тұзының еш­қандай емдік қасиеті жоқ. Соған қара­мас­тан туристердің адамгершілікке жат әре­кеттері кесірінен көлге жойылып кету қау­пі төнді. Бұл жұмысқа біз қоғам қай­рат­­керлерін, экологтарды, эко-белсен­ді­лерді жұмылдырмақшымыз, – деді Мағзұм Мырзағалиев. Ол еліміздегі өзге де табиғи объекті­лер­де ұқсас ауыр жағдай туындағанын мойын­дады. – Өкінішке қарай, халықтың эколо­гия­лық мәдениеті өте төмен. Бұған соңғы бір айда тіркелген табиғатқа қаскөйлік та­ныту фактілері дәлел. Нақтылай кетсек, Ақ­таудағы итбалықтарды таспен ұру, Бу­ра­байдағы тау болып үйілген қоқыстар, Ал­маты маңындағы Первомайский тоға­нын­дағы «Қызыл кітапқа» енген лотос өсім­дігін жұлып алып, Инстаграмда қуана жариялау, қоқыс лақтыру, жерошақтар жағу, бірегей Көбейтұз көлінің тұзын тасып сату деректері шошытады. Бұл біздің табиғатқа жасаған дөрекі әрі қатал іс-әрекетіміздің аз бөлігі ғана! – деді ми­нистр. Табиғат аясына жол талғамайтын қым­бат көлікпен баратын адамдарға бірер мың теңге айыппұлды төлей салу түкке тұр­май­тыны сөзсіз. Сол себепті егер Парламент қолдаса, ұлттық парктер мен демалыс аймақтарында экологиялық заңнаманы бұзғаны үшін айыппұл артады. Тиісті өз­геріс жаңа Экологиялық кодекс жобасында қарастырылыпты. – Айыппұл салудан басқа, халық ара­сын­да үнемі түсіндіру жұмыстарын жүр­гі­зіп отыру керек. Ересектер балаларға та­би­ғатты аялауды үйретіп, өздері үлгі болуы тиіс. Барша қазақстандықты қоршаған ортаға қамқорлық жасауға шақырамын! Біз ұлан-байтақ еліміздегі әрбір табиғи ны­санның жанына бір-бір инспектордан қоя алмаймыз. Жалпы, халықтың эко­ло­гиялық мәдениетін көтеру керек. Әрине, ол бір күндік жұмыс емес. Біздің министр­лік түсіндіру жұмыстарына екпін түсіруде. Бұқаралық ақпарат құралдарына осы іске қосқан елеулі үлесі үшін алғыс айтамын. Осы жұмыстарға енді жергілікті әкімдіктер де белсене қатысады деген үміттеміз. Бәрі бала кезден бойға сіңірілуі керек. Сол се­беп­ті де Президент мектептерде эколо­гия­лық мәдениет пәнін енгізуді ұсынды, – де­ді Экология, геология және табиғи ре­сурс­тар министрі.  

Қасиет қонған көл

«Көбейтұздың тұзының кәдімгі тұздан айыр­машылығы жоқ» деген министрдің байламымен кейбір сарапшылар келіс­пейді. Қарапайым ғана мысал: ас тұзын сыртқа шығарып қойсаңыз, ол ешқашан қызыл түске «боялмайды». Көлдің қасиетін қазақтар бұрыннан білген. Бұл маңда өт­кен ғасырларда үнемі жағалай киіз үйлер тігілетін болған. Жаугершілік замандарда дұшпанмен шайқасып, ел шетінен әрі асырып оралған қаһармандар осы тұзға аунап, жараларын емдейтін көрінеді. Осы жақ негізінен, Қазақ хандығының бас қолбасшысы Бөгенбай батырдың тіке­лей ұрпағы, Жылқыбайдың баласы Кө­бейдің жайлауы болыпты. Көл атауының түп-төркіні де сонымен байланысты. Kobeituz1 Экологтардың байламынша, күн ысы­ған кезде Көбейтұзда «тұзды дуналиелла» (Dunaliella salina) деп аталатын балдыр күрт көбейеді, нәтижесінде су түсі қыз­ғылтқа боялып шыға келеді. Медицина ғылымдарының докторы, микробиолог Виктор Малеев тұзды ду­на­лиелла негізінен теңіздерде, гипертұзды ор­та­да өмір сүретініне тоқталды. Ол каро­тинді үлкен көлемде өндіре алатын қабілеті арқасында антиоксидантты қасиеттерімен танымал. Ал каротин косметикада, био­ло­гиялық белсенді қоспалар (БАД) өндірі­сін­де кең қолданылады. Өз бойында β-каротиннің жоғары мөлшерде шоғыр­лануы арқасында балдыр шақырайған күн сәулесін кері шағылыстыра алады. Деген­мен, ғалымның байламынша, көлдің қал­пы­мен қызғылт түске боялуына Dunaliella-дан гөрі, ғылыми тілде Halobacterium ата­­­­ла­тын архейлер көбірек себепкер. Әйтпесе, тұзды дуналиелла ко­ло­ния­лары суға шамалы ғана алқызыл түс қо­са­ды. Сондай-ақ онда глицерол да өте көп. Аталған балдыр қасиетін кеңес дәрігерлері де жақсы білген. Сондықтан 1966 жылы Du­naliella salina-ны қолдан өсіру ісі қолға алы­нады. Оны коммерциялық мақсатта өсіру дамыған, озық дамушы елдің барлы­ғында жолға қойылған. Қазақстанда тұзды дуналиелланы дәрі­ханалардан сатып алуға болады: капсула түріндегі шағын құтысы 3 мың теңге тұра­ды. Астаналықтарға, ақмолалықтарға және қо­нақтар мен туристерге Көбейтұзға ба­рып, ара-тұра аунап-қунап қайтқан пай­далы әрі тиімдірек болса керек. Қынжылтатыны сол, демалушылар ты­нығумен және суретке түсумен шек­тел­мей, тұзын – полиэтилен қаптарға, ал суын – 19 литрлік құты-бутылдерге тол­ты­рып әкетеді. Тіпті көл түбін қазып, бал­­­шығын әкетушілер де жетерлік. Сал­дарынан бүгінде Көбейтұз табаны кратерге толы ай бетіне көбірек ұқсап кетті. Кейін бұл шикізатты әлеуметтік желілерде және жеке хабарландыру алаңдарында сатуға тал­пынғандар көбейді. Құқық қорғау ор­гандары интернетке мониторинг жүргізіп, алыпсатарларды жаппай айыппұлмен жа­за­лауға кіріскендіктен мұндай жар­на­ма­сымақтар күрт жойылды.  

Әлемде осындай 8 көл ғана бар

Көбейтұз жағалауының тұрмыстық қоқысқа толуы, пластик-пакеттерге са­лын­­ған қалдықтардың желмен бірге жа­қын маңдағы көлдерге дейін ұшып лас­тауы, келушілердің түнеуге қалып, жеро­шақ жағуы және айналада уақытша құ­ры­лыстардың көбеюі проблемаға айналды. Саналы азаматтар дабыл көтергеннен кейін көл жаққа Экология министрінің Эко­логиялық реттеу және бақылау коми­те­тінің төрағасы Зұлфыхар Жолдасов да инс­пекциямен барды. Ол Көбейтұздың біре­гей әрі ерекше табиғи нысан екенін мойындады. Бүкіл әлемде мұндай 8 көл ғана бар! Бір қы­зығы, соның ішінде Көбейтұз – туристік тартым­ды және туризм нысанына айналуға барлық жағдайы бар көл саналады. Мәселен, Австралияның оңтүстік-ба­тысында, Мидл-Айленд аралында тұзды ду­налиелла және архейлер арқасында қыз­ғылт түске ие болған Хиллиер көлі бар, алай­да айналасы ну орман болғандықтан тек тікұшақпен жетуге болады. Мұндай әуе көлігінің қызметі үшін бірнеше жүз доллар төлеуді – табиғи ғажайыпты бір көріп, көз қанықтырғысы, көңіл тоғайтқысы келе­тін­­дердің бәрінің бірдей қалтасы көтер­мейді. Ал Сенегалдағы «қызғылт көл» аталған Ретба көлінің түсі тат түсіне көбірек келеді. Спортсүйер қауым білуі мүмкін: бұрын Париж-Дакар жарысы дәл осы көлге барып тоқтайтын. Бертінде ақырғы пункт өзгертілді. Онда 1970 жылдардан бері тұз өн­діріледі. Айтқандай, Ретба ішінде 10 ми­нуттан артық болуға тыйым салынады. Себебі адам терісі шыдамай, күйіп қалады. «Көбейтұздың қызғылт реңкке боялуына негізінен тұзды теңіздерді ме­кен­дейтін бір жасушалы дуналиелла сортаңды су балдыры әсер етеді. Бұл бал­дырлар көлдің тұзды болуының арқасында ғана дамуда. Табиғаттың ерекше құбы­лы­сына, ең бір көрнекті орнына кейбір адамдардың залал келтіруі, жауапсыз, жа­байы көзқарас танытуы көлдің дегра­дацияға ұшырауына, тіпті толық жойылуы­на әкелуі мүмкін. Экология министрлігі Көбейтұз көлін қорғау үшін қатаң әрі шұ­ғыл шаралар қабылдайды. Ол шаралар туралы кейінірек хабарланады», – деді министрліктің Экологиялық реттеу және бақылау комитеті. Бүгінде Көбейтұзға және Ақмола об­лы­сындағы барлық су қоймаларына адам­дардың баруына тыйым салынды. Бұл – уа­қытша шара. Ашылғанда әлгі оқиға қай­таланбай ма? Өзен-көлдің бәрін жеке­ше­лендіріп, кәсіпкерлерге тарату пробле­маны шешпейді, тек халықты ашын­ды­рады. Қоғам белсендісі, өлкетанушы, өзін «Қаз­неттің басты қаңғыбас блогері» деп т­аныстыратын Яков Федоров тағы бір мәселеге назар аудартты. «Көбейтұзға барған туристер не іс­тейді? Содан кейін денесін тұздан тазар­тып, мөп-мөлдір суда жуыну үшін Теңіз кө­ліне бет алады. Демалыс күндері оның жа­ғалауында 1 мың көлікке дейін жи­налады. Енді сол өзен де «жуындыға» ұқ­сай бастады. Мәдениетсіз адамдар қо­қыс­тарын қалдырып кетеді. Барлығы үшін ауыр қарбыздарды көлге тасу қиын емес, ал жеңіл қабығын әкетуге қиынсынады! Ашық-шашық пакеттерді шағалалар қо­парады. Жалпы, осы бізде ішкі туризмді да­мыту керек пе? Бәрін шетелге саяхаттауға жі­берейік те, туған жердің тұмса табиғатын ке­лер ұрпаққа сақтайық. Солар саналы бо­лар», – дейді Яков Федоров.  

АйханАйхан ШӘРІП