Сауда соғысын бастан кешірген қос ел енді дипломатиялық тартысқа көшті. Гонконг ұлттық қауіпсіздігі туралы заңды қабылдап, аралдың азаттығын ұрлаған Қытай АҚШ-тың «шабуылына» ұшырады. Алдымен сол заңды жасаған Қытай шенеуніктеріне санкция салынды. Оған қоса, Гонконг енді Қытай қарамағында болған соң Вашингтон олармен еркін сауданы шектеді. Алайда президент Дональд Трамп үшін бұл шаралар аз көрінген секілді. Ол 22 шілде күні Қытайдың Хьюстон қаласындағы консулдығын 72 сағатта жабуды талап етті. Бұл туралы Американың мемлекеттік департаменті хабарлады.
Дипломатиялық қысым
Келесі кезек Сан-Франциско қаласындағы Қытайдың консулдығына келуі мүмкін. Себебі онда Калифорния университетінде жұмыс істеген және Қытай әскерилерімен байланыста болған деп айыпталған Цзюань Тан есімді биолог жасырынып отыр деген күдік бар. Оның үйін тінту барысында әскерилермен қарым-қатынаста болғанына қосымша дәлел табылған. Әзірге ол құрықталмады. Бұдан бөлек, АҚШ қытайлық басқа да ғалымдарды тұтқындады. АҚШ-тың Қытайға таққан айыптары мұнымен шектелмейді. Вашингтонның пікірінше, екі қытайлық хакер Америкадағы COVID-19 вирусына қарсы вакцинамен айналысатын зертхананың серверін бұзып, басқа да ақпаратты ұрлаған. Егер естеріңізде болса, дәл осындай заңсыз әрекеттерді ресейлік хакерлер де жасап жатыр деп Батыс елдерінің біраз барлау қызметтері мәлімдеген болатын. Айтпақшы, 72 сағатта Хьюстондағы консулдық ғимаратын жабу қажеттігін естіген Қытай дипломаттары құжатты өртеуге кіріскен сыңайлы. Мұны ғимаратқа көрші тұратын азаматтар бірден байқаған. Алайда консулдық қызметкерлері мұндай жағдайда көмекке ұмтылатын өрт сөндіру қызметі мен полиция өкілдерін ғимаратқа кіргізбеген. Twitter-дегі Breaking911 аккаунт иесі консулдықтың ішкі алаңқайында талай құжаттың күл-қоқыс жинайтын орында өртке оранғанын дәлелдейтін видео жүктепті. Әрине, ресми Бейжің үнсіз қалмасы анық. Олар АҚШ әрекетін саяси арандатушылық, халықаралық құқықты және екі ел арасындағы консулдық қызмет туралы келісімді бұзу деп мәлімдеді. Оған қоса, қазіргі процесс тоқтамаса, жауап ретінде Ухань қаласындағы АҚШ консулдығын жабуға уәде берді. Ал кеше Бейжің таңдауы Чэнду қаласындағы АҚШ-тың консулдығына түсті. Неге? Өйткені Уханьда вирус тарағалы ол жақтан АҚШ дипломаттарының басым бөлігі көшіп кеткен. Ал Чэндудағы консулдық Қытайдың оңтүстік-батыс провинцияларындағы Американың негізгі өкілдігі болған. Осылайша, олар Хьюстонға сайма-сай соққы беруге тырысқан секілді. Жалпы, АҚШ-тың Қытайда 5 консулдығы бар және Гонконг, Макаода бас консулдығы орналасқан. Ал өз кезегінде Қытайдың АҚШ-та 5 консулдығы болды. Біреуі жабылмақ. Екіншісінің мәселесі қарастырылуда.Сауда соғысының жалғасы ма?
Ал енді Трамп неге мұндай қатаң қадамға барып отыр? Оған бірнеше болжам бар. Біріншіден, қазіргі шара бұған дейін жүргізілген антиқытайлық саясаттың келесі кезеңі болуы мүмкін. Яғни, былтырғы сауда соғысының логикалық жалғасы. Себебі 2018-2019 жылдардағы ол текетірестен америкалық көптеген кәсіпкер, фермерлер шығын көрді. Трамп содан туған ашуды тағы Қытайға бұру үшін тыңшы-ғалым сылтауын тапқан болар. Өйткені әдетте барлау қызметі тыңшыларды тапса да, осындай кезде пайдалану үшін сырттай бақылай тұрады. Осы әдісті АҚШ пен Ресей кезінде өзара бірнеше рет қолданды. Екіншіден, әлем және АҚШ коронавирустан қатты зардап шекті, экономика тұралап қалды. Трамп о бастан бұл дертті «қытайлық вирус» деп атап жүрді. Яғни, вирус Уханьнан шыққан соң жауапкершілікті Қытайға артқысы келді. Осы арқылы елдегі пандемиядағы сансыз сәтсіздіктерін өзгеден көргісі келетіндей. Бұл биылғы президенттік сайлауалды кампания алдындағы арзан саяси әрекет сияқты. Үшіншіден, осы саяси науқан алдында Қытайды АҚШ-тың басты жауы ретінде көрсетіп, оған қарсы Америка қоғамын біріктіргісі келетіндей. Бұл – саяси кампаниялар алдында кандидаттар жиі қолданатын әдістің бірі. Мәселен, Путин сайлау алдында Батысқа қарсы батыл сөздер айта бастайды. Басқаша айтса, сайлау алдында ұпай жинаудың амалы. Төртіншіден, бұл демократиялық Гонконгты бір заңмен «тұншықтырған» Қытай әрекетіне дипломатиялық жауап болуы мүмкін.Қол бастайын десе, қолдаушысы жоқ
Трамп 4 жыл ішінде біраз елмен арақатынасын бұзып, енді Қытайға қарсы ерікті және еріксіз (саяси қысым жасап) коалиция құрғысы келіп жатыр. Мәселен, мемлекеттік хатшы Майк Помпео тарихи одақтасы Британияға келіп, премьер Борис Джонсонды қытайлық Huawei компаниясын Тұманды альбионда 5G байланысын орналастырмауға көндірді. Бұған дейін Жапония мен Австралия да Вашингтонның осы талабын орындап, Huawei-дің қызметін елінде шектеген еді. АҚШ-тың екі құралы бар: біріншісі, қытайлық компанияларды байланыс құралдары арқылы барлау жүргізеді деп айыптауы және екіншісі, ел Huawei-ден бас тартса, шығынын АҚШ төлеуге даяр. Алайда көптеген дамушы елдер, еуропалық мемлекеттер Huawei-дің арзан құрылғылары мен қызметіне қызығып, оларға 5G байланысын орнатуға рұқсат беріп жатыр. Жалпы, Трамптың Қытайға қарсы коалиция жинау саясаты сәтсіз болуы әбден мүмкін. Неге? Өйткені ол әлемдік саяси аренадағы ірі ойыншылардың түгелімен дерлік арақатынасын бұзып шықты. Енді олар Вашингтонның ұсынысы бойынша Қытайға қарсы әрекет жасауы неғайбіл. Мәселен, 1945 жылдан бері қалыптасқан трансатлантикалық «АҚШ-Еуропа» байланысын Дональд Трамп өз қолымен өткен 4 жылда үзді. Нақтырақ айтса, Еуропадағы Германия секілді ірі елдерге НАТО аясында бірнеше миллиард долларлық жарна төлемедің деп қоқан-лоқы көрсетті. Ал Франция ірі технологиялық компанияларға 3 пайыздық салық салған соң жауап ретінде осы айда АҚШ француз косметикасы мен сөмкелеріне баж салығын 25 пайызға өсірді. Иранға қарсы саясатында Меркель мен Макронды тыңдамады. Енді олар Трампқа құлақ асады дегенге сену қиын. Оған қоса, Қытай инвестициясы Еуропаға артықтық етпейді. АҚШ Ресейге 2014 жылдан бері сансыз санкция салып келеді. Енді Мәскеу Қытайға қарсы Вашингтонды жақтай қояды деу қиял-ғажайып әңгіме сияқты. Трамп Бейжіңге қарсы Үндістанды да өзіне жақтас ретінде тартқысы келді. Себебі Қытай мен Үндістан жерге таласып, шекарада оқ атысып қалатыны бар, оған қоса қытайлықтар іргедегі Пәкістанды қолдайды, өз кезегінде Үндістан олармен Кашмир үшін сан жылдар бойы шекісіп келе жатқаны белгілі. Алайда осындай жағдайға қарамай, үнді премьері Нарендра Моди Трамптың антиқытайлық коалициясына қосылуға асықпады. Жалпы, үнді елі саяси блоктан іргесін аулақ салатынын ХХ ғасырдан бері әлемге мәлім еткен. Бәлкім, Неру мұрасы шығар.Не ексең, соны орасың
Сонымен, Трамптың Қытайға қарсы саясатын астыртын кейбір араб елдері (Сауд Арабиясы, Кувейт) және өзі жанұшыра қорғаған Израиль қолдауы мүмкін. Бірақ олар да Қытайдың арзан несиесі мен инвестициясынан арылғысы жоқ. Қысқасы, қарашадағы президент сайлауы жақындаған сайын Трамптың сыртқы саясаты сыр беріп келеді және оның қазіргі әрекеттері өзінің соңғы тұяқты сермеуі секілді көрінеді.