Зеленский террористің тілін тапты
Зеленский террористің тілін тапты
146
оқылды
Үш адамды, егде жастағы кісі, жүкті әйел мен жасөспірімді ке­пілдікке алған террорист мем­ле­кет басшысы Владимир Зе­лен­скийден «Земляне» фильмін кө­рі­ңіздер» деп видео түсіріп, оны әлеу­меттік желі­лерде жа­риялауды талап еткен. Украина президенті бұл талапты бұл­жыт­пай орында­ған. Әлеуметтік же­ліде видео жа­рияланған соң, Мак­сим Кривош кепілге алынған адам­дарды босат­қан. Кейін Украина президенті өз жазбасын өшіріп тастады. Терро­риспен неге келісімге келгенін украин басшысы: «Менің бұл адам­мен сөйлесуімнің себебі – оның аза­мат­тарды босатуға мүм­кіндік туғызуы еді. Біз онымен 7-10 минуттай сөй­лес­тік» деп тү­сіндірді. Владимир Зеленскийдің айтуынша, нәтиже бар, бүкіл аза­мат­тар дін аман. Газета.ru ба­сы­лымына сұхбат берген Феде­ралды қауіпсіздік қызметінің бұрын­ғы қызметкері Алек­сей Филатов украин президен­тінің шешімі дұрыс болғанын, соның арқасында күштік құрылымдарға арнайы операцияны қантөгіссіз өткізуге мүмкіндік туға­нын жеткізген. Әлемде таразы басында адам өмі­рі тұрса да, террористермен мүлдем келісімге келмейтін мем­лекеттер баршылық. Израиль елі лаңкестермен диалог жасауды құп көрмейді. Ресей де бұл мәселеге қатал қарайды. 2004 жылы прези­дент Владимир Путин: «Ресей тер­рористермен келісімге келмей­ді, біз оларды түбірімен құр­тамыз» деп мәлімдеген еді. Мұндай ұста­ным талай қанды оқиғалар мен аяусыз арнайы операциялардың жүзеге асуына әкеп соқты. 2002 жылы Мәскеу театрла­ры­ның біріндегі «Норд-Ост» мюзик­ліне келген көрермендер мен актерлерді бір топ террорист кепілге алды. Тұт­қындарды боса­туға бағытталған опе­рация бары­сында 916 адамның 130-ы қайтыс болған. Бірақ қоғамдық ұйым­дар қаза тапқандар саны 176 деп көрсетіп отыр. Күні бүгінге дейін бұл қанды оқиғаның ақ-қарасы ашылмай келеді. Көпшілік терро­ризмді ақтауға болмайтынын айтады, бірақ екінші жағынан, биліктің ке­ліссөз жүргізбей, Федералды қауіп­сіздік қызметінің қауіпті газды қолдануы құрбандардың артуына әкеп соқты дегеннен та­йынбай отыр. Азамат­тарды кепіл­ге алған Бараевтың тобы Ресейдің Шешенстан Республи­касынан орыс әскерін шығаруын талап ет­кен еді. Бірақ Ресей билігі келіс­сөзге келмеген. 2004 жылы Оңтүстік Осетия­ның Беслан қаласында террорис­тер мек­тептегі 1 100 адамды кепіл­дікке алып, 3 күн бойы келіссөз жүргі­зілді. Ре­сейдің федералды қызметі мектепке күштеп кіріп, соның салдарынан 314 адам қаза тапты. Оның 186-сы – балалар. Терро­рис­тердің де көзі жойылған. Тірі қалған жалғыз лаңкес өмір бойы бас бос­тандығынан айыру жазасына ке­сілді. Күні бүгінге дейін бұл терак­тіні сараптайтын мамандар бейбіт тұрғындардың теракті салда­рынан емес, күштік құрылымдардың келіссөзді әрі қарай жалғастырмай, мектепке баса-көктеп кіруінен болды деген пікірде. Бүгінде Зеленскийдің адам өмірін сақтап қалып, террорист талабын орындауын Ресей БАҚ-тары қатал сын тезіне алып жатыр. Оларға сен­сек, бұл терроризмнің легитимді жү­йеге өтуіне әкеп, оның салдары билік үшін қиын болмақ. Ал әскери сарап­шылар, керісінше адам өмірін сақтап қалуға мүмкіндік болса, оны со­ңына дейін қолдануға талпыну қа­жетін айтады. Түптің түбінде, жаңа әлем­де күштік құрылым­дардың қы­рып-жоям ұстанымы құрдымға кетіп, адам өмірін сақтап қалу үшін тіпті терро­рис­термен келісімге келу тәжі­ри­­бесі­нің басы көрінді.  

Кәмшат АЙТБАЙҚЫЗЫ