Биыл Шымкент қаласындағы 4 ауданға 1 млрд теңгеден қаржы бөлінгені белгілі. Жоғарыда атап өткен абаттандыру жұмыстарына осынау қаржының 800 миллион теңгеден астамы жұмсалып отыр. Одан бөлек, «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында көпқабатты тұрғын үй ауласын абаттандыруға республикалық бюджеттен 75,8 млн теңге бөлінген.
Айта кетейік, аталмыш нысандар тамыз-қыркүйек айларында пайдалануға берілуі қажет. Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов Еңбекші ауданындағы абаттандыру жұмыстары барысын көріп, бірқатар ескертпелерді атап өтті. Жұмыстың сапасына баса назар аударған қала басшысы орындықтар мен кіші архитектуралық формалар сияқты орнатылатын элементтерді сапалы материалдардан пайдалану қажетін ескертті. Ал Еңбекші ауданының әкімі Ғалымжан Ильясов атқарылып жатқан жұмыстарды баяндай келіп, биыл бұдан бөлек, 6 ашық спорт алаңшасы мен аула аралық тозығы жеткен 8 мекенжайдағы баспалдақтардың қайта құрылып жатқанын жеткізді. Сонымен қатар келер жылы аудан аумағындағы 100-ден аса үйдің ауласы жөнделіп, балалар ойын алаңдарын қайта құру жоспарланып отыр екен.
Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы