Еңбек майдангерлері қайда?
Еңбек майдангерлері қайда?
313
оқылды

Еңбек ердің атын шыға­рады. Ертеңгі күніне сенім сыйлайды. Жаңа белеске көтереді. Кеңес Одағы кезінде ерен еңбегі үшін Социалистік Еңбек Ері атағы берілетін. Атаққа иелер күн-түн демей егіс даласында жүргендер, мыңғыртып мал айдаған­дар. Қарасаңыз, дені атақ­ты ауыл шаруашылы­ғы, агроөнеркәсіп сала­сын­да алған. Осыған қарап қазақтың икемді тұсын байқайсың. Сол жылдары ғылым мен техника да ауыл шаруашылығы арқылы дамыған деседі.

Социалистік Еңбек Ері атағы 1938 жылы 27 желтоқсанда КСРО Жоғарғы кеңесі төрал­қасының жарлығымен бекітілді. 1986 жылға дейін ҚазКСР-де 1 792 адам Социалистік Еңбек Ері атағын алыпты. Соның ішінде бұл атақты Н.Алдабер­генов, Н.Го­ловацкий, Ы.Жақаев, Н.Куз­нецов, Ж.Қуанышбаев екі рет иемденген. Дінмұхамед Ах­метұлы Социалистік Еңбек Ері атағын үш мәрте алған.

 

Жақаев агротехникасы

«Жақаевшылар қозғалысы», «Ыбырай Жақаевтың еңбек аттестаты», «Жақаевшылар мек­тебі» оқырманға жақсы таныс. Даңқты күріш өсіруші «еңбектің наны тәтті» екенін дәлел­де­ген­дердің бірі. Күріш өсіру техно­логиясын зерттеу арқылы «Жа­қаев агротехникасын» жасап шығарған тұлға. Тұқым себу алдында егісті күнге қыздыру, көң мен суперфосфат ерітіндісіне бөктіру, қамыс пен күрмек арамшөптерімен күрес жүргізу сынды шараларды өндіріске әкелді. Технологиялық әдіс же­місін беріп 1944 жылы кү­ріштің әр гектарынан 110 ц, 1945 жылы 156 ц күріш алды. 1947 жылы бекітілген тәжірибе учаскесінің әр гектарынан 172 ц өнім алып, дүниежүзілік рекорд жасады. 1948-1957 жылдары 20 га жердің әр гектарынан тұрақты түрде 150-170 ц өнім алды.

Тылдағы ерен еңбек соғыс­тағы жауынгерлерге деген үлкен көмек болды. Ыбырай Жақаев бастаған еңбеккерлер Отан қор­ғау қорына арнап танк ко­лон­на­сын жасауға 150 мың сом қаржы берді. Маңдай термен кел­ген еңбек ақталды. Атақ үшін емес, Отан үшін әрекет етті. Жас­тар арасына үндеу тастап «Жас­тар, сендерді ақ күрішті алқап күтеді» деді. Осыдан кейін республикада «Жақаевшылар қозғалысы» бас­талды. Мыңдаған жас күріш тех­нологиясын мең­геріп, кеудесінде Қызыл жұлдыз жарқырауы үшін аянбай еңбек етті. Жастарды жі­герлендіру мақ­сатында Қызылор­дада «Ыбы­рай Жақаевтың еңбек ат­тестаты» пайда болды. Респуб­ли­­калық «Жақаевшылар мек­тебі» жұмысын бастады.

 

Байлық – малда

Бір ғана Ақтөбе облысын ал­сақ, 1948-1949 жылдары 67 Ең­­бек Ері шыққан екен. Қы­зы­ғы, түгелдей мал шаруа­шылығы саласының үздіктері. Соның ішінде 12 малшы Ленин орде­німен марапатталыпты. Ырғыз ауданы «Басқұдық» колхозының аға шопаны Құтмәмбет Ақбанов 1948 жылы әр 100 саулық қойдан 123 қозы алыпты. Темір ауданы «Кеңесту» колхозының аға шо­паны Керей Артықбаев 100 сау­лықтан 120 қозы алған екен. Байғанин ауданы «Ноғайты» колхозының аға шопаны Ораз Түркин болса 100 саулықтан 148 қозы өсірген. «Социалистік жол» газеті деректеріне сүйенсек, 1948 жылғы мал саны 1947 жыл­мен салыстырғанда 50 пайызға жоғары болыпты. Мүйізді ірі қара 29,6 пайызға, қой-ешкі 58,8 пайызға, жылқы саны 48,5 пайызға өсіпті.

Жайылым жайлы болып, мал көбейген шақта техника мен ғылымға көңіл бөлу басталыпты. Колхоздарда шағын электр стан­саларын салуға ірі кәсіпорындар көмек қолын созыпты. Партия талабы бойынша әр кәсіпорынға бірді-екілі ауылдан бөліп беріпті. Ферроқорытпа зауыты, Ақтөбе көмір тресі, Шұбарқұдық паро­воз депосы қамқорлыққа алған колхоздарға құрылыс материал­дарын, электр жабдықтарын жеткізіпті. Нәтижесінде, 1948 жы­лы облыста 31 шағын электр стансасы бой көтеріпті.

Кеңес өкіметі кезінде бес­жылдыққа арналған жоспардың орындалуы үшін қаржы қажет болатын. Сондайда үкімет қар­жыны заем ретінде кәсіпорын­дардан қарызға алыпты. Мұны «халықтан қарыз алу» деп атап­ты. Сонда шаруашылық өкілдері үкіметке 32 миллион 669 мың сом қарыз берген екен.

 

Құлшыныс

Кеңес жылдары халық қолы­нан келгенін істеді. «Білмеймін емес, үйренемін» деп жауап бер­ді. Түркістан – Сібір теміржолын салып, қант қызылшасын өсірді. Тұрғын үй, орталық мәдениет үйі, кеңсе, балабақша, орта мек­теп, аурухана құрылысы қызды. Еңбек мәдениетін қалыптас­тырғанда ғана елде даму бола­тынын ескерді. Осындайда ұжым бригадирлеріне сенім айрықша болатын. Ісін артығымен атқар­ғандардың бірі Нұрмолда Алда­бергенов еді. Ұжымшар эконо­микасын көтеріп, асылтұқымды мал фермасын құрды. Ауылда қала үлгісінде құрылыс салу жұ­мыстарын жүргізді.

Қазақстанның еңбек айды­ны­нан малшы-селекционер шық­ты. Жазылбек Қуанышбаев «Ке­ңес» серіктестігіне малшы бо­лып кіріп, аға шопан дәреже­сіне жетеді. Алматыда өткен ауыл шаруашылығы көрмесінде будандастырған мал тұқымдарын көріп, қызығып қайтады. Келі­сімен қылшық жүнді қойды қаракөл қойымен будандастыру ісін жүргізеді. Ұлы Отан соғы­сынан кейін тоқтап қалған се­лекция жұмысын жандандырып, құнды елтірі беретін қаракөл қойын өсіреді.

 

Жанкештілік

Жетістіктің астарында жан­кештілік бар. Ол Социалистік Еңбек Ері атанғандармен дәлел­денген. Егін даласында, қар астында, құзда жүріп өзіне бе­рілген тапсырманы орындауға деген жігер көмектескен. Осыған қатысты қаншама мысал бар. Егін үсіп қалмасын, мал жоғалып кетпесін, саны сұралады деп ісін абыроймен атқарған. «Социа­листік жолдағы» мына мысалға таңдай қақпауға болмас. «Ақ­шат» колхозының 115 жылқысын 67 жастағы Шәріп Жаппаров қарт бағыпты. Қаңтардың аяқ кезіндегі суық пен боран жыл­қы­ны ықтырады. Шәріп қарт
4 күн бойы жылқылардың жаны­нан кетпей, бірге болады. Быты­ратпай қайырып, адырдың ығы­на иіріп, аман сақтап қалады.
5 күн дегенде жылқышыны іздеуге келгендер тауып алады.

Сол кезеңде жауапкершілік жаннан тәтті болған сыңайлы. Адырда қалған мал саны, белгі­ленген егін центнері, зауыттағы өнім мөлшері еңбек адамының өміріне айналды. Қазақ дала­сында еңбек менталитеті қалып­тасты. Жастар жаппай еңбекке араласты. Өйткені олардың ал­дында стимулға айналған тұлға­лар ­болды. Жақсы нәтиже көр­сет­кендерді демеп, әлеуметтік көмек көрсетілді. Өз кезегінде олар ауылдың дамуына үлес қос­ты. Электр стансаларынан бас­тап, радио байланысын орнатуға жәрдемдесті.

Халық өзінің пойыз вагоны екенін ұғынды. Рельстен шығып кетпей, тоқтап қалмай жүру бір-біріне байланысты екенін тү­сінді. Бір бағытты дамыту үшін екіншісі аянбай еңбек ету ке­ре­гін білді. Нәтижесінде, агроө­нер­­кәсіп дамыды, ауылға жарық келді, қала салу басталды, ел тұрмысы жақсарды. Мектеп салу, мәдениет үйін тұрғызу жұмыс­тары жүрді. Жағдай дұрыстал­ғасын, ғылым мен білімге, мә­дениетке назар аударылды. Еңбек адамының күшімен театр, ғалымдар үйі, өнер мектебі бой көтерді. Қуанышбаевтың көр­меден көргенін жүзеге асырғаны сияқты, олар да шетелге шығып, жан-жақты көріп, білім жинады. Толысқасын жеке мемлекет болу қамына кірісті. Тәуелсіз Қазақ­стан өрісін кеңейтіп, жаңа ғасырға дайындық жасады.

Қазіргі еңбек мектебінің күйі мәз емес. Менталитет өзгерген. Білім мен ғылымға көңіл бөлін­генмен, еңбек майданы иесіз. Қазақстанның Еңбек Ері атағы әлі де бар. Соңғы он жылда атақ алғандарға үңілсеңіз, ауылша­руа­шылық өкілдерін бірді-екілі жерде кезіктіресіз. Неліктен? Қазақтың артықшылығы жерінің құнарында, малдың етінде еке­нін алыс-жақын шетел жақсы біледі. «Айқында» сан мәрте елдегі ауыл мен мал шаруашылы­ғына қатысты мақала жарық көр­ді. Ірі қара өсіру, қой будан­дастыру ісі, астық егу шаралары жайы жа­зылды. Қой өсіруден көш бас­таған Моңғолияда жайылым жер көп екені белгілі. Түркия болса қорада қой бағып, үштікке кіріп отыр. Жер көлемі жағынан 9-орындағы мемлекет ауыл мен орман ша­руашы­лы­ғынан ақсап тұр. Жас­тар сана­сында қазаққа қызмет ету «крес­лода отырумен» өлше­нетінге ұқсайды. Үкімет агроөнер­­кә­сіпті қолға алу үшін жыл сайын грант бөледі. Ауыл шаруашы­лығын оқуға талпына­тыны аз. Биікке шығу үшін бас­палдақ керек емес пе?


Айзат АЙДАРҚЫЗЫ