Аппаратты 3 есе қымбатқа сатып алған

Аппаратты 3 есе қымбатқа сатып алған

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі аталған факт бойынша тергеу амалдарын бастап кетті. Олар Президенттің дәрі-дәрмекті алыпсатарлық фактілерінің жолын кесу жөнін­дегі тапсырмасын орындауға барынша күш салған. «Еліміздің барлық өңірінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет, «Адалдық алаңы» жо­балық кеңселері, арнайы мони­торинг тобы, сондай-ақ азаматтық белсенділерден құрылған жұ­мыс топтары 2 500-ден астам дәріханаға, 200 медициналық бұйым қоймасына, 250 аурухана мен емханаға мониторинг жүргізді. Жұмыс нәтижесінде 200-ден астам заңбұзушылық анықталды», – деді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Парасат департаментінің директоры Ғанижан Асанұлы онлайн баспасөз мәслихатында. Оның айтуынша, елордалық дәріханаларда амлодимед және цеф-3 препаратының бағасы қымбат бағада сатылған. Ал Қа­ра­ғанды, Ақмола, Жамбыл және Павлодар облыстарында дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды азық-түлік базар­ларында және дүкендерінде қайта сату фактілері анықталған. Сонымен қатар Нұр-Сұлтан қаласында, Түркістан және Маңғыстау облыстарында өз қызметін лицензиясыз жүзеге асырған дәріханалар анықталған. Ал Қостанай облысында облыстық аурухананың лауа­зымды тұлғасына қатысты өкпені жасанды желдету аппаратын 35%-ға жоғары бағамен жеткізуге шарт жасасу фактісі тіркелген. Нақты бағасы 520 мың теңге болған жағдайда сатып алу 702 мың теңгеге жоспарланған.   

А.ЖОЛДАС