Бірлестік пандемия басталғанда-ақ азық-түлік пен дәрі-дәрмек алуға жағдайы келмейтіндер үшін жедел желі ашты. Төтенше жағдай кезінде азық-түлік пакеттерін жасақтаумен, таратумен айналысты. Олар медицина мекемелеріне ыстық тамақ ұйымдастырды, дәрігерлердің балаларын да назардан тыс қалдырмады. «Төтенше жағдай жарияланған кезде Қазақстандағы барлық волонтерлердің бастамасын біріктіріп, сенім телефонын аштық. Ондағы мақсат – тұрғындардың мұқтаждығы мен талаптарын білу еді. Осы уақыт ішінде біздің волонтерлер тұрғындардан түскен қоңыраулар бойынша жұмыс жүргізді. Сенім телефонымызға көп адам еріктілер қатарына қосылу туралы өтінішпен де хабарласып жатты», – деді бірлестік жетекшісі Вера Ким Орталық коммуникация қызметінде өткен онлайн брифингте. Оның айтуынша, төтенше жағдай кезінде 2 мыңнан астам адам көмек сұрап қоңырау шалған. Арасында зейнет жасындағы адамдардың үлесі басым. «Бірлестік бүгінге дейін 851 отбасына көмектесті. Бізден бір рет көмек алып, енді басқаларға көмектесіңіздер деген адамдар да болғанын атап өткім келеді. Қазіргі уақытта жалғыз қалған адамдар өмірдің қиындығымен бетпе-бет келіп тұрғанын айту керек. Ондай санаттағы адамдардың біразы – егде жастағылар. Оларға бір рет апарған азық-түлік 1-2 аптаға ғана жетуі мүмкін. Кейде бізге екінші рет хабарласатын зейнеткерлер де болады. Ондайда қаражатымыз болса, міндетті түрде азық-түлік апарып береміз», – дейді ол. Бірлестік құрамындағы автоволонтерлер Take Eat Easy Highvill мейрамханасында дайындалған дәмді тағамды медицина қызметкерлеріне аптасына үш рет жеткізуді мойнына алған. Аталған мейрамхана өзінің ас үйі мен командасының күшін COVID-19-бен күресіп жатқан медицина қызметкерлерін дәмді тамақ дайындау үшін қолдану туралы шешім қабылдағаны қуантады. Олар осындай күрделі кезеңде медицина қызметкерлеріне көмектесе отырып, қоғамға көмектесеміз, қолдауы бар дәрігер көп адамды емдеп, аурудың төмендеуіне әсер етеді деп санайды. Өкініштісі, пандемия кезінде волонтерлер арасында ауру жұқтырып алғандары да кездесті. Вера Кимнің айтуынша, төтенше жағдай кезінде волонтерлік іс-шаралардың барлығы да қажетті қауіпсіздік талаптарын ескере отырып жүргізілген. «Біздің командада жұмыс істеген еріктілердің ешқайсысы ауырмады. Бірақ біздің достарымыздың, серіктес ұйымдардың арасында коронавирус инфекциясын жұқтырған волонтерлердің бар екенін білемін. Бірақ олар ерікті қызметін көрсету кезінде инфекция жұқтырды ма, жоқ па – айту қиын. Әйтсе де, волонтерлердің шынымен де вирус жұқтырғаны расталған», – деді. Қалай десек те, волонтерлер еңбегі ерлікке тең. Олар бейбіт күннің батырлары деген атқа әбден лайық.
Айдана БЕГІМ