Жайын ұстағыш Жайынов
Жайын ұстағыш Жайынов

Батыс Қазақстан облысының Қазталов ауданына қарасты Қайыңды ауылының тұрғыны, кәнігі балықшы Асұлан Жайыновтың, әсіресе, жайын ұстап танымал болып жүр. Ол осыдан бірер жыл бұрын ауыл іргесіндегі Қараөзеннен әуелі 45 келі, кейін 90 келі жайын ұстап, жұрттың аузын аштырып, көзін жұмдырған еді. Қолы қанды балықшының үшбу жетістігі туралы сол кездері облыстық, республикалық газеттер жарыса жазған-ды.

Енді, міне, Асұлан жайын ұстаудан өзінің төл рекордын жаңартпаса да, тағы да айды аспаннан бір-ақ шығарды. Бұл жолы оның қармағына бірінің салмағы 65 келі, ал екіншісі 20 келі тартатын қос жайын ілінген екен.

Атақ-даңқы ауыл-аймағынан алысқа та­раған балықшыны құрдастары «Ұзындығы са­лақұлаш, салмағы ондаған келі тартатын үлкен жайындар Асұланның фамилиясы Жайынов екенін біліп, әдейі түседі» деп қағытса, үлкендер жағы «Ай, бұл бала өзінің арғы атасының атын иеленген балық атаулыға жаудай тиді-ау...» деп әзілдейтін көрінеді. Ал мұндай әзіл-шыны аралас алып-қашпа сөзге пысқыр­майтын қолы қарымды, қармағы қанды балық­шы бауырымыз қазірдің өзінде қанжығасын майлаған жайындардың етін тұздап, алдағы алты ай қысқа қам жасауда.

 

Бауыржан ФАЙЗОЛЛАҰЛЫ,
Батыс Қазақстан облысы