Біз неге жабайымыз? Дала өртіне өзіміз кінәліміз

Біз неге жабайымыз? Дала өртіне өзіміз кінәліміз

Биыл дала өрті қаулаған жыл болды. Жаз ортасынан ауа бере жер-жерде ана жерде өрт, мына жерде өрт деген хабар күнделікті жаңа­лық­қа айналды. Бұл да – қазақ даласы үшін көк­темдегі қара судың ауылдарды басуы сияқ­ты апат. Қайғылысы сол – адам өлімі де бар.

Жақында WhatsApp арқы­лы ауылдан жаңалық жетті. Әбіл деген ағамыздың Аққияқ деп аталатын жердегі шабын­ды­ғы өртеніп кетіпті. Үш-ақ көпене шөбі жанбай қалған. Ауыл болып өрт сөндіруге бар­ған, сонда да өрт әзер ауыз­­дықталған екен. Бұрын ауыл маңында өрт шыға қал­са, бүкіл ауыл болып көтері­ле­тін. Қазір де жұмылады. Бірақ ауылда өрт сөндіруге баратын адамдар да қалмады-ау. Біреуі – вахтада. Енді бі­реу­­лері баяғыда ауылды тас­тап, басқа жаққа көшіп кет­кен. Осының кесірінен шар­уа қандай шығынға ұшы­ра­ғанын өзіңіз бағамдай бері­ңіз.

Бұл өрт еліміздегі барлық өңірді шарпып жатқаны рас. Мысалы, Қарағанды облысы Қарқаралы ауданы Қарқара­лы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің Бақты орман шаруа­шы­лығының аумағында құр­ғақ шөп жанып, өрт орман­ға таралған. Бұл туралы Ішкі істер министрінің орынба­сары Юрий Ильин Министр­ліктер үйінде өткен баспасөз мәслихатында: «Дала өрті бойынша Қарағанды облы­сын­дағы ахуал қиын – мұнда­ғы жалпы өрт көлемі 2,7 мың гектарға жетті. Оны сөндіруге Орман шаруашылығы коми­теті, жергілікті атқару ор­гандарының және ІІМ бөлім­шелері жұмысқа тар­тылды. Өртті оқшаулап, сөндіру үшін қосымша тікұшақтар бердік», – деді.

Жамбыл облысындағы Ақкөл орман шаруашылы­ғы­на қарасты Шабақты жерінде ірі өрт болып, салдарынан ауқымы 50 гектар қураған шөп пен сексеуіл ағаштары жанып кетті. Өрт сөндіру­ші­лер қызыл жалынмен үш күн бойы арпалысқан болатын. Облыста жыл басынан бері 11 дала өрті тіркеліп, 37 мың гек­тар жер жанып кеткен. Алдын ала болжам бойынша қор­шаған ортаға 3 миллион теңгеден астам шығын келіп отыр.

Бұл жерде айта кетер мәсе­ле, бізде тек мемлекетке кел­г­ен шығынды ғана есеп­теп, сол жерді жалға алып отырған шаруа қожалықтары­ның шеккен миллиондаған зардабы хатталмайды.

Шығыс Қазақстан және Ақмола облыстарында да дала өрті өршіп тұр. 9 тамыз күні Шығыс Қазақстан облы­сының Төтенше жағдайлар депар­таментіне Күршім ауда­ны Құйған ауылынан 15 шақы­рым жерде далалы ал­қап өртеніп жатқаны тура­лы хабарлама келіп түскен. Мұнда да шамамен 800 гектар аумақта құрғақ шөп өртенген.

Сол күні Ақмола облы­сы­ның Төтенше жағдайлар департаментіне Ерейментау ауданы Қойтас ауылдық окру­гінің Масақпай мал жайылым учаскесіндегі дала өрті туралы хабарлама түскен. Мұнда 280 гектарда құрғақ шөп отқа оранған.

Алматы аумағында және Алматы облысының «Думан» ықшамауданында, сондай-ақ Талғар ауданының Бесағаш ауылында құрғақ шөп өртен­ген. Ал Панфилов ауданында дала өртін сөндіру кезінде 3 адам қаза тапты, 7 адамды түрлі дәрежеде күйік шалды.

Ақтөбе облысында жыл­дың алғашқы тоқсанында 20 дала өрті болса, былтырғы жылы бұл уақытта тек 4 дала өрті тіркелген. Соның сал­дары­нан 2 800 гектар жер алқабы өртке оранды. Өрттің басым бөлігі Хромтау, Мәр­төк, Қарғалы, Ойыл, Шалқар аудандарында болған...

Жазып, айта берсек мысал жеткілікті. Иә, бұл өртті табиғи апат деп табиғаттың мойнына арта саламыз. Сөйтіп, кінәмізді мойын­дағымыз келмейді. Айтар болсақ, осы дала өртінің көбі өзіміздің салғырттығымыздан орын алады. Темекі шегіп, сөндірмей тастай салу, сіріңке жағып отпен ойнайтын ойын баласы да өртке басты себеп. Таза ауаға шығып, далаға барып демалып, от жағып тамақ пісіріп, артынан ошақ­тағы отты сөндірмей кететін де өзіміз. Иә, кейде қатты желдің салдарынан бағана бойындағы ток сым­дары бір-біріне тиіп, тұйық­та­лып, өрт шығу қаупін тудырады. Деген­мен бұндай оқиға аз тіркелген.

Айтар болсақ, демалыс орнынан кетерде міндетті түрде шоқты сөндіріп, күн сәулесі түсіп тұрған жерге бөтелке немесе шыны сыны­ғын тастамай жинап алсақ, қарапайым ғана нәрсе, теме­кі­мізді өшіріп тастасақ бол­ды емес пе?! Мұндай ала­пат өрт болмас еді. Дала өртіне өзіміз себепші екенімізді түсінетін уақыт жеткен сияқты!


Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ