«Мені жертөледе қинап ұстап отыр»: Полицияға өтірік айтқан Павлодар тұрғыны жазаланды
«Мені жертөледе қинап ұстап отыр»: Полицияға өтірік айтқан Павлодар тұрғыны жазаланды
фото: ашық дереккөз
Биыл полицейлер «102» арнасына 57 500-ге жуық қоңырау қабылдады. Оның 17-сі жалған болып шықты, деп хабарлайды Рavlodarnews.kz. Өңірлік полиция департаменті баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, полиция қызметкерлері қызметінің маңызын түсінбей және салдары туралы ойламай, өзінің жеңіл мінез-құлқынан немесе мас бола тұра адамдар полицияға жалған шақыру жолдайды. Ал жалған хабар бойынша шыққан полицейлер азаматтардың өмірі мен денсаулығын сақтау үшін дәл осы сәтте қажет болуы мүмкін уақытты жоғалтады. Полицияға келіп түсетін барлық қоңыраулар тіркеледі және тексеріледі. «Мысалы, «Теле-2» операторына көмек көрсету туралы өтініш келіп түсті. Қоңырау шалған ер адам өзін таныстырмады және оны жертөледе белгісіз адамдардың ұстап отырғанын және қолдары байлаулы әрі басқа адамға қоңырау шалуға мүмкіндігі жоқ екенін түсіндірді. Оператор жедел түрде полицияға шақыру берді», - дейді департаментте. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында қоңырау шалған адам анықталды. Өз қылығын ол жалғыз ішімдік ішіп отырып, ойдан шығарғанын айтып түсіндірген. Осылайша қаскүнем өз кінәсін мойындаған. Аталған фактіге қатысты ол Әкімшілік құқық бұзу кодексінің 438-бабы 1-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды.