«Қазақфильм» киностудиясына Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының басқарма төрайымы Гүлнәр Сәрсенова бастаған делегациясы келді. «Қазақфильмнің» президенті Ақан Сатаев қонақтар үшін киностудия аумағы бойынша экскурсия өткізіп, ҰКҚМО өкілдерін түсірілім павильондарының, жабдықтар паркінің, реквизиттер мен костюмдердің жай-күйімен таныстырды, сонымен қатар қазіргі таңдағы мәселелер мен алға қойған жоспарларымен бөлісті. «Қазақфильмнің» басшысы алдағы жаһандық модернизация барысында киностудияны қажетті заманауи техникамен жабдықтауға көмектесетінін қазақстандық киноиндустрияның үздік мамандарын (сұранысқа ие операторлар, дыбыс инженерлері, суретшілер, монтаж және компьютерлік графика мамандары мен басқа да кино саласындағы қызметкерлер) кеңесшілер ретінде шақыратынын айтты. Ақан Сатаев шығармашылық мамандардың жұмысының тиімділігі мен жайлылығын арттыратын ерекше атмосфера құруды жоспарлап отыр. ҰКҚМО басқарма төрайымы Гүлнәр Сәрсенова киностудияның жаңа басшылығының бастамаларын қолдады, жұмысына сәттілік тілеп, жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екендіктерін білдірді. «Қазақстандық киноиндустрияны дамыту – біздің ортақ ісіміз. Сонымен қатар, біз Қазақстанда кино түсіруге үлкен қызығушылық танытатын шетелдік кино өндіруші компаниялар үшін лайықты техникалық база құруымыз керек», – деп түйіндеді ол.