Ағаш ұстасы әкімнің орынбасары болып тағайындалды
Ағаш ұстасы әкімнің орынбасары болып тағайындалды
Фото: Интернеттен алынды
147
оқылды
Нұр-Сұлтан қалалық әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, қала әкімінің орынбасары Алтынбек Қайсағалиевтің басқа жұмысқа ауысуына байланысты Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары тағайындалды. Бас қаланың онлайн-активінде елорда әкімі Алтай Көлгінов А.Қайсағалиевке үлестік құрылыс мәселелерін шешуге бағытталған жұмысы, су тасқынына қарсы іс-шараларды табысты өткізгені, «Нұр-Сұлтан — жайлы қала» мастер-жоспары қағидаты бойынша қоғамдық кеңістіктер мен аулаішілік аумақтарды дамытып, басқа да бірқатар маңызды міндеттерді табысты орындағаны үшін алғыс білдірді. Президент Әкімшілігінің келісімімен әкімнің орынбасары қызметіне 47 жастағы Нұрлан Солтамбеков тағайындалды. Ол 20 жылдан астам уақыттан бері мемлекеттік қызметте еңбек етіп келеді. Мамандығы — инженер-құрылысшы. Еңбек жолын ағаш өңдеу цехында ағаш ұстасы болып бастады. Әр жылдар бойы басқармаларда қызмет еткен. 5 жыл бойы елорданың коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары лауазымында жұмыс істеді. Соңғы жылдары Нұр-Сұлтан қаласының көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасын, Отын-энергетика кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасын басқарды. Меритократия қағидатына сәйкес, бас маманнан қала басшысының орынбасарына дейін қызмет атқарған.