Мемлекеттік сатып алуларды сараптап жаза алатын журналистер пулы қалыптасты
Мемлекеттік сатып алуларды сараптап жаза алатын журналистер пулы қалыптасты
207
оқылды
Маңғыстау облыстық Азаматтық альянсы бюджет ашықтығы және мемлекеттік органдардың есептілігі аясында Маңғыстау және Батыс Қазақстан облысы журналистеріне жариялаған байқаудың қорытындысына орай баспасөз конференциясын өткізді. Шараны ұйымдастырушы әрі бірлестіктің президенті Жібек Ахметова журналистердің кәсіби біліктілігі, әсіресе бюджен тақырыбын талдап жаза алу бүгінгі күннің басты сұранысына айналғанын айтты. – Алып отырған тақырыбымыз қазіргі таңда өте өзекті. Қазақ тілді журналистер анализ жасауды, ашық деректермен жылдам жұмыс істей білуі қажет. Осы орайда біз аймақтық тілшілердің біліктілігін арттыру мақсатында семинар тренингтер ұйымдастырып, білікті мамандарды тартып, бірнеше дәрістер бердік. Нәтижесі көп күттірмей аймақтық және республикалық БАҚ беттерінде көлемді зерттеу материалдар жарияланды, – деді Жібек Ахметова. Тренинг нәтижесінде көлемді, жан-жақты зерттелген 13 мақала жазылды. Шілде айында іріктеу комиссиясының отырысы өтіп, маңғыстаулық 3 журналист пен Батыс Қазақстан облысының 2 тілшісінің мақаласы іріктеліп, үздік деп танылды. Жобаға қатысушылардың бірі, Mangystaumedia.kz сайтының тілшісі Жұлдызай Қалиева сабақтардың зерттеу жұмыстарына көп көмегі тигенін айтты. – Жалпы мұндай тренингтер журналистер үшін өте қажет. Өйткені қазір журналистика саласы үздіксіз даму үстінде. Зерттеу жұмысымда мен Жаңаөзен қалалық білім бөлімінің мемлекеттік сатып алу порталына жариялаған тендерін зерттедім. Яғни, Алматыдан келетін оқулықтармен оқу әдістемелік құралдардың қаншаға, қанша қаржыға келетінін, соның құнын есептедім. Өткен жылдармен салыстырып материал жаздым. Нәтижесінде үздік атанып шықтым. Қуаныштымын, – дейді жеңімпаз. Ұйымдастырушылар журналистердің әлеуетін арттыруға арналған тренингтер алдағы уақытта жалғасатынын айтты. Айта кетейік, Маңғыстау облыстық «Азаматтық Альянсы» өткен жылдан бастап Қазақстандағы АҚШ елшілігінің қолдауымен «Мемлекеттік органдардың есептілігін қазақ тілді журналистер арқылы нығайту» жобасын жүзеге асырып келеді. Айта кетейік, ең үздік деп танылған 5 мақала авторларына $1000 сыйақы тағайындалды.