Әлеуетті ел әуемен қозғалады
Әлеуетті ел әуемен қозғалады
169
оқылды

Қазақстанда әуе тасымалы саласы кері кетуде. Жағдайды ел тарихындағы тұңғыш лоукостер – FlyArystan әуекомпаниясы да, сондай-ақ Open Sky «ашық аспан» саясаты да түзей алмағанға ұқсайды. Биылғы бірінші жартыжылдықтың қорытын­дысы бойынша республи­када тек 3 миллион 650 мың жолаушы әуе жолымен сапарлаған. Өткен жылы бұл көрсеткіш 3 миллион 760 мыңнан асқан болатын.

Яғни, былтырдан бері 110 мың­­дай жолаушы ұшақтардан бас тартып, өзге көлік түрлерін таң­дағандықтан, сала 3%-дан артық­қа құлдырап кетті. Салыстыру үшін айтсақ, көліктің барлық түр­імен жеткізілген жолау­шы­лардың жиынтықты көлемі қайта 2,7%-ға ұлғайып отыр. Демек, артқа тартқан әуе тасымалын айт­пағанда, сала тұтастай алғанда, ілгерілеуде.

Бұл мәселені «Атамекен» кә­сіпкерлердің ұлттық палатасы да назарда ұстап отыр. КҰП төрал­қасының Логистика және тасы­мал комитетінің азаматтық авиа­ция қосалқы комитетінің оты­ры­сында түйіні шиеленіскен түйт­кілдер жайында қызыл­ке­ңір­дек болып айтысқан атқарушы билік­тің жауапты тұлғалары, әуежайлар мен әуекомпаниялар өкілдері ортақ пікірге тоқайласа алмады.

Әуежайлар өкілдерінің бай­ламынша, мемлекеттік органдар «ашық аспан» қағидатын толық­қанды сақтамайды және ха­лықаралық тасымалдаушыларды шектейді. Соның кесірінен, Тби­лиси мен Баку отандық әуежай­лардың алдын орап, транзиттік ұшақтарды өздерінде қабылдап, табыс тасқынын жолай бұрып әкетіп жатыр. Таяуда олардың қатарына Ташкент пен Бішкек қосылады деп күтілуде.

Нәтижесінде, өзге елдерде нарық ойыншылары көбейіп, бәсекелестік артып, азаматтар мен жүктер үшін әуе тасымалы қолжетімді бола түссе, ал Қазақстанда билет бағасы, бағаж жөнелту құны жыл өткен сайын тек қымбаттауда.

Бірақ өз кезегінде тасымал­дау­шылар отандық нарыққа кі­руде ешқандай шектеуді байқа­мағанын айтады. Олардың па­йымдауынша, жаһандық алпауыт компаниялар Қазақстанға келуге асқан ынта-ықылас танытып отырған жоқ. Ал авиабилеттердің арзандамауына әуежайлар ұсы­натын ұшақ отынының қымбат­тығын себепкер санайды.

Үкімет өкілдері болса, Open Sky деген аспанды ашық-шашық тастап, кім көрінгенге көкте бас­сыздық танытып, бетімен сайран салуына жол беруді білдір­мей­тініне табандайды. Сөйтіп, қатаң реттеуден бас тартқысы келмейді.

– «Ашық аспан» – еш шек­теусіз ұша беруге болады деген сөз емес! Бұл тараптардың өзара келісімге келіп, өз позицияларын белгілеп, өзіне міндеттеме алуын білдіреді. Біз 5 жыл бұрын әуе кеңістігін кезең-кезеңмен либе­рализациялауға көштік. Осы уа­қытта түсінгеніміз: шетелдік та­сымалдаушылардың ешқайсысы біз арқылы транзитті дамытпайды, шетелдіктер тек төл желілерін дамытуға мүдделі. Еуразиялық одақ аясында да ашық аспан сая­саты қолданылады, онда одақтас елдер арасында ашық бәсекелестік болады. Осыған орай өзара стан­дарттарымызды үйлестіріп жа­тыр­мыз, бұл қандай да бір ел екін­шісіне қысым жасамауы үшін қажет, – дейді Индустрия және инфрақұрылымдық даму ми­нистрлігінің Азаматтық авиация ­ко­ми­тетінің төрағасы Талғат Ластаев.

Алматы әуежайының өкілі жүк және жолаушылар тасы­малының төмендеу үрдісі жүріп жатқанын растады.

– Біз жүктің де, жолаушы­лардың да тасымалы азайып бара жатқанын аңғарудамыз. Алматыда туризм басымдықты сала деп анықталды. Саяхатшылар үшін біздің қала елордаға қарағанда әлдеқайда қызықты. Сондықтан Алматы әуежайына «ашық аспан» мәртебесінің тағайындалуы әлде­қайда үлкен тиімділік пен нәтиже әкелері анық. Бізде тұрғындар саны да көп, жеке бизнес бел­сендігі де жоғары. Алайда бар­лық халықаралық бағыт Нұр-Сұлтан қаласы арқылы жобала­нып, пысықталады. Бұл ел орта­лығын әлемдік орталықтармен қосу үшін жасалатыны алға тар­тылады. Ал Алматыға тасымал­даушылардан айырылып қалу қаупі төнуде. Өйткені Ташкент, Бішкек қала­ларының әуежай­ла­рына өз үкі­меттері «ашық аспан» мәртебе­сін беруді жоспарлау­да, – деп алаң­дайды «Алматы ха­лықаралық әуежайы» АҚ-ның авиациялық маркетинг жөніндегі директоры Абдул Құсаев.

Бұл мәртебеден бас қала іргесіндегі ең ірі шаһар да дәмелі. «Сарыарқа» әуежайы» АҚ бас­қарма төрағасы Сәрсенбек Көш­кінов қарағандылық әуежайдың 2011 жылдан бері «ашық аспан» сұрап келе жатқанын еске салды.

– Бірақ астаналық әуежаймен іргелес орналасу салдарынан сол бұрынғыдай жолаушылар ағынын жоғалтудамыз. Кезінде біз жүк тасымалына маңыз беріп, соған екпін түсірдік. Сөйтіп, Алматыға жақсы бәсекелестік құраудамыз. Жүк тасу саласында өз ор­ны­мызды таптық және бұл ба­ғытты дамытудамыз. Біз жүк тасымалы үшін «ашық аспан» мәртебесін иеленуге әзірміз. 3 жылдан бері Қазақстанда осы салада ұлттық жүк тасымалдау­шысын құру мәселесі талқыға салынуда. Де­генмен бұл іс ілгері жылжыр емес. Мысалға, Ақтауды хаб ре­тінде дамытуымызға бо­лады. Алайда жүктер грузиялық Тби­лиси мен әзірбайжандық Ба­куде тұнып қалады. Солармен бірге біздің компаниялар таба алатын табыс та сусып кетуде. Олай болса, «ашық аспан» тұйық­тан шығар жолға айнала алады және нарыққа жан бітіреді, – деген ойда Сәрсенбек Көшкінов.

Бір қызығы, Air Astana АҚ-ының мемлекеттік органдармен құқықтық байланыс жөніндегі менеджері Евгений Аксенов Нұр-Сұлтан әуежайында «ашық ас­пан» енгізгенімен, елордаға рейс жасағысы келетіндердің қатары сонша артпағанын айтады.

«Мәселе жабық саясатта емес, Қазақстан халқының аздығында. Үлкен жолаушылар ағынының және бәсекелі бағадағы әуео­ты­ны­ның жоқтығы, әуежайлардағы баға түзудің ашық еместігі және басқа да мәселелерді шетелдік және отандық компаниялар 1,5 жыл бұрын көтерген. Олар да шешілмей келеді», – деді Евгений Аксенов.

«Ашық аспан» саясаты мүм­кіндіктерімен қоса, сын-қатерін қатар ала келуі ғажап емес. Мә­селен, оның аясында елге кірген батыстық, не ресейлік алып әуе тасымалдаушысы алдымен тым арзан бағаларымен жергілікті тасымалдаушыларды дәрменсіз күйге жеткізіп, соңынан моно­полист ретінде Қазақстанға өз дегенін таңуы ықтимал.

– Біз қайталаудан еш жа­лықпаймыз: егер республика­мызда жұмыс жасауға нық ниеті және салмақты жоспары бар компания келемін десе, құша­ғы­мыз ашық! Тек өз елінің үкіметі та­рапынан молынан субсидия­ла­натын, бізге келіп алып, дем­пинг­тік саясатын жүргізетін компа­нияларға орын жоқ. Мұның сыртында біз өзіміз де байсалды компаниялармен келіссөздер жүргізудеміз. Бірақ тасымал­даушылар бірауыздан қазақ­стандық әуежайлардың илік­пейтініне шағымданады: шетелдік тасымалдаушы Қазақстан арқылы 1 немесе 10 рейс жасасын, оған бәрібір ешқандай жеңілдік бер­мейді. Оның үстіне әуежайла­ры­мыз ұсынатын отын да, көрсе­ті­летін қызметтері де қымбат, – деп проблеманы ашық айтты Талғат Ластаев.

Осындай шағымның барлы­ғын Сыртқы істер министрлігі де мойындады. Сыртқы саясат ве­домствосының Сыртқы эконо­микалық саясат департаментінің директоры міндетін атқарушы Денис Роговтың мәліметінше, шетелдік әуекомпаниялар Қа­зақстан әуежайларында ұшақтарға арналған отын құнының қым­баттығына арызданады. Шы­нын­да, авиакеросиннің бағасы бізде Азия елдеріндегіден және Ресей­ден 40%-ға жоғары екен.

Проблеманы шешу үшін «Ата­мекен» ҰКП басқарма төраға­сы­ның орынбасары Олжас Ордабаев әрбір мүдделі тасымалдаушы бо­йынша әуежайлармен бірге Жол картасын әзірлеуге кеңес берді.

Қалай болғанда, Open Sky мәр­тебесінің берілуі түптеп кел­генде, туристік ағынның артуына, транзиттік әлеуеттік ұлғаюына ықпал етеді. Мемлекетімізден әлемнің әр түкпіріне «шұғыладай» тарайтын бағыттық желінің кеңеюіне жол ашады. Шетелдік әуетасымалдаушыларын тарту арқылы бәсекелестіктің өріс­те­уіне, саладағы бағалардың қол­жетімді бола түсуіне, әуе­жай­лардағы инфрақұрылымның дамуына және сервис сапасының жоғарылауына септеседі. Са­рапшылар бұл сондай-ақ бәсекеге шыдас бере алмаған отандық авиакомпаниялардың жабылуына да соқтыруы мүмкіндігін жоққа шығармайды.

Бұдан бөлек, жергілікті ком­паниялар ортақ қауымдастыққа бірігу жайын да қарастыруда. Әзірше әуетасымалдаушылар өз табыстарын жолаушылар ағынын арттыру арқылы емес, билет ба­ғасын қымбаттату арқылы ұлғай­туда. 2019 жылдың бірінші жар­тысының қорытындысы бойын­ша олар жолаушылар тасудан 166,2 миллиард теңге пайда көрген. Былтырғы жарты­жыл­дықта бұл сома небәрі 142,4 мил­лиард теңге болды. Жүк пен багаж тасымал­дау­дан түсетін түсімдері де өткен жылғы 3,13 миллиард теңгеден ар­тып, 3,91 миллиард теңгеге жетті.

IATA әуе көлігінің халықа­ра­лық қауымдастығының болжа­мынша, 2037 жылға қарай қазақ­стандық авиакомпаниялар жыл сайын 18 миллион жолаушы та­сымалдайтын болады. Азаматтық авиация комитеті басшысының дерегінше, 2018 жыл қорытын­дысында республикада жо­лау­шылар тасымалы 6,8%-ға азайған және 7,9 миллион жолаушыны құрады. Жағдай түзелмесе, 18 мил­лиондық меже әрі ысырылуы әбден ықтимал.