Алтын орда базары – жолында жатыр елдің назары
Алтын орда базары – жолында жатыр елдің назары
196
оқылды
Мектепке дайындық маусымы басталғалы үлкен базар тұрмақ, кішігірім дүкендердің алдында кептеліп қалып жатамыз. Ал Алматының шыға берісінде орналасқан Алтын орда базарының маңы жұртшылықтың сабырын сынайтын аумақ­қа айналғандай. Жайшы­лықта кептелістен көз аш­пайтын халық үшін соң­ғы күндері Алматыға қатынау мұң болып барады. Бәрінің көкейінде бір сұрақ – базар жанындағы жаңа жолдың бітетін күні таяу ма?

Жаңа жобада жол 10 жолаққа дейін (екі бағытқа бес-бестен) кеңейеді және қоғамдық жергі­лікті және транзиттік көліктерге арналған. Сонымен бірге, айнал­малы екі эстакадасы мен жаяу жүргіншілерге арналған көпірлер де қарастырылған. Жыл басында жауапты тұлғалар БАҚ өкілдерін жинап «2019 жылдың күзінде жартылай пайдалануға беріледі, ал 2020 жылы жол толықтай халық игілігіне жұмыс істемек» деп мәлімдеген. Шенділер уәде еткен күздің де ауылы алыс емес. Бірақ нысан аумағына қарасаң, жақын арада бұл жол кептелістен арылатынына көңіл де, көз де сенбейді.

Әлеуметтік желілерде де шулаған халық әкімдікті белгілеп наразылығын жеткізіп әлек. Сол себепті, Алматы облыстық әкім­дігіне хабарласқан едік. Әкімнің баспасөз хатшысы Ғалыммұрат Жүкел нысан ұлттық компа­нияның қарамағында екенін жеткізді.

– Бұл нысан ҚазАвтоЖолдың балансында. Жұмыстың баяу жүріп жатқаны біздің де көңі­лімізден шықпайды. Біз өз тара­пымыздан хат алмасып та, барып та ескертіп жатырмыз. Компания өкілдері «жұмыс графикке сай жасалып жатыр» дейді. Бірақ Қарасай, Жамбыл ауданының тұрғындары «жұмыс уақыты болса да, жұмыс жасалмай жа­тыр» деп суретке түсіріп, әлеу­меттік желілерде облыс әкімінің, менің парақшама жиі-жиі жібереді. Бұл мәселе әкімнің аппараттық отырыстарында да бірнеше рет көтерілді. Енді бір ғана амал қалды – министрлікке хат жазу, – деді Ғ.Жүкел.

Нысанда жұмыс қызу жүріп жатпағандықтан болар, халық арасында қисынды-қисынсыз сөздер де айтыла бастады. «Қар­жысы желініп кетіпті» деген сөздерден соң істің жай-жапса­рын білу мақсатында жауапты компанияның өкілімен байла­нысқа шықтық. «ҚазАвтоЖол» ҰҚ Алматы облыстық филиалы директорының орынбасары Нұрхат Ақылтаев жұмыс тоқтап қалған жоқ, тек күтпеген кедер­гілер пайда болды деген пікірімен бөлісті.

– Қазіргі таңда бұл нысанда 200-ге жуық адам жұмыс істеуде. Ешқандай жұмыс тоқтап тұрған жоқ. Учаскенің жалпы қашық­тығы – 3,8-4 шақырым. Бұл жобаның барысында 2 эстакада салынады. Бірінші таға тәріздес айналма жол Леруа Мерлен, Апорт және 7 құрдас сауда кешендерінің алдында болады. Оған қосымша Ақсай өзенінен өтетін көпірдің кеңейтілуіне байланысты жол 8 жолаққа кеңейтіледі. Оның құрылысы қазіргі таңда аяқталып тұр. Үш жерден жол үсті жаяу жүргіншілер жолы өтеді: Асыл Арман тұрғын үй кешенінің тұсынан, Алтын орда мен Барлық базарының арасына және Апорт сауда кешеніне қарама-қарсы бағытқа өтуге арналған. Қазіргі таңда бұл жолдың негізі құйылып барлығы дайын тұр. Ал жоғары бөлігін металлдан жасаймыз. Өкінішке қарай, мұндай металл елімізде дайындалмайды. Сондықтан біз оны Ресейге тапсырыс беріп алдырып отырмыз. Сонымен қатар жоғарыда айтып өткендей, таға тәріздес эстакадалардың құрылысы жүріп жатыр. Ол жердегі көпірлер бетон қабыл­дауға дайын. Одан бөлек Іргелі Абай ауылдарының арасын жал­ғайтын 700 метрлік эстакаданың да негіздері құйылып дайын тұр. Қазіргі таңда төменгі бөліктегі жұмыстар жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, тіректердің беріктігін қамтамасыз ететін жерлер тегіс­теліп, бетон құйылуда. Одан ке­йін сол маңдағы сауда кешен­дерінің жанында жол жұмыстары жүріп жатыр, – деді ол.

Бұған дейін жаңа жолдың аумағына енетін жер учаскелері­не қатысты проблемалар туын­даға­ны сөз болған. Бұл мәселенің қазіргі таңда қаншалықты өзекті екенін Н.Ақылтаев тарқатып айтып берді.

– Жер учаскілеріне қатысты бізде проблемалар бар. Жоспарда көрсетілген айналма көпірлер түсетін жерде V-oil жанар-жа­ғармай бекеттері бар. Сондай жолдың бойындағы екі станса әлі күнге дейін сатып алынбай тұр. Жанар-жағармай бекеті иесінің мемлекет тарапынан берілген ақшаға көңілі толмауы себепті сот жұмыстары жүріп жатыр, – деді компания өкілі.

Сонымен, биыл күзде жол пайдалануға берілетіні рас па? Халықты толғандырған сауал осы болатын. «ҚазАвтоЖол» ком­паниясының өкілі жыл со­ңына дейін халық жол қозғалы­сының қиындығынан біршама құтылуы мүмкіндігін жеткізді.

– 2019 жылдың соңына дейін халыққа қолайлы жол қозға­лы­сын беруге тырысып жатырмыз. Жасыратыны жоқ, мердігер ком­пания жұмыстар жасап жатыр бірақ жұмыс қарқыны баяула­ға­ны өтірік емес. Оның себебі – күтпеген жағдайлардың әсері. Атап айтқанда, жобаға енбей қалған жұмыстар немесе жобада кеткен қателіктер бар. Одан бө­лек жоба қабылданып, құрылыс басталған соң Алтын орда база­рының маңындағы қоршауланып тұрған жердің барлығында биз­нес орындары ашыла бастады. Сондықтан бастапқы жобада ол жерлерге кіріп-шығатын жолдар қарас­тырылмаған еді. Сол се­кілді қо­сымша жұмыстар пайда бо­лып жатыр, – деді Н.Ақылтаев.

Айтпақшы, оның айтуынша ел арасындағы сөздер қисынға келмейді. Өйткені «қаражат жа­ғынан ешқандай проблема жоқ. Мердігер компания қаншалықты жұмыс істесе, сондай көлемде ақысын алып отыр».


Кәмила ДҮЙСЕН