Осы уақытқа дейін мемлекет дағдарысқа қарсы бірқатар шараларды қабылдағаны белгілі. Соның ішінде 42500 теңге жәрдемақы төлеу мәселесі қоғамның қызу талқысына түсті. Бұл сома карантин кезінде ешқандай табыс көзінсіз қалған азаматтарға бағытталған. Бұған дейін екі мәрте берілген жәрдемақыны мемлекет үшінші рет қайта тағайындап отыр.
Белгілі болғандай, бюджеттен 39 әлеуметтік төлемге ай сайын шамамен 300 млрд теңге жұмсалады. Оның ішінде 8 жәрдемақы мен 3 төлем – көпбалалы отбасыларға қолдауға жұмсалады. Бүгінде 1 млн 700 мыңнан астам бала тәрбиелеп отырған 390 мың көпбалалы отбасы осы жәрдемақыны алып отыр. Сонымен қатар, 128 мың отбасы немесе 660 мың адам атаулы әлеуметтік көмек алады, оның ішінде 442 мың бала бар.
Таяуда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов 42 500 теңге – мемлекеттің жұмыс істейтін азаматтарға деген аз да болса көмегі екенін айтқан болатын. Биылғы жылғы ең төменгі жалақы мөлшері – 42 500 теңге екені белгілі. Маусым айындағы орташа айлық жалақы − 196 922 теңге. Уақытша жұмысынан айырылғандарға осы уақытқа дейін алған табыстарын мемлекет тарапынан өтеп беру қаншалықты мүмкін? Сарапшылар не дейді? Шетелдік тәжірибе қандай?
42 500 теңгеден көбірек ақша беруге болатын еді...
Нұртай Сабильянов, Парламент Мәжілісінің депутаты:
– Қазіргі тұтыну тауарларының бағасы аспандап тұрған кезде мемлекет беріп отырған 42 500 теңгеге ештеңе келмейді. Бұған қоса, төтенше жағдай жарияланған уақытта теңге құнсызданды. Тауарлардың тапшылығы салдарынан кейбір кәсіпкерлер бағаны көтерді. Дәл қазір халықтың жағдайы қиын. 42 500 теңгені бұған дейін 4 жарым млн халық алса, шілде де бұл қаражатқа мұқтаж адамдардың саны осы шамалас болуы мүмкін. Медициналық сақтандыру қорының қаражаты өлшеулі болғанымен мемлекеттен басқа да қаржы көздерін қарастыруға болады. Шынын айтқанда, жұмыссыз, табыс көзінсіз қалған халық үшін бүгінгі күні басымдыққа ие емес жобаларды, шығындарды жаппай қыстарту керек. Әр облыстың бюджетінен кем дегенде 20-30 млрд теңгені әлеуметтік мәселелерді шешуге бағыттауға болады. Мысалы, Шығыс Қазақстан облысы бюджетінен 10 млрд теңге Өскемен қаласындағы аэропортты реконструкциялауға жұмсалмақ. Дәл қазіргі кезде бұл жобаның түкке қажеті жоқ. Кейбір облыстар фантан, саябақ салуға миллиардтап ақша шашуға дайын отыр. Халықтың дәрі алуға ақшасы жоқ, елде дәрі тапшылығы туындап отыр.
Халық ертеңгі күніне қор жинамақ түлігі күнделікті тамағына ақша таппай жүр. Шағын кәсіпкерлікпен айналысатындардың саны күрт кеміді. Бұл қаншама адам жұмыссыз қалды деген сөз. Шығатын өнім көлемі азайып отыр. Осы ретте әкімдердің жұмыспен қамту бағдарламасына байланысты беріп отырған ақпараты шындыққа сай келмейді. Олар айтқандай, өңірлерде 30 мың адам жұмысқа орналасқан жоқ.
Олжас Құдайбергенов, CSI Group аға серіктесі:
– Мемлекет дағдарысқа қарсы шараларға 6 трлн теңге бөлді. Көбі бұл қаражатты игерілді деп ойлайды. Қателеспесем, қазір бұл соманың 3 трлн теңгесі жұмсалды. Сәуір мен мамыр айларында бірінші рет 42 500 теңгені 4 жарым млн адам алды. Екінші рет 3,8 млн адам алды. Бұл жолы әлеуметтік төлемге мұқтаж адамдар саны 2 жарым, 3 млн адамға баруы мүмкін. Анық мәлімет тамыз аяғының соңында белгілі болады. Үш рет берілген 42 500 теңгеге 400-450 млрд теңге қарастырылған. Мемлекеттің қолдау шараларының ішінде 42 500 теңге жақсы бастама болды. Бірақ сәуір айында берілген көмекті үзбей жылдың аяғына дейін беру керек еді. Көптеген елдер әлеуметтік көмек беруді тамыз айына дейін созған болатын. Тіпті, желтоқсан айына дейін жалғастырғандар да бар. Қазіргі кезде бізде де нақты мемлекеттің қолдауына мұқтаж адамдарды анықтау керек. Әр ай сайын көмекке мұқтаж адамдар саны әртүрлі болуы мүмкін. Негізі мемлекет тарапынан қандай да бір көмек көрсетіліп жатыр десек те, 42 500 теңгеден көбірек беруге болатын еді. Мысалы, ересектер үшін 60 мың теңге, балаларға 30-40 мың теңге межесінде беруге болады.
Рамазан Саттарұлы, әлеуметтанушы:
– Жалпы мемлекеттің ұйымдастыруымен осындай қысылтаяң кезде жұмыссыз, табыссыз қалғандарға көмек көрсету орынды. Мемлекет карантиннің талаптарын қатаң қадағалауды тапсырып отыр. Ол үшін алдымен халықтың қаржылық мәселесі шешім табуы тиіс. Мемлекеттен берілетін көмек 42 500 теңгемен шектелмеуі керек. Жұмыссыз қалған адамның бұған дейін алған ай сайынғы ақшасы қанша болды сонша қаражат берілуі керек. Ал «дайын асқа тік қасық» болып, табысы бола тұра 42 500 теңге алғандары да бар. Бұл мәселеге келгенде қатаң тексеріс қажет деп ойлаймын. Осы ретте, күнкөріске ақшасы жоқ адам, міндетті түрде қосымша табыс табуға тырысады. Қазіргі кезде 42 500 теңгеге кім өмір сүре алады? Мүмкін ауылды жерде бір адам өмір сүре алатын шығар. Шағын қалалы жердің өзінде бұл ақшаға өмір сүру мүмкін емес.
Дәл қазіргі кезде мемлекеттің имиджі COVID-19-бен күресу, жеңу жолдарын қарастыру. Адамның өмірі, халықтың денсаулығы бірінші кезекте болуы керек. Қалған жиын тойдың барлығы мәнсіз мағынасыз. Жасыратыны жоқ, қазіргі кезде халықтың басым бөлігі мемлекеттің қолдауына мұқтаж екенін көріп отырмыз. Осы дерт шын мәнінде қандай хәлде екенімізді айғақтап беріп отыр.
Шетелде қандай көмек көрсетіледі?
Чехия карантин кезінде тиімді мемлекеттік бағдарламаларды іске қосқан елдердің бірі. Жұмысы тоқтаған дүкендер, мейрамханалар және басқа да кәсіпорын қызметкерлері айлығының 80%-ы мемлекет есебінен жабылады. Қалған 20% компания төлеуі керек. Чехияның Еңбек және әлеуметтік мәселелер министрі Яна Малачованың айтуынша, қызметкерлердің орнын сақтап қалу негізігі мәселе болып отыр. Чехия үкіметі карантин кезеңіне жабылмаса да зардап шеккен кәсіпкерлерді қолдау мүмкіндігін қарастыруда. Яғни, жұмысшылар жалақысының 60-80%-ын үкіметтің көмегінсіз төлейтін компанияларға қолдау көрсетіледі. Мемлекет 13 жасқа дейінгі балалары бар өзін-өзі жұмыспен қамтыған адамдарға алты ай көлемінде жәрдемақы төлейді. Мемлекеттен берілетін көмектің ай сайынғы мөлшері 14000 крон (шамамен 500 евро).
АҚШ-та бір реттік берілетін төлем 1200 долларды құрайды. 16 жасқа дейінгі әр балаға қосымша 500 доллар қарастырылған. Ақшаны толық көлемде алу үшін бір американдықтың табысы жылына 75 мың доллардан аспауы керек. Екі баладан тұратын отбасы үшін – 150 мың доллар. Эпидемияға байланысты жұмысынан уақытша айырылғандар 2020 жылдың соңына дейін 39 аптаға дейін жұмыссыздық бойынша жәрдемақы ала алады. Табысы 99 мың долларды құрайтын және 198 мың долларды құрайтын баласы жоқ отбасылар ешқандай көмек алмайды.
Ұлыбританияда мемлекеттің қолдау пакеті екі рет жүзеге асқан. Біріншісінде, егер өз-өзін жұмыспен қамтығандар табысынан айырылса, табысының 80% мемлекет төлеп берді. Екіншісінде, үш ай сайын 2190 фунт стерлинг төлеу жоспарланған. Екінші транш кірістің 70%-ын жабады.
Ұлыбритания үкіметі мейрамхана бизнесін тұралатпау үшін тамыз айында қоғамдық тамақтану орындарына келген өз азаматтарының төлемдерін жартылай төлеуге дайын. Дүйсенбі мен сәрсенбі күні аралығында мейрамхана қонақтары алкогольді қоспағанда, мәзірдегі барлық тамақ пен сусындарға жеңілдік ала алады. Жеңілдікті кез-келген мекемеде бір рет алу мүмкіндігі қарастырылған.
Эстонияда экономиканы қолдауға 2 миллиард евро бөлінеді, бұл елдің ІЖӨ-нің 8% құрайды. Эстония премьер-министрі Юри Ратастың айтуынша, бұл ақша дағдарыстың ең қиын бастапқы кезеңін ұстап тұруға, кәсіпорындардың жұмысын қолдауға бағытталмақ. Тағы 250 миллион еуро жұмыссыздықпен күресуге бөлінеді.
Дания үкіметі шектеулерден зардап шеккен жеке компанияларға әрбір жұмысшының жалақысының 75%-дан аспайтын мөлшерде төлеуге уәде берді. Бірақ штат сақталуы керек. Қалған 25% кәсіпорын төлеуі тиіс.
«Егер көрсеткіш төмендеп, өндіріс тоқтап қалса, қызметкерлерді үйге жіберу керек екенін түсінеміз. Бірақ кәсіпорындар оларды жұмыстан шығармауы тиіс», – деді Данияның премьер-министрі Метте Фредериксен.
Түркияда коронавирустан зардап шеккен кәсіпорындарға 15,5 миллиард доллар көлемінде ынталандыру пакетін ұсынады. Оның ішінде уақытша табыскөзінен айырылғандар да еніп отыр. Сонымен қатар, Түркия үкіметі ең төменгі зейнетақыны 231 долларға (1500 түрік лирасы) дейін арттырып, мұқтаж отбасыларға қосымша 308 миллион доллар (2 миллиард түрік лирасы) бағыттайды.
Жапонияда шағын және орта бизнесті қолдауға шамамен 4 миллиард доллар бөлінді. Қаражаттың бір бөлігі оқу орындарының демалысқа кетуіне байланысыты баламен үйде отыру үшін жұмыстан шыққан ата-аналарға жұмсалады. Жапония премьер-министрі Синдзо Абэнің айтуынша, коронавирус әсерінен экономиканы мемлекеттік қолдаудың жалпы көлемі 1,6 триллион иенге (15,2 миллиард доллардан астам) жетуі мүмкін.
Ресей үкіметі дағдарысқа қарсы қор құру үшін мемлекеттік бюджеттен 300 миллиард рубль бөлді. Елде зардап шеккен салалар үшін салықтық демалыс жарияланды, бизнесті тексеруге мораторий енгізілді. Мәскеуде карантин кезеңінде әрбір зейнеткерге 4000 рубль бір реттік қаржылай көмек көрсетілмек.
Еркежан АЙТҚАЗЫ