Қарағандыдағы Nur Otan партиясының ғимаратында Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі – Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Өтініштерді қарауды бақылау бөлімінің меңгерушісі Аида Балаева азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Қабылдауға облыс әкімінің орынбасары А.Айдаров, Nur Otan партиясы ҚОФ төрағасының бірінші орынбасары Қ.Оспанова, облыс прокурорының орынбасары Д.Айтмұхаметов, полиция департаменті бастығының орынбасары Е.Қалиәкпаров, Қарағанды қаласының әкімі Н.Әубәкіров және аудан әкімдері мен облыстық басқармалардың, мемлекеттік мекемелердің жетекшілері қатысты.
Президент көмекшісімен кездесуге келген облыс тұрғындарының көпшілігі баспана мәселесін сөз етті. Бірі – ұзақ жылдан бері кезекте тұрса да баспаналы бола алмай жүргенін, енді бірі еңбекақысының аздығынан ипотекалық несиенің алғашқы жарнасын төлей алмайтынын айтып шағымданды. Теміртау қаласының тұрғыны Ш.Әбілова, қарағандылық Ә.Рымбаева, Ж.Достаева, А.Әлімбаева, Р.Хасенова және басқа да азаматтардың баспана мұқтаждығы туралы айтқан өтініштерін мұқият тыңдаған Аида Ғалымқызы қамкөңіл жандарды сабырға шақырды.
– Проблемаларыңызды жақсы түсінемін. Дегенмен сіздерге көмектесем деп құрғақ уәде бергім келмейді. Неге десеңіздер, жылдар бойы пәтер кезегінде тұрғандарды, көпбалалы және аз қамтылған отбасыларды ысырып тастап, олардың құқығын таптауға болмайды. Сондықтан еліміз бойынша іске асырыла бастаған «Бақытты отбасы», «Нұрлы жер» сияқты мемлекеттік бағдарламаларға қатысыңыздар. Бұл тарапта заң аясында мүмкін болған көмектің бәрі көрсетіледі. Сіздер көтерген мәселелерді хаттамаға тіркетіп, тиісті орындар алдына әрқайсысы бойынша нақты міндеттер қойылатын болады, – деді Аида Балаева.
Президент көмекшісімен кездесуге мүмкіндігі шектеулі жандар, ауыр дертке шалдыққан балалары бар ата-аналар да көптеп келді. Теміртау қаласының тұрғыны Ж.Байтоков мүгедек жандарға қатысты шешімін таппай келе жатқан өзекті мәселені қозғады. Ол шипажайға барған арбаға таңылған мүгедек жанды алып жүретін адамға ақша төленбейтінін ашына айтты. Ал Қарағанды тұрғындары А.Дүскенова арбадағы мүгедек баласын, С.Мәнжібаева церебральды сал ауруына шалдыққан баласын емдеуге материалдық көмек сұрады.
Азаматтарды қабылдау барысында туындаған сұрақтар, көтерілген мәселелер бойынша тиісті мемлекеттік органдардың қызметкерлері өтініш иелеріне жауап беріп, ақыл-кеңесін айтып отырды. Қала әкімі Нұрлан Әубәкіров сұрақтың басым көпшілігі баспана мәселесі болғандықтан, әңгімеге жиі араласты.
Қабылдауға келген жандардың ішінде медициналық қызметтің сапасына, дәрігерлердің біліктілігіне, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудегі кемшіліктерге сын айтқандары да көп болды. Осы ретте Аида Ғалымқызы облыстық денсаулық сақтау басқармасына медициналық мекемелердегі қызметкерлерді аттестациядан өткізіп, медициналық қамтамасыз ету бойынша толықтай сараптама жасауды тапсырды. Кездесу соңында Президент көмекшісі тұрғындардың жеке мәселесі, олар көтерген проблемалардың барлығы жіті назарда болатынын айтты.
Жұмыс сапарының екінші күні Аида Балаева Қарағанды облысының ғылыми және зиялы қауым өкілдерімен, жастармен кездесті. Қарағанды экономикалық университетінде өткен кездесуге жергілікті ЖОО оқытушы ғалымдары, театр артистері, БАҚ өкілдері, жазушылар қатысты. Кездесуді ашқан Аида Балаева Қарағанды қаласына келген жұмыс сапары жайында, кешегі күні тұрғындарды қабылдау кезінде алған әсері мен түйген ойлары туралы қысқа да нұсқа айтып берді.
– Сіздер жұртпен етене араласып жүресіздер, елдің мұңы мен тілегін жақсы білесіздер. Сондықтан бүгінгі бейресми жағдайдағы кездесуде сіздердің жүйелік сипаттағы ұсыныстарыңыз бен өтініш-тілектеріңізді тыңдағым келеді, – деді Аида Балаева.
Басқосуда алғашқылардың бірі болып сөз алған С.Сейфуллин атындағы қазақ драма театрының артисі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қайрат Кемалов өнер саласындағы біршама мәселе туралы айтып өтті. Театр және кино актері бүгінгі күнде осы салада кадр мәселесінің өте өткір тұрғанын тілге тиек етті. Ал облыстық «Орталық Қазақстан» газеті бас редакторының бірінші орынбасары Ерсін Мұсабеков журналистер мәртебесі туралы мәселені көтерді.
– БАҚ өкілдері не бюджеттік, я болмаса мемлекеттік қызметке жатпайды. Мәртебесі болмаған соң, көп жағдайда есесі кетіп жүреді. Мәселен, жас журналистер ипотекалық несие алайын десе, мәртебесі болмаған соң түрлі мемлекеттік бағдарламаға қатыса алмайды, – дейді ол.
Жергілікті жоғары оқу орындарының оқытушы-ғалымдары жағдайы жасалмағандықтан, жас ғалымдардың шетелге кету үдерісінің үдеп бара жатқанына қынжылатынын жеткізді. «Болашақ» академиясының кафедра меңгерушісі Ақылбек Қабжанов жағдай осылай жалғаса беретін болса, жастары 50-ден асқан ғалымдар да шетелдерге көшіп кетуі әбден мүмін дейді.
Кездесу соңына таман Аида Балаева оқытушылардың жас ұрпақты тәрбиелеу ісіндегі рөлінің аса маңызды екеніне назар аударды.
– Бүгінгі жастарымыз білімді, мәдениетті және рухани тұрғыда өте бай болуы керек. Жастар оқу-білімге тартылмаса, жұмыспен қамтылмаса, қоғамдағы орнын таппаса, онда міндетті түрде психологиялық дағдарысқа душар болады. Әсіресе, ауылдық жерлерден қалаға келген жастар қоғамдық өмірде әлеуметтік тұрғыда бейімделе алмай, өкінішті жайттарға ұрынып жатады. Сіздер мен біздің міндет – мұндай рухани құлдыраудың алдын алу, – деді А.Ғалымқызы.
Бұдан кейін Аида Балаева Қарағанды қаласындағы Гоголь атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерімен және облыстың белсенді жастарымен кездесіп, олардың ұсыныс-тілектерін тыңдады.
Әбілмансұр ЖАСАН