Карантин: Келін түсіріп, қыз ұзатқандар ұсталды
Карантин: Келін түсіріп, қыз ұзатқандар ұсталды
235
оқылды
Түркістан облысы Сайрам ауданында карантин кезінде келін түсірген тұрғындар анықталды. Манкент ауылында полиция тойдың үстінен түсіп, қонақтарды үйіне қайтарды, - деп жазады Polisia.kz.
"Сайрам аудандық полиция басқармасына Манкент ауылының тұрғыны үйінде 50-ден астам адамды жинап, келін түсіру тойын өткізіп жатқаны жайлы хабарлама келіп түсті. Полиция мен әкімдік қызметкерлері көрсетілген мекенжайға барып, тексеру жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде полиция бір топ адам жиналған тойды тоқтатты", - делінген ақпаратта.
Карантин талаптарын бұзған той иесіне әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 425-бабына сәйкес хаттама толтырылды. Жиналған ақпарат шешім қабылдау үшін тиісті органға жіберілді. Портал мәліметіне сәйкес, Сайрам ауданында осыған ұқсас тағы екі жайт тіркелді.
"Жергілікті тұрғын үйіне 20-дан астам адамды жинап, келін түсірген. Тағы бір тұрғын 15-тен астам адамды жинап, қыз ұзату тойын өткізген. Бұл екі жайтта да мобильді топ шұғыл жетіп, адамдардың көптеп шоғырлануына жол бермей, той-жиындарды тоқтатты", - делінген ақпаратта.
Іс құжаттары тиісті шешім қабылдау үшін Денсаулық сақтау министрлігінің Түркістан облысы бойынша тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетіне жіберілді. Айта кетейік, аудан көлемінде тексеріс жүргізетін мобильді топ карантин талаптарын бұзудың 80 дерегін анықтады.