Нұр-Сұлтандағы психикалық денсаулық орталығында коронавирустан соңғы науқас емделіп шықты
Нұр-Сұлтандағы психикалық денсаулық орталығында коронавирустан соңғы науқас емделіп шықты
84
оқылды
Бүгін қалалық психикалық денсаулық орталығының (ҚПДО) базасында орналасқан инфекциялық стационардан коронавирус инфекциясы диагнозы қойылған соңғы науқас емделіп шықты, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты. 15 маусымнан бастап бұл орталық COVID-19 бар науқастарға арналған жұқпалы аурулар стационары болып өзгертілді. Бір жарым ай ішінде мұнда 1044 науқас емделді.
«Бүгін соңғы пациент емделіп шықты. Бәріміз тәулік бойы жұмыс істедік. Атап айтқанда, провизор Мелисса Самеева бәрін дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етті, менің орынбасарым Лариса Гом, бас медбике Гүлнар Алтынбекова алдыңғы қатарда жұмыс істеді. Төсек-орындарды қайта бейімдеу, реанимацияны орналастыру алғашында қиындық тудырса да, біз оның бәрін еңсердік. Бізде Айнагүл Жамбурчинова, Салтанат Мусина секілді керемет дәрігерлер жұмыс жасады. Өз командама жоғары кәсібилік танытқаны үшін алғыс білдіргім келеді. Біз лайықты жұмыс жасадық!» – дейді қалалық психикалық денсаулық орталығы директорының міндетін атқарушы Ольга Комарова.
58 жастағы Уәлихан емханадағы COVID-19-ды жеңген ең соңғы науқас.
«Орталық қызметкерлеріне алғыс білдіргім келеді. Мұнда 14 шілдеде түсіп, бүгін емделіп шыққалы жатырмын. Емнің барлық кезеңінде орталық қызметкерлері үлкен қамқорлық көрсетті. Дәрі-дәрмектер мен қажеттінің бәрімен қамтамасыз етті. Дәрілер тиімділік көрсетіп, алғашқы күндерден-ақ нәтиже берді. Жағдайым тек жақсара түсті. Тамағы да өте жақсы. Барлығына, медбикелерге, дәрігерлерге, ұжымның барлығына көп рахмет», – дейді ол.
27 шілдедегі жағдай бойынша, Нұр-Сұлтанда коронавируспен 10 070 науқас тіркелді. Олардың 6 766-сы емделіп шықты. Ольга Комарованың айтуынша, дезинфекциядан кейін психикалық денсаулық орталығы жақында өзінің бұрынғы профиліне сәйкес жұмысын қайта бастайды.