Зейнеткер музей ашты
Зейнеткер музей ашты
213
оқылды

«Өткен күннен белгі бар» демекші, тарихтан сыр шертер музей көбінесе мемлекеттің қаражатымен құрылады. Бұл үрдісті Батыс Қазақстан облысының шалғай ауылында тұратын зейнеткер Кәрім Өтеғұлов «бұзып», қаржысына тарихи-өлкетану музейін ашты.

Бұл музейде ұжымдастыру, сая­си қуғын-сүргін және Екінші дүниежүзілік соғыс кезеңіндегі ауыл тарихы көрініс тапқан. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ашылған музейде 15 шақты ауыл тұрғыны жұмыс істейді. Жасы сексеннен асқан Кәрім Өтеғұлов­тың есімі өңір тұрғындарына жақсы таныс. Ол бар қажыр-қайратын өлкенің өркендеуіне жұмсады. «Іскер бас­шының, әсіресе, тұралаған шаруашылық­тарды қайта түлету­де­гі еңбегі бір төбе. Зейнет жасы­на жеткен соң асылтұқымды мал басын көбей­тіп, кәсіпкерлікке ден қойды. Ұрпақ тәрбиесін де ұмытпай, ел ішінде көздің қара­шы­ғындай сақталған көне бұйым­­дарды жинауға кірісті», – дейді ауыл­дастары. Қазір музейде 3 мыңнан аса құнды жәдігер сақтаулы.

Ақпәтер ауылының тұрғыны Қыдыр Әбдірахманов: «Жалпақ­тал өңіріне келген қонақтар естіп, осы мекемеге жиі бас сұға­ды, риза болып кетеді. Өңіріміз­дің кен байлықтары мен табиғи өсіп-өнетін аң-құстарымен таны­сып, өздеріне қажетті мәлімет­тер­ді алып отырады. Жалпы, музей­дің жас ұрпақ үшін пайдасы мол деп есептейміз», – дейді. Ақ­­пәтер ауылдық тарихи-өлке­тану музейінің меңгерушісі Кәрім Өтеғұлов «Аудан бойынша лагердегі 91 оқушы келді. Ауылдың адамдары, сосын басқа мектептің оқушылары лек-легімен келіп тұрады. Той болса басқа жақтан келген адамдар келіп көреді. Мұның бәрі де болашағымыз үшін», – дейді.

Музейді жасақтауға кәсіпкер 13 миллион теңге қаржысын құй­ған. «Кейін дайын музейді мем­лекетке еш ақы-пұлсыз сый­ға тартамын» деген ол, әлі де дамыта түсетін тұстарының бар екенін айтады. Өңір басшылары­ның қолдауымен келер ұрпақ үшін тағылымы мол нысан бүгінде облыстық музейдің филиалына айналған. Ал қосалқы ғимаратты салуға облыс бюджетінен 64 мил­лион теңге бөлінген екен. Музей аума­ғына 300-ден аса жеміс аға­шы да егілген. Көбін Кәрім Өтеғұ­лов Әзірбайжан елінен өзі әке­ліпті.

 

Перизат САҒАНТАЙ