«Педофил түзелмейді түрмеден шыққан соң баяғы әдетіне басады...»
Бас прокуратура іске қосқан педофилдер базасын infopublic.pravstat.kz және qamqor.gov.kz сайтынан көре аласыздар. Еліміз бойынша кәмелет жасына толмаған балаларға қарсы жыныстық қолсұғушылық қылмысы бойынша есепке алынған педофилдер саны – 2 800. Оның 1 600-і түрмеде жазасын өтеп жатыр. Педофилдер базасында небәрі 217 қылмыскердің суреті мен тұрғылықты жері көрсетілген. Сонда қалғаны қайда жүр? Педофилдер картасында сотталғандардың ең жасы – 18-20-да болса, ең кәрісі – 77 жастағы қария. Жапа шеккен балалардың ең кішкентайы – 2 жаста. Енді мына «қызыққа» қараңыз, базадағы ақпаратқа сенсек, осы күнге дейін сотталған педофилдің көбі Қылмыстық кодекстің 120-бабы, 121-бабы, 122-124-баптары бойынша сотталған. Мысалы, 47 жастағы қылмыскер 8 жасар баланы зорлап, 4 жылға бас бостандығын шектеу үкіміне кесілген?! Ол – ол ма, тіпті 13 жастағы жасөспірімді зорлаған қылмыскер 1 жыл бас бостандығын шектеу үкіміне кесілген... Мұндай мысал жетіп артылады. Мәжбүрлі химиялық кастрация туралы заң 2018 жылы қаңтар айынан бастап күшіне енген еді. Бұл шараны базадағы біраз қылмыскерге қарсы қолданып үлгерген. Базаны шолып көрсеңіз, 10-15 жылға сотталғандардың саны кемде-кем. Есесіне, пробациялық бақылауда болып, бас бостандығы шектелгендер көп. Яғни, «күні бүгінге дейін түрмеде отырмағандар елдегі осы қылмыс түрінің өршуіне әкеп соққан жоқ па?» деген заңды сауал туындайды. Жаңалықтарды шолып көрсеңіз, «Ақтөбеде педофил ұсталды, бұрын сотталған, Шымкентте педофил ұсталды, бұрын сотталған» дегендей ақпараттан көзіңіз сүрінеді. Яғни, егер педофилдер қатаң бақылауда болса, мектеп, балабақша, балалар алаңқайының маңында тұруға ғана емес, жүріп-тұруға қатаң тыйым салынса, тіпті өмірбақи бас бостандығынан айырылса, бұл қылмыстардың бәрінің алдын алуға болар ма еді... Қоғамдық бақылау да кемшін. Балалар алаңқайында жүрген ата-аналар да сырт көзге күдікті көрінген адамдарды байқаса, полицияға хабарласа бермейді. Бұл жағдай алаңдатады. 2019 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен тиісті заң қатайтылды. Заң қатайды дейміз-ау, шынтуайтында әлі де әділетсіз үкімдер шығып жатқанға ұқсайды. Мәселен, infopublic.pravstat.kz сайтынан алынған дерекке қарағанда, 77 жастағы қария 5 жасар балаға қарсы қылмысы үшін 2019 жылы сотталған. Қылмыстық кодекстің 124-бабымен жазаға тартылған. Жазасы – 5 жыл бас бостандығын шектеу. Яғни, сырт көзге бейкүнә қариядай көрінетін педофил әлі ел ішінде жүр. Жақында танымал журналист Гүлмира Әбіқай әлеуметтік желіде базадағы педофилдердің суретін жариялаған еді. Танымал журналиске көптеген хаттар келіп, оның ішінде педофилдердің түзелмейтінін айтып, тіпті көршілерін таныған азаматтар жанайқайын жеткізген. Гүлмира Әбіқайдың Facebook парақшасында жарияланған хатында Түркістан облысы Мақтаарал ауданы Алғабас ауылының тұрғыны былай деп шағымданады: «Ермек деген азғын ауылда қораның аяқ жағында тұрады. Қамалғанға дейін ауылдағы көп үйді тонап, ұрлық жасаған. Бірақ сол ауылда бір рудың адамдары болған соң, оны кешіре салған. Ең соңында менің сіңлімді зорлаған айуан... Қазір жазасын өтеп, ауылда жүр. «Ауру қалса да, әдет қалмайды» деген, 9 жыл түрмеде отырса да, ешқандай түзеліп шыққан жоқ» деп, ағасының кішкентай қыздарына алаңдайтынын білдірген. Хат иесінің жазуы бойынша, жазасын өтеп келген қылмыскер ауылдағы үйлерге әлі де ұрлыққа түсіп жүр екен. Бала зорлаған қауіпті қылмыскердің ішкі істер органдары бақылауынан тыс қалып тұрғаны тағы алаңдатады.Өлім жазасы керек пе, жоқ па?
Бүгін әлем елдері педофилдерге қарсы қатал шара қолданады. Қазақстанда енді енгізіліп жатқан ноу-хау – химиялық кастрация Батыс елдерінде бұрыннан бар. Тіпті, Германияда 1969 жылдан бастап ерікті түрде хирургиялық кастрацияға рұқсат етілген. Ал АҚШ-тың әр штатында әртүрлі жаза қолданылады. 1996 жылдан бері Калифорния штатында химиялық кастрацияны жүзеге асырады. Қылмыскерлер жазасын өтеп шыққаннан кейін шектеу шарасына тап болады. Американың көптеген штатында кәмелет жасына толмағандарға қарсы жасаған қылмысы үшін сотталған адамдар мектеп, балабақша маңында тұра алмайды. Балалар алаңқайы, мектеп автобустарының маңына да жолай алмайды. Олардың суреттері интернет желісінде ашық жарияланады. Сондай-ақ АҚШ-та педофил түрмеден шығып, үйіне оралса, полиция маңайдағы барлық көршіге «жақында қылмыскер босап шықты, ол сіздің көршіңіз» деп ақпаратты жария етуге міндетті. Америкада «Ақпаратың бар ма, яғни қаруланғансың» деген ұстаным бар. 2016 жылдан бері Индонезияда полиция бақылауында болуы үшін педофилдерге микрочип енгізу бастамасы көтерілген. Бұл да тың жаңалық емес. Себебі АҚШ-та мұндай шара бұрыннан қолданылады екен. Егер педофил мектеп, балабақша алаңқайына кірсе, бұл туралы полицияға бірден мәлімет жетіп, қылмыскер дер кезінде тұтқындалады. Қылмыскерлерді қашықтан бақылау бастамасын посткеңестік елдердің криминологтері талқылап келеді.