Министрлік ықпал ете алмайды
Білім және ғылым министрлігі оқу орындарына оқу бағасын өсірмеу және төлемақыны кейінге қалдыру туралы ұсыныс жасап, оларға мәселені құқықтық шеңберде шешуге кеңес берген. Бұл білім алушы мен оқу орны арасындағы құқықтық қатынас, сол себепті Білім министрлігі оқу ақысының қымбаттап кетпеуіне ықпал ете алмайтыны анық. Министрдің өзі «оларды үгіттей алмаймыз, мәжбүрлей алмаймыз, құқықтық мемлекетте өмір сүріп жатырмыз. Лауазымды тұлға немесе мемлекеттік органның өкілеті қай жерден басталып, қай жерде аяқталатынын түсінуіміз қажет. Біз өкілетімізді асырмауымыз керек» деген болатын. Министрдің сөзіне қарағанда, былтыр төлемді кейінге қалдыруға мүмкіндік берген оқу орындары студент-түлектердің қарызын өтемегенін айтып шағымданған. Ал ол оқу орындарының жеңілдік жасауы екіталай. Білім туралы заң бойынша ақылы негізде қызмет көрсететін білім беру ұйымдарының және білім алушының, оның ата-анасының немесе өзге де заңды өкілдердің өзара қатынасы шартпен реттеледі. Білім алушы шарт жасасу кезінде бүкіл оқу кезеңіне шығыстарды бір мезгілде төлеген жағдайда төлем сомасы оқу мерзімі аяқталғанға дейін өзгермеуі тиіс. Ал егер оқуға төлемді кезең-кезеңмен төлеген жағдайда жылына бір реттен артық емес өзгертілуі мүмкін. Ал қазіргі жағдай мүлде басқа. Пандемияға байланысты қосымша шешім қабылдауды қажет етеді.Жығылғанға жұдырық
Төтенше жағдай жарияланғанға дейін студенттер оқу ақысын тұрақты түрде төлеп тұрған. Сәуір айынан бастап төлеушілер саны азая бастаған. Білім және ғылым министрлігінің ақпаратынша, елдегі 131 жоғары оқу орнында 600 мыңнан аса студент білім алады. Оның жартысына жуығы ақылы бөлімде оқиды. Яғни осынша отбасы баласының оқу ақысын төлеуде қиындыққа кездесті деген сөз. Оқу ақысының қымбаттауы табысынан айырылған ата-аналарға ауыр тиіп отыр. «Жұмысымыз тоқтап тұр. Дәл қазіргі сәтте күнделікті азық-түлігіміз бен дәрі-дәрмегімізге зорға жеткізіп отырмыз. Одан басқа коммуналдық төлемдердің бағасы өсіп барады. Осылардың бәрін ескере отырып, оқу ақысын қайтадан есептеу керек. Ауылдық жерде тұрамыз, интернет желісі жоқ, ақылы бөлімде оқитын екі студент балам бар. Оқу ақысына жеңілдік жасаса деймін», – дейді елордалық тұрғын Айсәуле Саттықова. Дегенмен көптеген оқу орындары оқу бағасын төлеуді кейінге шегеру мәселесін қарастырып жатыр. Алайда студенттерге жеңілдік жасаймын деп оқу орындары да қиындыққа тап болуы мүмкін. Мемлекеттік гранттың басым бөлігін алатын оқу орындарында қазір бюджет жеткілікті. Ал облыстағы университеттер оқу ақысына мұқтаж. Себебі олардағы қаржы қорының 70-80 пайызы мұғалімдердің жалақысына жұмсалады. «Бізде мемлекеттік грантпен оқитындар аз. Негізінен ақылы бөлімде білім алушылар. Егер студенттердің оқу ақысына жеңілдік жасасақ, қызметкерлердің еңбекақысын да кейінге шегеру қажет болады. Оған, әрине мамандар келіспейтіні анық. Қазір жұмыс орындарын сақтап қалу маңызды, көптеген азамат жұмыссыз отыр», – деді М.Қозыбаев атындағы СҚМУ Академиялық мәселелер бойынша проректордың міндетін атқарушы Жанар Таласпаева.Оқу ақысы өсті
Жаңа оқу жылында еліміздегі таңдаулы жоғары оқу орындарында оқу ақысы қанша екенін сұрап білген едік, дегенмен бұл бағалар әлі де өзгеруі мүмкін. Соның ішінде ең қымбат он оқу орнын атасақ, көш басында Назарбаев университеті тұр. Ондағы оқу ақысы 3 млн 733 мыңнан 4 млн 519 мың теңгеге дейін жетеді. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіндегі оқу ақысы – 980 мыңнан 1,5 млн теңгеге дейін. Нархоз университетіндегі оқу ақысы 750 мыңнан 1,5 млн теңгеге дейін, Сүлеймен Демирел атындағы университетте 780 мың – 1 млн 240 мың теңге аралығында, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде 1 млн 50 мыңнан 1 млн 150 мың теңгеге дейін, М.Нәрікбаев атындағы КАЗГЮУ университетінде 970 мыңнан 1 млн теңгеге дейін, С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-де 1 млн 205 мың теңге, Астана медициналық университетінде 700-930 мың теңге аралығы, Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінде 635-750 мың теңге, Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінде 650-700 мың теңге аралығында. Ең арзан мемлекеттік оқу орны ретінде Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін айтуға болады. Онда жылдық оқу бағасы 270-443 мың теңге аралығында, ал Атырау мемлекеттік университетінде бір жылға 343-636 мың теңге аралығында төлеп білім ала аласыз. Оқу ақысы жоғары мамандықтар қатарына құқықтану, кеден ісі, қаржы, есеп және аудит, экономика, халықаралық қатынастар, халықаралық құқық, әлемдік экономика, ақпараттық жүйелер және есептеу техникасы мен бағдарламалық қамтамасыз ету, стоматология кіріп отыр. Елдегі көшбасшы саналатын әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеттері Quacquarelli Symonds рейтингіне енген. Мәселен, Қазақ ұлттық университеті АҚШ-тың Dartmouth College және Австралияның Newcastle International College оқу орындарымен 207-орынды бөлісіп тұр. Салыстырсақ, АҚШ-тың Dartmouth College жылдық оқу ақысы орта есеппен 22 млн 80 мың теңге (53 мың 496 АҚШ доллары), ал Австралияның Newcastle International College-інде оқу үшін 9 млн 493 мың теңге (23 мың АҚШ доллар) төлеу қажет. Еуразия университетімен деңгейлес Лондондағы Сити университетінде оқу құны 2020-2021 оқу жылдарына 7 млн 28 мың теңге (14 мың 680 еуро), ал Ұлыбританияның Брунеля университетінде 8 млн 962 мың теңге (18 мың 720 еуро) болып белгіленген. Енді оқу ақысындағы айырмашылықты есептей беріңіз. Біздегі ЖОО ақысы біршама арзан болғанымен, аталған елдердің өмір сүру деңгейі мен экономикалық қуатын ескерген жөн. Дағдарыс студенттердің білім алу мүмкіндігіне үлкен әсерін тигізуде. Оның үстіне, білім алушыларды қашықтықтан оқыту да арзанға түспейді. Біздің елде университетте оқуды өмірдегі ең маңызды мәселе санайды. Сондықтан ата-аналар тірнектеп жиған қаржысын баласының оқуына салып келген. Енді не болмақ? Амалы таусылған ата-ана тағы да несиеге қол созбақ па? Бұл мәселеде мемлекет тарапынан нақты қадамдар жасалуы тиіс секілді.Сұңқарбек БАТАНҰЛЫ