Алматыда жасырын дәрі цехы анықталды

Алматыда жасырын дәрі цехы анықталды

Дәрі-дәрмек жасырын цехта өн­дірілгеннен кейін көпшіліктен: «Оның сапасы қандай екен? Та­лапқа сай ма?» деген сұрақ туары анық. Қазіргі таңда дәрілер тәркі­ле­ніп, сараптама жасалып жатыр. Са­раптамадан соң жасырын өнді­ріл­ген дәрілердің сапасы анықталады. «Жасырын цехта негізінен ро­тоцеф, солкасерил, регидрон оп­тим, кальций Д3 никомед, це­фа­мед, цераксон, цефтазидин және басқа да дәрі-дәрмек өндірілген. Жалпы, 30-40 дәрі-дәрмектің түрі анық­талды. Кейбір дәрі-дәрмектің пай­далану мерзімі өткен. Яғни, олар жапсырмасын ауыстыру ар­қы­лы үй жағдайында астыртын цех­та жа­саған», – деді қалалық Эко­­номи­калық тергеу департа­мен­тінің рес­ми өкілі Жақсылық Мырзахан. Осылайша, құқық қорғау ор­ган­дары күмәнді дәрі-дәрмекті еліміздегі көтерме және бөлшек сауда желісі арқылы заңсыз сату әрекетінің жолын кесті. Бұл факті бо­йынша тергеу амалдары жүргі­зілуде, сараптама тағайындалды. Оқиғаға қатысы бар үш азамат ұсталып, оларға заңсыз кәсіпкер­лікпен айналысқаны үшін қылмыс­тық іс қозғалған. Қазір тергеу амал­дары жүргізіліп жатыр. Қазіргі таңда Алматыда дәрі-дәрмектің бағасы және оның қан­дай жағдайда сатылып жатқанына бақылау жасау үшін арнайы мони­торингтік топ құрылған. Мобильді топ құрамында заңсыз дәрі сау­дасының жолын кесу үшін поли­ция, Экономикалық тергеу депар­таменті, Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін қадағалау департаментінің мамандары тар­тыл­ған. Бұл топтар әр ауданда тұ­рақты рейд жүргізіп отыр. Мони­торингтік топтың берген мәліме­тіне қарағанда, қазіргі таңда өте қажет тауарға айналып тұрған дәрі-дәрмекке қатысты заңсыз әре­кетке барған дерек тек бұл емес. Ондай оқиғалардың орын алып жатқанын қала басшысы да жоққа шығармайды. БАҚ өкілдеріне ар­налған брифингте қала әкімі Ба­қытжан Сағынтаев: «Қалада меди­циналық заттар мен дәрі-дәрмек бағасын шарықтатқан алыпса­тар­лар ұсталды. Олар ең қажет бұйым­дарды көтерме бағамен көп мөл­шер­де сатып алған. Сосын интер­нет арқылы хабарландыру берген. Қалалық полициямен бірлесе оты­рып, клиент ретінде хабарла­сып, кездесуден соң оларды әшке­релеумен айналыстық. Осылайша, 8,5 млн теңгенің дәрі-дәрмегі тәркіленді» деген болатын. Сондай-ақ әр ауданға жасалған рейд барысын бақылап көргені­мізде дәрі-дәрмекті заңсыз сату әрекеттері жиі әшкере болып жат­қанының куәсі болып отырмыз. «Қалалық прокуратураның үй­лестіруімен мобильді топтар қа­ладағы дәріханалар арқылы белгі­ленген бағадан асыра сату фактісі бойынша 109 құқықбұзушылықты анықтады, 109 адам Әкімшілік құ­қықбұзушылық туралы кодексінің 426-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 25 факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Жүргізілген рейд аясында 1 000 пакет көлемін­дегі дәрі-дәрмек алынды және 8,5 миллион дана медициналық бет­перде тәркіленді. Олар қаланың денсаулық сақтау мекемелеріне тапсырылды», – деді ведомство­дағылар. Өкінішке қарай, дәрі-дәрмекті жоғары бағамен сату әрекеттері тек Алматы қаласында емес, еліміздің бүкіл өңірінде болып жатыр. Поли­ция қызметкерлері ел аумағында өткен 21 күн ішінде осындай 604 фактіні анықтаған. Ішкі істер ор­ган­дарына 487 адам жеткізілсе, оның 284-і медицина саласының қызметкерлері. Криминалдық по­ли­цияның хабарлауына қарағанда, сын сағатта бас пайдасын ойлаған пысықайлардың жартысына жуы­ғы фармакология саласының қыз­меткерлері екен. Сатушылар Instagram, Telegram және басқа да әлеуметтік желілерде, WhatsApp чаттар бойынша, жеке сайттарда хабарландыру береді. Лицензиясыз жасырын дәріханалар ашады, сондай-ақ қолданыстағы дәріхана пункттерінде бағаны заңсыз көтереді. Ел басына күн туған қиын шақта пайда тауып қалуды ойлаған пысықайлар заңды жазасын алуы тиіс.  

Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ