Сәтбаев: жоғалған қызды иісшіл ит тапты
Сәтбаев: жоғалған қызды иісшіл ит тапты
179
оқылды
5-қабаттағы үйде баланың ата-анасы қаралы шаңыраққа көңіл айту үшін Жезқазған қаласынан келген. Есік алдында ойнап жүр­ген қыз бала үйге қайту үшін подъезге кіреді. Бірақ бала жоға­рыға көтерілмеген күйі жоғалып кеткен. 23 шілде күні сағат 21.00-де ата-анасы баланың жоғалғаны туралы полиция бөліміне шағым­данған. Бейнежазбада баланың подъез­ге кіргені, бірақ шықпағаны анықталады. Полиция қызмет­керлері әр пәтерге кіріп сұрау салады. Ұсталған күдікті пәтерін ашып көрсеткен, полицейлер бөл­мені аралап шығып кеткен. Пәтерлерді аралау еш нәтиже бер­мейді. Полицейлер іздеу шарала­рына кинологті тартады. Ізшіл итке баланың киімдерін иіскетеді, ол бірден ақсақал адамның үйіне алып келеді. Жедел уәкілдер үйге қайта кіріп, барлық шкаф, төсекті ақтарады, аударады. Бала диван­ның астында байлаулы күйінде табылады. Полицейлер әлсіреген баланың байлауын шешіп, дәрігер шақырады. Баланы іздеуге атса­лысқан еріктілерге баланың та­былғаны хабарланады. Қыз бала­ның 1-қабаттағы көрші кісінің үйінен табылғаны әлеу­меттік желілер арқылы жедел тарап кетеді. Мессенджерден та­раған ақпарат үй алдына жүзден аса адамның жиналуына себепкер болды. Жиналғандар азғынды қолдарына беруді талап етіп, үйге кіруге ұмтылады. Полицейлер күдіктіге поли­ция формасын кигізіп, қоршап алып шығып, жедел автозакка отыр­ғызып жіберген. Халық кү­дік­тіні алып кеткенін байқамай қалған. Ашулы топ үйге басып кіріп, барлық жиһазды қиратқан. Бүгін тергеу судьясы Серік Иса­баев бейнебайланыс арқылы мәжіліс өткізіп, күдіктіні 2 айға қа­мау туралы санкция берді. Кү­діктінің адвокаты 62 жастағы аза­матты қамамауды, халық ашуы­нан қорғауды сұрады. Қор­ғаушы күдіктінің бірнеше науқасы барын да алдыға тартты. Деген­мен судья кеңесуден кейін 1958 жылы туған азаматты 23 шілдеден бастап 2 айға қамау туралы шешім шығарды. Бала зорланған түні Жезқазған қаласының полиция бастығы, полиция полковнигі Амангелді Құрманов жарақаттанды. Кейбір куәгерлер полиция басшысы мем­лекеттік тілде байланыс ор­ната алмаған соң қарсылыққа ұшырады деп болжам жасап отыр. Полковниктің миы шайқалып, бірнеше жарақат алған. Полиция басшысының соққыға жығылғаны туралы видео тарап кеткен соң ол мәлімдеме жасады. Видеода пол­ковникті жиналған топтың ішін­дегі біреу «мынау ішіп алған ғой» деп айыптайды. «Бүгін осыдан 2 күн бұрын бол­ған оқиға туралы видео тарап жатыр. Бұл видеода мен екенімді, Жезқазған қаласының полиция бастығы, полиция полковнигі Аман­гелді Құрманов екенімді рас­таймын. 5 жастағы қыз бала­ның жоғалғаны туралы естіген бет­те басқармаға келіп, жеке құ­рамды жинап, Сәтбаев қаласына жедел шығып кеттім. Түнгі 01.00 шама­сында оқиға орнына келген кезде көп адамның жиналғаны, жаппай бұзақылық басталғаны белгілі бол­ды. Халық педофилді қол­ға беруін сұрап, подъезге кі­руге ұмтылды. Біз алдыңғы қатар­ға шығып, подъезді қоршап тұр­дық. Осы уақытта біреу полиция қызмет­керлерін бір-бірлеп әке­туге үндеді. Топталған адам менің қасымда тұрған қызметкерді ор­та­ға сүйретіп әкетпек болды. Оны қолымнан босатпаған күйі мен оларға барып, қызметкерді боса­туды, оның еш кінәсі жоқ екенін айтуға тырыс­тым. Мен оларды сөзіме сендіре алдым, олар оны жі­берді. Осы сәт­те мені біреу та­нып, бұл поли­ция басшысы деп айғайлады. Жиналғандар мені жан-жағымнан қоршап алып, кү­діктіні беруді талап етті. Мен олар­ға заң алдында бәрі тең еке­нін, олардың жазалай алмайты­нын, бұл азамат заң бо­йынша өз жазасын алатынын айт­тым. Мұ­ның барлығы 30-40 ми­нут­тың ішінде орын алды. Мен артқы жақ­тан басыма, денеме соқ­қы ал­дым. Халықтың мені тың­дамай­тынына, оларды көндіру мүмкін емесіне көзім жеткен соң, олар­дың барлық негатив эмоция­сы мен көңіл күйін өзіме қабылда­дым. Ол күні мен спирттік ішімдік ішкен жоқпын», – дейді пол­ковник. Сол күні полиция бөлім­ше­сінің алдына жиналғандар қол­ы­на түскен тастарды лақты­рып, көліктерді қиратқан. Өрте­гіш құралдар лақтырған. Бірнеше полиция қызметкері жарақат­тан­ған. Бұзақылық жасады деген күдікпен үш азаматты тұтқынға алуға санкция берілді. Оларға қандай айып тағылғаны әзірге белгісіз. Полиция қызметі мен азаматтарға келтірілген шығын да айтылған жоқ. Дүрлігу кезінде зардап шеккендердің мүлкіне кім жауап беретіні де айқын емес. Үшінші күні 5 жасар қыз бала­ның ата-анасы мәлімдеме жасады. Жезқазған қаласының Instagram парақшасында баланың ата-ана­сы Манар және Өтеубай Сүлей­мендер Жезқазған мен Сәтбаев тұрғындарына үндеу жолдады. «Біз алдымен қызы­мыз­ды із­деуге көмектескен еріктілер мен жанашыр жандарға зор алғы­сымызды білдіреміз. Сіздердің арқаларыңызда біз Айсезімді же­дел таптық. «Корпорация Қазақ­мыс» ЖШС-на қазіргі сәтте көр­сетілген көмек үшін жеке алғыс айтамыз. Компания басшылығы Айсезімді оңалту мен қалпына кел­тіруіне жұмсалатын барлық қа­ражатты төлеуді мойнына алды. Қаржылық көмекке мұқтаж емес­піз. Соңында қызымыздың фо­тосын көбейтіп, оны коммен­тарийде талқылап, тексерілмеген ақпаратты таратпауларыңызды сұраймыз. Біз болған оқиғаны тезірек ұмытқымыз келеді. Әр­түрлі жиындар жасамауды сұрай­мыз, біздің қайғымыз басқалар­дың қайғысына себеп болмағанын қалаймыз, әрі ол бізге сол ауыр түнді еске салатын болады. Бар­лығыңызға рақмет» деп жазады Сүлейменовтер отбасы. Азғынды қолына беруді та­лап еткен адамдардың алдарына шы­ғып басу айтқан Сәтбаев қа­ласының әкімі Асқар Ыдырысов та жа­рақаттанған. Жиналғандар оған да тас жаудырып, айтқан ба­суын тыңдамаған. Ертеңінде қала әкімі жұмыстан шығуға өтініш жазды. Құзырлы органдардың де­регінше, әкімнің жұмыстан шы­ғуға өтініш білдіруі бала зор­ланған оқиғаға қатысы жоқ. Бұған дейін қалалық тұрғын үй қатынас­тары бөлімінің басшысы 12 млн теңге бюджет қаржысын жымқыр­ғаны үшін істі болған. Қарама­ғындағы қызмет­кердің жемқор­лық әрекеті дә­лелденсе, басшысы орнын бо­сатуы керек. Осы тәр­тіп­пен Асқар Ыды­рысов жұмыс­тан шығуға өтініш жазды, бірақ облыс әкімі оған қол қоймады. Сәтбаев қаласы әкіміне сөгіс жарияланды. Ішкі істер министрі Е.Тұр­ғым­баев Сәтбаев қаласындағы оқиғаны өршіткен әлеуметтік же­лілер мен мессенджерде тексе­ріл­меген ақпараттың тарауы деп мәлімдеді. Бала жоғалып, табыл­ған түні таңға жақын Сәтбаев қаласында интернет бұғатталды. Сәтбаев қаласының 200-ге жуық тұрғыны Сирияға кетіп қал­ғаны белгілі. Бұл өңірдің билікке деген көзқарасы осыған дейін де ақсап тұрған болатын.  

Ләззат ҚОЖАХМЕТОВА, Қарағанды облысы