5-қабаттағы үйде баланың ата-анасы қаралы шаңыраққа көңіл айту үшін Жезқазған қаласынан келген. Есік алдында ойнап жүрген қыз бала үйге қайту үшін подъезге кіреді. Бірақ бала жоғарыға көтерілмеген күйі жоғалып кеткен. 23 шілде күні сағат 21.00-де ата-анасы баланың жоғалғаны туралы полиция бөліміне шағымданған. Бейнежазбада баланың подъезге кіргені, бірақ шықпағаны анықталады. Полиция қызметкерлері әр пәтерге кіріп сұрау салады. Ұсталған күдікті пәтерін ашып көрсеткен, полицейлер бөлмені аралап шығып кеткен. Пәтерлерді аралау еш нәтиже бермейді. Полицейлер іздеу шараларына кинологті тартады. Ізшіл итке баланың киімдерін иіскетеді, ол бірден ақсақал адамның үйіне алып келеді. Жедел уәкілдер үйге қайта кіріп, барлық шкаф, төсекті ақтарады, аударады. Бала диванның астында байлаулы күйінде табылады. Полицейлер әлсіреген баланың байлауын шешіп, дәрігер шақырады. Баланы іздеуге атсалысқан еріктілерге баланың табылғаны хабарланады. Қыз баланың 1-қабаттағы көрші кісінің үйінен табылғаны әлеуметтік желілер арқылы жедел тарап кетеді. Мессенджерден тараған ақпарат үй алдына жүзден аса адамның жиналуына себепкер болды. Жиналғандар азғынды қолдарына беруді талап етіп, үйге кіруге ұмтылады. Полицейлер күдіктіге полиция формасын кигізіп, қоршап алып шығып, жедел автозакка отырғызып жіберген. Халық күдіктіні алып кеткенін байқамай қалған. Ашулы топ үйге басып кіріп, барлық жиһазды қиратқан. Бүгін тергеу судьясы Серік Исабаев бейнебайланыс арқылы мәжіліс өткізіп, күдіктіні 2 айға қамау туралы санкция берді. Күдіктінің адвокаты 62 жастағы азаматты қамамауды, халық ашуынан қорғауды сұрады. Қорғаушы күдіктінің бірнеше науқасы барын да алдыға тартты. Дегенмен судья кеңесуден кейін 1958 жылы туған азаматты 23 шілдеден бастап 2 айға қамау туралы шешім шығарды. Бала зорланған түні Жезқазған қаласының полиция бастығы, полиция полковнигі Амангелді Құрманов жарақаттанды. Кейбір куәгерлер полиция басшысы мемлекеттік тілде байланыс орната алмаған соң қарсылыққа ұшырады деп болжам жасап отыр. Полковниктің миы шайқалып, бірнеше жарақат алған. Полиция басшысының соққыға жығылғаны туралы видео тарап кеткен соң ол мәлімдеме жасады. Видеода полковникті жиналған топтың ішіндегі біреу «мынау ішіп алған ғой» деп айыптайды. «Бүгін осыдан 2 күн бұрын болған оқиға туралы видео тарап жатыр. Бұл видеода мен екенімді, Жезқазған қаласының полиция бастығы, полиция полковнигі Амангелді Құрманов екенімді растаймын. 5 жастағы қыз баланың жоғалғаны туралы естіген бетте басқармаға келіп, жеке құрамды жинап, Сәтбаев қаласына жедел шығып кеттім. Түнгі 01.00 шамасында оқиға орнына келген кезде көп адамның жиналғаны, жаппай бұзақылық басталғаны белгілі болды. Халық педофилді қолға беруін сұрап, подъезге кіруге ұмтылды. Біз алдыңғы қатарға шығып, подъезді қоршап тұрдық. Осы уақытта біреу полиция қызметкерлерін бір-бірлеп әкетуге үндеді. Топталған адам менің қасымда тұрған қызметкерді ортаға сүйретіп әкетпек болды. Оны қолымнан босатпаған күйі мен оларға барып, қызметкерді босатуды, оның еш кінәсі жоқ екенін айтуға тырыстым. Мен оларды сөзіме сендіре алдым, олар оны жіберді. Осы сәтте мені біреу танып, бұл полиция басшысы деп айғайлады. Жиналғандар мені жан-жағымнан қоршап алып, күдіктіні беруді талап етті. Мен оларға заң алдында бәрі тең екенін, олардың жазалай алмайтынын, бұл азамат заң бойынша өз жазасын алатынын айттым. Мұның барлығы 30-40 минуттың ішінде орын алды. Мен артқы жақтан басыма, денеме соққы алдым. Халықтың мені тыңдамайтынына, оларды көндіру мүмкін емесіне көзім жеткен соң, олардың барлық негатив эмоциясы мен көңіл күйін өзіме қабылдадым. Ол күні мен спирттік ішімдік ішкен жоқпын», – дейді полковник. Сол күні полиция бөлімшесінің алдына жиналғандар қолына түскен тастарды лақтырып, көліктерді қиратқан. Өртегіш құралдар лақтырған. Бірнеше полиция қызметкері жарақаттанған. Бұзақылық жасады деген күдікпен үш азаматты тұтқынға алуға санкция берілді. Оларға қандай айып тағылғаны әзірге белгісіз. Полиция қызметі мен азаматтарға келтірілген шығын да айтылған жоқ. Дүрлігу кезінде зардап шеккендердің мүлкіне кім жауап беретіні де айқын емес. Үшінші күні 5 жасар қыз баланың ата-анасы мәлімдеме жасады. Жезқазған қаласының Instagram парақшасында баланың ата-анасы Манар және Өтеубай Сүлеймендер Жезқазған мен Сәтбаев тұрғындарына үндеу жолдады. «Біз алдымен қызымызды іздеуге көмектескен еріктілер мен жанашыр жандарға зор алғысымызды білдіреміз. Сіздердің арқаларыңызда біз Айсезімді жедел таптық. «Корпорация Қазақмыс» ЖШС-на қазіргі сәтте көрсетілген көмек үшін жеке алғыс айтамыз. Компания басшылығы Айсезімді оңалту мен қалпына келтіруіне жұмсалатын барлық қаражатты төлеуді мойнына алды. Қаржылық көмекке мұқтаж емеспіз. Соңында қызымыздың фотосын көбейтіп, оны комментарийде талқылап, тексерілмеген ақпаратты таратпауларыңызды сұраймыз. Біз болған оқиғаны тезірек ұмытқымыз келеді. Әртүрлі жиындар жасамауды сұраймыз, біздің қайғымыз басқалардың қайғысына себеп болмағанын қалаймыз, әрі ол бізге сол ауыр түнді еске салатын болады. Барлығыңызға рақмет» деп жазады Сүлейменовтер отбасы. Азғынды қолына беруді талап еткен адамдардың алдарына шығып басу айтқан Сәтбаев қаласының әкімі Асқар Ыдырысов та жарақаттанған. Жиналғандар оған да тас жаудырып, айтқан басуын тыңдамаған. Ертеңінде қала әкімі жұмыстан шығуға өтініш жазды. Құзырлы органдардың дерегінше, әкімнің жұмыстан шығуға өтініш білдіруі бала зорланған оқиғаға қатысы жоқ. Бұған дейін қалалық тұрғын үй қатынастары бөлімінің басшысы 12 млн теңге бюджет қаржысын жымқырғаны үшін істі болған. Қарамағындағы қызметкердің жемқорлық әрекеті дәлелденсе, басшысы орнын босатуы керек. Осы тәртіппен Асқар Ыдырысов жұмыстан шығуға өтініш жазды, бірақ облыс әкімі оған қол қоймады. Сәтбаев қаласы әкіміне сөгіс жарияланды. Ішкі істер министрі Е.Тұрғымбаев Сәтбаев қаласындағы оқиғаны өршіткен әлеуметтік желілер мен мессенджерде тексерілмеген ақпараттың тарауы деп мәлімдеді. Бала жоғалып, табылған түні таңға жақын Сәтбаев қаласында интернет бұғатталды. Сәтбаев қаласының 200-ге жуық тұрғыны Сирияға кетіп қалғаны белгілі. Бұл өңірдің билікке деген көзқарасы осыған дейін де ақсап тұрған болатын.
Ләззат ҚОЖАХМЕТОВА, Қарағанды облысы