Үкімет басшысы орынбасарының өңірге жұмыс сапары аясында «СҚ-Фармация» ЖШС дәрі-дәрмек сақтау қоймалары тексеріліп, медициналық мекемелердің бір айлық тұрақты қормен қамтамасыз етілуі тексерілді. Атырауға Үкімет тарапынан болған қолдаудың нәтижесінде медициналық мекемелерді дәрі-дәрмекпен қамту жолға қойылған. Атап айтқанда, «СҚ-Фармация» апта сайын 338 түрлі препарат жеткізіп келеді. Мұның сыртында облыстың дәріханаларына соңғы екі апта ішінде 80 тонна дәрі-дәрмек әкелінген. Аса қажетті дәрі-дәрмек бойынша облыстың барлық медициналық мекемелерінде бір айлық қор бар, алайда қажетті 8 дәрі бойынша қор бір аптаға ғана жетеді. «СҚ-Фармация» ЖШС басқарма төрағасы Ерхат Исқалиев аталған мәселені 3 күн ішінде шешуге сөз берді. Премьер-Министрдің орынбасары Е.Тоғжанов «СҚ-Фармация» компаниясына облыс әкімдігімен бірлесе отырып, үш айлық дәрі-дәрмек қорын қалыптастыру үшін өтінім беру жұмыстарын жүргізуді тапсырды. Премьер-Министрдің орынбасары Е.Тоғжановтың қатысуымен облыстағы эпидемиялық ахуалды тұрақтандыру мақсатында шұғыл шешім қабылдау үшін жиын өтті. Жиын соңында медициналық мекемелерді өкпені жасанды желдету аппаратымен және оттегі концентраторымен толық жабдықтау үшін нақты шешім жолдары әзірленіп, протоколдық тапсырмалар қабылданды. Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов өңірге сапары аясында COVID-19 пандемиясына қарсы инфекциялық станционар ретінде жұмыс істеп жатқан Атырау облыстық №2 ауруханасына барды. Онда барлығы 1 557 адам коронавирус инфекциясымен түскен. Олардың 1 386-сы жазылып шыққан. Облыста қазіргі кезде инфекциялық орындар 60 пайызға артқан. Ал шілде айының басынан бері аталған орындар 83 пайыздан 61,7 пайызға дейін босаған. Қосымша сапалы медициналық көмек көрсететін тәулік бойы жұмыс істейтін call-орталық ұйымдастыру арқылы жәдел жәрдемге түсетін қоңыраулар 1 300-ден 700-ге дейін азайған. Күн сайын рейд өткізетін 114 мониторингтік топ 563 заңбұзушылықты анықтап, 10 миллион теңгеден астам соманың айыппұлы салынған. Үкімет басшысының орынбасары Ералы Тоғжанов өңірдегі эпидемиялық ахуалды саралай келе, жергілікті басшылыққа түсіндіру жұмыстарын күшейтуді жалғастырып, халық санитарлық нормаларды сақтауға баса мән беру керегін атап өтті.
Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ, Атырау облысы