Шетелдік нөмірдің шешімін айтты
Шетелдік нөмірдің шешімін айтты
165
оқылды
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген оты­рысында шетелдік нөмірмен жүрген көліктердің мәселесін шешу үшін оларды уақытша тіркеуді тапсырды. «Қазір Қазақстанда уақытылы тір­кеуден өтпеген, Еуразиялық экономи­калық одақ елдерінен келген көліктер мәселесі бар. Мәселен, Ресей мен Қыр­ғыз­станда қазақстандықтар көлікті сенімхат бойынша алады, яғни іс жүзінде көліктің иесі саналады. Олар көлікті Қазақстанда тіркеусіз пайдаланып жүр. Ал Арменияда жерлестеріміз Қазақстан заңнамасын бұзып, техникалық құжат рәсімдеп жатыр. Көбі елге келген көлікті тіркеуден өткізбейді. Бас прокуратураға осы мәселені шешуге тапсырма беремін. Мәселені шешу үшін Үкімет бір ай ішінде бір реттік тәртіппен 2020 жылдың 1 ақпа­нындағы жағдай бойынша Қазақстан азаматтарының ЕЭО-дан жеке пайдалану үшін әкелінген автокөліктерді уақытша тіркеуді қамтамасыз етуі керек», – деп мәлімдеді Мемлекет басшысы. Президент мұндай көлігі бар адамдар 2021 жылдың 1 наурызына дейін кедендік баж салығы мен утилизация алымын төлеп, көлікті тұрақты тіркеуден өткізуге немесе Қазақстан аумағынан шығаруы тиіс екенін айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке бұ­дан былай Қазақстан заңнамасына қай­шы келетін жолмен автокөлік әкелуге жол бермеуді қадап тапсырды. Енді Еу­ра­зиялық экономикалық одақ аясында қол қойылатын құжаттың барлығы ең алдымен Қазақстанның ұлттық мүддесін ескеруі керек екенін айтты. Айта кетейік, биыл қаңтардың 14-і күні Ішкі істер министрлігі «Қазақстан аумағына кірген Армения, Қырғызстан, Ресей нөмірі бар көліктерді заңға сай тіркеу керек» деп мәлімдеді. Министр­ліктің бұл талабы кей жүргізушілердің наразылығын тудырған. 16-19 қаңтар арасында Ақтау, Ақтөбе, Алматы, Атырау, Жаңаөзен, Орал, Пет­ро­павл және Семей қалаларында көлік жүр­гізушілері ереуіл жасаған. Полицей­лердің айтуынша, шетелдік нөмірі бар көліктер ресми тіркелмегендіктен, «жа­уап­кершілікті» сезінбейді және жол ере­жесін бұзса да, бақылау камераларына түспейді. Ал жүргізушілер «тіркеу құны көлік бағасынан да асып кетеді» деп ашынады.   Ерсайын БАҒДАТ