Парламент Мәжілісінің депутаты Нұржан Әлтаев табысы төмен қазақстандықтарға 42 500 теңгені шартсыз тұрақты төлеу бастамасын көтерді. Депутаттың пайымынша, халыққа шартсыз базалық кірістің көлемін төлеу керек. Біріккен Ұлттар Ұйымы мен Дүниежүзілік банк Қазақстанға осындай ұсыныс жасаған.
"Себебі халықтың біраз бөлігі табыссыз қалады деген қауіп бар. Ал базалық кірістің мөлшері төленсе, ол ақша ешқайда кетпейді. Бұл қаржының барлығы ел экономикасында қалады. "Шартсыз базалық кіріс" – бұл табысы төмен адамдарға төленетін қазіргі 42 500 теңге. Бірақ оны табысы төмен азаматтарға тұрақты түрде беріп тұру қажет", - деді Әлтаев AntikorLive алаңына берген сұхбатында.Депутат бұл төлемді карантин кезінде ғана емес, одан кейін де төлеуді ұсынып отыр. Бір-екі жылдай пилоттық жоба ретінде қапһрап көруге болады деп есептейді.
"Мысалы бір-екі жылдай төлеп көруге болады. Артынан осы бастаманың экономикаға ғана емес, халықтың көңіл-күйіне қалай әсер еткенін байқап көру керек", - деп атап көрсетті Әлтаев.Оның айтуынша, халықтың табысы күрт азайып кетсе, кедейшілікпен күресуге тура келеді. Сонда бюджеттен одан да артық ақша шығады. Себебі қылмыс көбейеді. Халықтың наразылығы күшейеді.
"Табысы жоқ адам өз отбасын асырау үшін кез келген қылмысқа барады. Көліктің айнасын да, дөңгелегін де ұрлайды, тіпті, адам өлтіруі мүмкін. Сондықтан табыстың төмендеуі мен кедейшіліктің салдарын азайтуға қыруар қаржы салғанша қазір шартсыз базалық кірісті төлеп, халықтың әл-ауқатын қауіпсіз деңгейде ұстаған жөн. Мемлекетке солай істеген тиімді. Әйтпесе, ертең осы проблеманың салдары одан да ауыр болады", - дейді Әлтаев.