«Алтын» сөрелер азабы
«Алтын» сөрелер азабы
181
оқылды

Жылдың аяқталуына біраз ай қалғанымен, инфляция бүкіл жыл үшін белгіленген шаманы түгесуге таяп қалды. Премьер-министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында жария етілгендей, жылдық бұл көрсеткіш 5,4% деңгейіне жетті. Ал биылғы жылы инфляцияны 4-6% дәліз шегінде ұстау бекітілген болатын. Осыған орай, Үкімет баға қымбатшылығын құрықтайтын ауқымды шараларға кірісуде.

Бұл ретте журналистерге хабарланғандай, мемлекет тек әлеуметтік маңызды тауарлар бағасын ғана реттеп, солардың тұрақтылығын қамтамасыз етеді. Барлық тауар бағасын шектеу туралы сөз болып отырған жоқ.

Ұлттық экономика министрлігінің ақпарынша, биыл барлық өңірде әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарларының (ӘМАТ) бағасы инфляция көлемінен асып кетті және 7,2-15,1% аралығын құрады. Ең жоғары өсу – Нұр-Сұлтанда, Жезқазғанда және Талдықорғанда.

Жалпы, республика бойынша ӘМАТ түрлері арасында ең көп қымбаттағаны пияз – 79%, сәбіз – 59,3%, картоп – 32,9%, күріш – 23,8%, 1-ші сұрыпты ұн – 15,3%.

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағаларын тұрақтандыру және ұстап тұру, олардың өсу себептерін біртіндеп жою мақсатында іс-шаралар кешені әзірленді. Олар 2019 жылдың 16 тамызында күшіне енген. Аталған кешен алдымен отандық өндірушілерге төл тауарларын барлық сауда нысандарына орналастыруына мүмкіндік беруді қарастырады. Әйтпесе, ірі гипер-супермаркеттер тауар жеткізушілерден сөрелерді сатып алуға, арнайы жарна төлеуге міндеттейді. Одан бас тартқандар сауда орнына өз тауарын қоя алмайды. Енді бұл кесір тәжірибемен күрес жүреді.

Бұдан бөлек, халық көп тұтынатын азық-түлік тауарларына қосылатын сауда үстемесін 15%-дан асыруға шектеу қойылады. Жеткізушілерден қосымша ақы алуға тыйым салынады. 4 негізгі тауар түрінің – пияз, картоп, сәбіз, қырыққабат бағасының маусымдық өсуіне жол бермеуге күш салынады. Сонымен қатар өңірлік әкімдіктер көтерме-тарату сауда орталықтарын (КТО), сауда нысандарын салуға және базарларды жаңғыртуға міндеттелді. Бұл ретте ірі қалаларда далада сөре жаятын ашық базарлардан бас тарту көзделуде.

Үкімет басшысы А.Мамин Пре­зидент Қ.Тоқаевтың жақында Ақордада өткен кеңесте әлеу­мет­тік маңызды азық-түлік тауарлары бағасын ұстап тұру мәселесінің маңыздылығын атап өткенін еске салды.

– Әкімдер баға қымбаттауына жол бермеу мәселесін ерекше ба­қылауда ұстауы қажет және күн са­йын мониторинг жүргізіп, же­дел шараларды қабылдауы тиіс, – деген Асқар Мамин әкімдіктерге ӘМАТ бағасын тұрақтандыру тетіктерін іске асырудың «үлгілік өңірлік ережелерін» бекіту жұмы­сын жеделдетуді жүктеді.

Сондай-ақ әкімдерге тұрақ­тандыру қорларына өнімдерді сатып алуға алдын ала кірісуді тап­сырды. Қазір әлеуметтік-кә­сіпкерлік корпорациялардың шот­тары мен депозиттерінде 3,7 мил­лиард теңге пайдаланылмай, бос­қа жатыр. Олар осы мол қар­жыны сатып алуды ұйымдас­ты­рып, интервенцияны жүзеге асы­ру­ға пайдалануы керек.

Үкімет жетекшісі тұрақтан­дыру қорларының тиімділігін арттыру үшін олардың қызметіне тексеру жүргізу, олардың жұмы­сын қайта құру және тауарлық интервенциялар үшін сатып алу­ды жедел жүргізу қажеттігін нық­тады. Сондай-ақ Премьер әлеу­меттік маңызды 10 өнімнің өнді­рісі бойынша бағдарлама әзірлеу туралы тапсырма берді. Бұл, оның сендіруінше, бағаны құрықтаудың маңызды факторы.


Асқар Мамин Сауда және интеграция министрлігіне қысқа мерзім ішінде бірыңғай онлайн платформа әзірлеуді жүктеді. Осы жүйенің көмегімен азаматтар өңірлер мен нақты дүкендердегі әлеуметтік маңызды азық-түлік та­уарлар бағаларын онлайн ре­жимде қадағалай алады. Сонымен бірге, халықтың баға монито­рингіне тікелей қатысуына жол ашылады.

Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов инфляцияның басқа шауып, төске өрлеуіне азық-түлік тауарлары құнының өсуі серпін бергенін растады: бұлардың инфляция өсіміне қос­қан үлесі 3,4 пайыздық тармақты құрады. Басқаша айтқанда, осы тауарлар елдегі бағалар өсімінің шамамен 63%-ын құрады.

– Азық-түлік бағалары өсімі­нің жартысы ӘМАТ-тың 19 түріне тиесілі. Біз биыл инфляцияны бел­гіленген дәлізде ұстап қалу үшін 10 тауарды анықтадық. Олар – пияз, сәбіз, картоп, қы­зыл­ша, күріш, ұн, жылқы еті, қой еті, сиыр еті және нан. Тауар­лар­дың осы тобына қатысты күшей­тілген бақылау жүргізу, сондай-ақ олардың бағаларын төмендету бойынша шаралар қабылдау ұсынылады, – деді бас экономист.

Бағаларды ұстап тұру үшін Үкімет жаңа құралдар әзірледі.

– Қазіргі кезде тауар бағасын ұстап қалу үшін қажетті барлық құралдар бар. Оған – сауда ере­жесі, тұрақтандыру қорлары, сау­да желілерін кредиттеу, көтерме-тарату орталықтары, делдалдық операцияларды мониторингтеу және тексеру жатады. Бұл құрал­дар жергілікті атқарушы орган­дарға баға қымбатшылығын ба­рынша тиімді тежеуге мүмкіндік береді. Сондықтан оларды бел­сенді қолдану қажет, – деп түйді Р.Дәленов.

Өз кезегінде, Сауда және ин­теграция министрі Бақыт Сұлта­нов ӘМАТ бағалардың өсуіне жол бермеу шараларына тоқталды. Оның айтуынша, өткен апта со­ңында күшіне енген Ішкі сауда ережесіне өзгерістер отандық өн­дірушілердің ішкі нарықты өніммен молықтыруына мүм­кін­дік береді.

– Енді барлық сауда объекті­лерінде олар өз тауарларын орна­ластыра алады. Осы мақсатта сауда орындары отандық азық-түлік тауарлары үшін өз сөре­лерінің немесе сауда алаңының кемінде 30%-ын ұсынуға мін­дет­теледі. Бұл ретте халыққа таңдау ыңғайлы болуы үшін отандық өндірістегі тауарлар орналасатын орындар «Қазақстанда жасалған» арнайы белгісімен белгіленетін болады. Облыстар мен мегаполис­тер әкімдері отандық өндіру­шілердің сауда орындарындағы сөрелерге еркін қол жеткізуін қамтамасыз ету және оларды ең көрнекті немесе, сауда тілімен айтқанда, «алтын» сөрелерге ор­наластыру бойынша жұмыс жүргізуі қажет, – деді Б.Сұлтанов.

Жаңа ережеге сәйкес, әлеу­меттік-кәсіпкерлік корпора­ция­лар сатып алынатын тауардың саны және оны өткізу уақыты бойынша тұрақтандыру қорының резервтерін қалыптастырудағы іс-қимылда тәуелсіздік пен еркін­дік алды.

Алыпсатарларды азайту әрі тамақ өнімдерін сақтау, қораптау, өткізу және тасымалдау бойынша өндірушілерге қызмет көрсету мақсатында көтерме-тарату және тарату орталықтарын салу жос­пар­лануда. Олар 5 өңірде – Жам­был, Батыс Қазақстан, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Маңғыстау облысында бой көтермек.

Көтерме сауданы ынталан­дырумен қоса, бөлшек сауда инфрақұрылымын жақсарту жұмыстары жүргізілмесе, бұл нау­қан еш пайда әкелмейді. Сон­дықтан өңірлерде 30-дан астам ірі сауда нысандары тұрғызылуда, тағы 50-ден астам базар жаң­ғыртылуда.

Бүгінде Статистика коми­те­тінің мамандары апта сайын, әр сейсенбіде сауда орындарын аралап, ӘМАТ бағаларын қолмен жинап жүр. Ресми статистикалық деректер әр бейсенбі күні жария­ланады. Бұған қоса, мұндай ақ­паратты халықтан жинау жүйесі іске қосылмақ: яғни, кез келген азамат әлеуметтік тауар бағасын суретке түсіріп, ӘМАТ бағала­ры­ның статистикасы түзілетін ар­найы сайтқа жібере алады. Сауда министрі бұл жүйені құруға, оған барлық мүдделі меморгандар мен ұйымдарды тартуға дайын екенін мәлімдеді.

Азықты негізінен ауыл береді. Ауыл шаруашылығы министрі Са­пархан Омаровтың дерегінше, рес­публика бойынша 29,8 мың тонна азық-түлік тауары сақтауда тұр.

С.Омаров кейбір тамақ өнім­дерінің қымбаттауы оларды өнді­ру көлемінің төмендеуімен еш байланысты емесіне сендірді: бұл тауарлар ауылда жеткілікті түрде шығарылуда, шетелден де еркін импортталуда.

Ауылдағы фермер өз өнімінің бағасын өсірмеуі үшін мемлекет оған беретін қаржы көлемін арт­тырады. Нақтыласақ, АШМ тұ­қым, тыңайтқыш және гербицид бағасын ішінара арзандату түрінде негізгі субсидиялар қарастыруда. Бұдан өзге, сыйақы мөлшерін субсидиялау және жаңбырлатқыш машиналар мен суару жүйелеріне инвестициялық субсидиялау беру жолымен жеміс-көкөніс өнім­дері өндірісін арттыруға жағдай жасалыпты. Ет пен сүт өндірісінің көлемін арттыруды көздейтін ұзақмерзімді салалық бағдар­ла­малар бекітілген. Асылтұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығы өнімінің өнімділігі мен сапасын арттыруды субсидиялау қарастырылуда.

Бірақ бұл бағытта ел бюдже­тінен арна тартар миллиардтар көбірек пайда табуға құлшынған кейбір сала кәсіпкерлерін бақы­тын баға көтеруден іздемеуге иліктіре алмауы да ғажап емес.

Оның үстіне делдалдар да ел қалтасын қағып, бұқара жағдайын қиындатуда. Мысалы, сәбізді олар өндірушіден әр келісін 67 тең­­геге алып, тұтынушыға 151 теңгеге сатады екен. Үстеме баға 84 тең­геге жетеді. Енді нан, жылқы еті, қой еті, сиыр еті, пияз, сәбіз, кар­топ, қызылша, күріш және ұн бо­йынша алыпсатарлық үстеме 
15 пайызбен шектеледі. Бұл олардың құнын сәл де болса арзандатуы қажет.