Үштілді білім үмітті ақтай ма?
Үштілді білім үмітті ақтай ма?

Мемлекеттік саясаттың ең маңызды бағыттарының бірі – тілді дамыту. Болашақта Қазақстанды бүкіл әлем үш тілді бірдей пайдаланатын жоғары білімді мемлекет ретінде тануы керек. Қазақ тілі – мемлекеттік тіл, орыс тілі – ұлтаралық қарым-қатынас тілі, ал ағылшын тілі – жаҺандық экономикаға ойдағыдай кірігу тілі. Міне, осы тұрғыдан келгенде үш тілде оқыту – заман талабы. Десек те, үштілді оқыту жүйесі басталғалы қоғамның пікірі екіге жарылды. Бірі бұл бастама болашақтың алтын кілті екенін екенін алға тартса, енді бірі онсыз да ақсап тұрған ана тіліміз – қазақ тілінің мәселесі одан сайын күрделене түседі деп күмәнданды. Сондықтан бұл жерде біржақты пікірге бой алдырмай, мәселенің екі жағына да байыппен қарап, ортақ шешімді ұстану керек-ақ.

Қалай десек те ағылшын ті­лі – жаңа технология, жаңа эко­номиканың тілі. Бүгінде 90 па­йыз ақпарат ағылшын тілінде жарияланады. Әлем бойынша 1,5 миллиард адам ағылшын тілінде сөйлейді. Еуропалық одаққа кіретін 28 елдің ішінде 17-сі шет тілдерін балабақшадан бастап оқытады. Экономикалық ынтымақтастық ұйымына кіре­тін мемлекеттердің жартысы ағыл­шын тілін бастауыш мек­тептің бағдарламасына енгізген. Басқалары 6-7 сыныптан бастап, оқыта бастайды. Соның арқа­сын­да, еуропалықтардың 54 па­йызы кем дегенде бір шет тілін, 25 пайызы екі шет тілін білсе, 10 па­йызы үш тілде еркін сөй­лейді. English First рейтинг агенттігінің мәліметінше, ағыл­шын тілін білетін халықтың кіріс көзі өсіп, жұмыссыз жастардың саны аз болады екен. Бұл деге­ніңіз – ағылшын тілін меңгермей, Қазақстан жалпыұлттық про­греске жете алмайды деген сөз.

Бізде биылғы оқу жылынан бастап 10-11 сыныптарда кейбір пәндерді ағылшын тілінде оқы­татын болады. Ал төрт бірдей са­бақты ағылшын тілінде беру үшін оны меңгеруді бірінші сы­ныптан бастау қажет. Осы мәселе бастауыш мектептің жаңа бағ­дар­ламасына енгізілді. Енді 2-сынып оқушылары ағылшын тілін 102 сағат бойы үйренеді. Осыны іске асыру үшін мұға­лімдерді ғаламтор арқылы ағыл­шын тіліне жаппай оқыту қолға алынады.

«Шынында да, мемлекеттік тіл болып есептелетін қазақ ті­лінің қолданыс ауқымын кеңейте алмай жатқанда, орыс тілінің белсенді ықпалы аз болғандай, ағылшын тілі оған үстемелене түседі деген пікірлердің де жаны бар. Керісінше, ағылшын тілі қайта орыс тілінен алшақтауға, ғылым мен техникадағы жетіс­тіктерді тікелей ағылшын тілі арқылы меңгеріп, әлем халық­тарымен тікелей қарым-қатынас жасауға мүмкіндік бермек деген сияқты екінші бағыттағы пози­тив пікірлер тағы бар. Иә, мә­селенің екі ұшы бар екені рас. Бірақ маман ретінде айтарым, қалай болған күнде де біздің балаларымызға, елдің болашағы саналатын жастарға ағылшын тілін білу аса қажет. Қазақстан­дық оқушылардың ағылшын тілін білмеуі IT технологиялар, робот жасау, биомедицина, кибер­нетика және тағы басқа сала­лардың соңғы жаңалық­тарын оқып-білуге қолбайлау болып отыр. Үштілді оқыту жү­йесі мем­лекеттік тілді еш шек­теп жатқан жоқ», – дейді үштілді білім беру орталығының дирек­торы Самал Естиярова.

Ақпарат алмасу, білім алу – ағылшын тілін меңгерудің пай­далы жақтарының бірі. Ағылшын тілінің тағы бір мүмкіндігі жас­тардың тек білім алып қана қоймай, ағылшын тілі арқылы шетелдік білім беру орындары мен ұйымдарында тәжірибе алмасуына, жұмыс істеуіне жағ­дай туғызады. Алайда «тану», «білу», ұғымынан «жұтылу» ұғы­мының аражігін ажырата біліп, тізгінді тең бағамдай алғанымыз да орынды болар еді.

«Бүгінде балалардың дені ақылы ағылшын тілі курстарына барады. Ата-аналардың көбісі балаларын қосымша курстарға беру керек екенін түсінді. Бірақ енді қаржы мәселесі барлық адамның бірдей бұл қажеттілікті өтеуіне мүмкіндік бермейді. Сол себепті, ондай курстарға бара алмай жүргендер де бар. Ал үштілді оқыту жүйесін енгізу арқылы біз бәріне бірдей жағдай жасаймыз. Балалар ағылшын тілін тегін оқиды. Меніңше, өз балаңның Қазақстанда ғана емес, шетелде де бәсекеге қа­бі­летті бола алатынын білсең, еш алаңдамайсың. Олардың жұ­мы­сы жақсы, табысы мол бола­ты­нына сенімді боласың», – дейді №74 мектеп-гимназиясының ағалшын тілі пәнінің мұғалімі Айсәуле Аймұратова.

Ағылшын тілі – ғасырлар бойы қалыптасқан мәдениеттің көрінісі. Сонымен қатар әр тіл­дің табиғаты өз ұлтының мәде­ниетінің айрықша үлгісі. Де­генмен ойлау жүйесі тұрғы­сы­нан, мәдени тармақтары тұрғы­сынан кез келген шет тілін үй­рену таным мен психологияны өзгертіп қана қоймай, мәдениеті қалыптасқан үлгілердің, психо­логиялар мен ойлау жүйелерінің алмасуына, трансформа­ция­ла­нуына алып келеді. Бірақ бұл өз құндылықтарымызды жоғалтуға апармауы қажет. Қалай бол­ғанда, бұл саясат аясында қазақ тілінің мүмкіндігін арттырып, іс жүзінде елдің тыныс-тіршілігі мен құ­ры­лымын, жүйесін қа­лыптас­тыруда қажетті тілге айналдыруға ұм­ты­лу – басты бағыт болуы керек.

 

Ләйла РУСЛАН