Мемлекеттік саясаттың ең маңызды бағыттарының бірі – тілді дамыту. Болашақта Қазақстанды бүкіл әлем үш тілді бірдей пайдаланатын жоғары білімді мемлекет ретінде тануы керек. Қазақ тілі – мемлекеттік тіл, орыс тілі – ұлтаралық қарым-қатынас тілі, ал ағылшын тілі – жаҺандық экономикаға ойдағыдай кірігу тілі. Міне, осы тұрғыдан келгенде үш тілде оқыту – заман талабы. Десек те, үштілді оқыту жүйесі басталғалы қоғамның пікірі екіге жарылды. Бірі бұл бастама болашақтың алтын кілті екенін екенін алға тартса, енді бірі онсыз да ақсап тұрған ана тіліміз – қазақ тілінің мәселесі одан сайын күрделене түседі деп күмәнданды. Сондықтан бұл жерде біржақты пікірге бой алдырмай, мәселенің екі жағына да байыппен қарап, ортақ шешімді ұстану керек-ақ.
Қалай десек те ағылшын тілі – жаңа технология, жаңа экономиканың тілі. Бүгінде 90 пайыз ақпарат ағылшын тілінде жарияланады. Әлем бойынша 1,5 миллиард адам ағылшын тілінде сөйлейді. Еуропалық одаққа кіретін 28 елдің ішінде 17-сі шет тілдерін балабақшадан бастап оқытады. Экономикалық ынтымақтастық ұйымына кіретін мемлекеттердің жартысы ағылшын тілін бастауыш мектептің бағдарламасына енгізген. Басқалары 6-7 сыныптан бастап, оқыта бастайды. Соның арқасында, еуропалықтардың 54 пайызы кем дегенде бір шет тілін, 25 пайызы екі шет тілін білсе, 10 пайызы үш тілде еркін сөйлейді. English First рейтинг агенттігінің мәліметінше, ағылшын тілін білетін халықтың кіріс көзі өсіп, жұмыссыз жастардың саны аз болады екен. Бұл дегеніңіз – ағылшын тілін меңгермей, Қазақстан жалпыұлттық прогреске жете алмайды деген сөз.
Бізде биылғы оқу жылынан бастап 10-11 сыныптарда кейбір пәндерді ағылшын тілінде оқытатын болады. Ал төрт бірдей сабақты ағылшын тілінде беру үшін оны меңгеруді бірінші сыныптан бастау қажет. Осы мәселе бастауыш мектептің жаңа бағдарламасына енгізілді. Енді 2-сынып оқушылары ағылшын тілін 102 сағат бойы үйренеді. Осыны іске асыру үшін мұғалімдерді ғаламтор арқылы ағылшын тіліне жаппай оқыту қолға алынады.
«Шынында да, мемлекеттік тіл болып есептелетін қазақ тілінің қолданыс ауқымын кеңейте алмай жатқанда, орыс тілінің белсенді ықпалы аз болғандай, ағылшын тілі оған үстемелене түседі деген пікірлердің де жаны бар. Керісінше, ағылшын тілі қайта орыс тілінен алшақтауға, ғылым мен техникадағы жетістіктерді тікелей ағылшын тілі арқылы меңгеріп, әлем халықтарымен тікелей қарым-қатынас жасауға мүмкіндік бермек деген сияқты екінші бағыттағы позитив пікірлер тағы бар. Иә, мәселенің екі ұшы бар екені рас. Бірақ маман ретінде айтарым, қалай болған күнде де біздің балаларымызға, елдің болашағы саналатын жастарға ағылшын тілін білу аса қажет. Қазақстандық оқушылардың ағылшын тілін білмеуі IT технологиялар, робот жасау, биомедицина, кибернетика және тағы басқа салалардың соңғы жаңалықтарын оқып-білуге қолбайлау болып отыр. Үштілді оқыту жүйесі мемлекеттік тілді еш шектеп жатқан жоқ», – дейді үштілді білім беру орталығының директоры Самал Естиярова.
Ақпарат алмасу, білім алу – ағылшын тілін меңгерудің пайдалы жақтарының бірі. Ағылшын тілінің тағы бір мүмкіндігі жастардың тек білім алып қана қоймай, ағылшын тілі арқылы шетелдік білім беру орындары мен ұйымдарында тәжірибе алмасуына, жұмыс істеуіне жағдай туғызады. Алайда «тану», «білу», ұғымынан «жұтылу» ұғымының аражігін ажырата біліп, тізгінді тең бағамдай алғанымыз да орынды болар еді.
«Бүгінде балалардың дені ақылы ағылшын тілі курстарына барады. Ата-аналардың көбісі балаларын қосымша курстарға беру керек екенін түсінді. Бірақ енді қаржы мәселесі барлық адамның бірдей бұл қажеттілікті өтеуіне мүмкіндік бермейді. Сол себепті, ондай курстарға бара алмай жүргендер де бар. Ал үштілді оқыту жүйесін енгізу арқылы біз бәріне бірдей жағдай жасаймыз. Балалар ағылшын тілін тегін оқиды. Меніңше, өз балаңның Қазақстанда ғана емес, шетелде де бәсекеге қабілетті бола алатынын білсең, еш алаңдамайсың. Олардың жұмысы жақсы, табысы мол болатынына сенімді боласың», – дейді №74 мектеп-гимназиясының ағалшын тілі пәнінің мұғалімі Айсәуле Аймұратова.
Ағылшын тілі – ғасырлар бойы қалыптасқан мәдениеттің көрінісі. Сонымен қатар әр тілдің табиғаты өз ұлтының мәдениетінің айрықша үлгісі. Дегенмен ойлау жүйесі тұрғысынан, мәдени тармақтары тұрғысынан кез келген шет тілін үйрену таным мен психологияны өзгертіп қана қоймай, мәдениеті қалыптасқан үлгілердің, психологиялар мен ойлау жүйелерінің алмасуына, трансформациялануына алып келеді. Бірақ бұл өз құндылықтарымызды жоғалтуға апармауы қажет. Қалай болғанда, бұл саясат аясында қазақ тілінің мүмкіндігін арттырып, іс жүзінде елдің тыныс-тіршілігі мен құрылымын, жүйесін қалыптастыруда қажетті тілге айналдыруға ұмтылу – басты бағыт болуы керек.
Ләйла РУСЛАН