Жамбылдан жеткен көш
Жамбылдан жеткен көш
137
оқылды

Биыл Павлодар, Шығыс Қазақстан, Қостанай өңір­­леріне Жамбыл облы­сынан 110 отбасы қоныс аудар­ған. 400-ге жуық жамбыл­­дық отбасы 2017 жылдан бері еліміздің солтүстігі мен шығысына көшіп барған.

Солтүстік пен шығысқа қо­ныс аударуға «Нәтижелі жұмыс­пен қамтуды және жаппай кә­сіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасы әсер еткен. Жо­баның жай-жапсары турасында Ғалижан Мейірманов пікір білдірді.

«Қазір мемлекеттік жобаға қа­тысқысы келетіндер қатары көп. Биыл Павлодар өңі­ріне 13 отбасы көшіп барды. Ал Қостанай мен Солтүстік Қазақ­стан облысына 34 отбасы және Шығыс Қазақстанға 74 адамнан тұратын 29 отбасы қоныс тепті. Олардың басым көпшілігі жер алып, диханшылықпен айна­лысқысы келеді. Көшетіндерге 35 айлық есептік көрсеткіш есебінде көшу субсидиясы бері­леді. Субсидия көшетін отба­сы­ның әрбір мүшесіне төленеді. Қоныс аударған мекенде таңда­ған мамандығы бойынша жұ­мысқа орналасады. Ең басты­сы,баспана беріледі. Баспананы жалға алу ақысын бір жылға дейін мемлекет төлеп береді»,– дейді облыстық жұмыспен қам­туды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы Ғалижан Ме­йірманов.

Мәліметке сүйенсек, Қордай, Байзақ, Жамбыл ауданы мен Тараз қаласының тұрғындары көшуге бейім. Баспана, жұмыс, жаңа орта кімді болмасын қы­зықтыратыны анық. «Еңбек» бағдарламасы көптің көңілінен шықты. Бағдарлама бойынша өзге облысқа көшуге ниет біл­діргендер баршылық. Биыл өзге өңірге 352 адам қоныс ауда­рыпты. 102 тұрғын жұмыспен қам­тылып, 200-ге тарта азамат жұмысқа тұру үшін құжаттарын сайлап отыр.

 

Айбике ЖАНАСЫЛ