Биыл Павлодар, Шығыс Қазақстан, Қостанай өңірлеріне Жамбыл облысынан 110 отбасы қоныс аударған. 400-ге жуық жамбылдық отбасы 2017 жылдан бері еліміздің солтүстігі мен шығысына көшіп барған.
Солтүстік пен шығысқа қоныс аударуға «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасы әсер еткен. Жобаның жай-жапсары турасында Ғалижан Мейірманов пікір білдірді.
«Қазір мемлекеттік жобаға қатысқысы келетіндер қатары көп. Биыл Павлодар өңіріне 13 отбасы көшіп барды. Ал Қостанай мен Солтүстік Қазақстан облысына 34 отбасы және Шығыс Қазақстанға 74 адамнан тұратын 29 отбасы қоныс тепті. Олардың басым көпшілігі жер алып, диханшылықпен айналысқысы келеді. Көшетіндерге 35 айлық есептік көрсеткіш есебінде көшу субсидиясы беріледі. Субсидия көшетін отбасының әрбір мүшесіне төленеді. Қоныс аударған мекенде таңдаған мамандығы бойынша жұмысқа орналасады. Ең бастысы,баспана беріледі. Баспананы жалға алу ақысын бір жылға дейін мемлекет төлеп береді»,– дейді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы Ғалижан Мейірманов.
Мәліметке сүйенсек, Қордай, Байзақ, Жамбыл ауданы мен Тараз қаласының тұрғындары көшуге бейім. Баспана, жұмыс, жаңа орта кімді болмасын қызықтыратыны анық. «Еңбек» бағдарламасы көптің көңілінен шықты. Бағдарлама бойынша өзге облысқа көшуге ниет білдіргендер баршылық. Биыл өзге өңірге 352 адам қоныс аударыпты. 102 тұрғын жұмыспен қамтылып, 200-ге тарта азамат жұмысқа тұру үшін құжаттарын сайлап отыр.
Айбике ЖАНАСЫЛ