Шығыстағы кәсіпкерлер «Жақсылық жаршысына» үн қосты
Шығыстағы кәсіпкерлер «Жақсылық жаршысына» үн қосты
bst
«Атамекен» Ұлттық Кәсіпкерлер палатасы мен "Менің Атамекенім" қоры пандемия жағдайында Қазақстанның барлық мұқтаж азаматтарына және аз қамтылған отбасыларға көмек көрсетуге бағытталған «Жақсылық жаршысы» жалпы республикалық акциясын қолға алған болатын. Акция аясында республикалық маңызы бар үш қалада және еліміздің төрт облысында жақсылық жасау марафоны өтіп жатыр, оның барысында бизнес-қауымдастық өңірлік кәсіпкерлер палаталары арқылы тұрмысы төмен отбасыларға азық-түлік, дәрі-дәрмек, оқушыларға арналған кеңсе тауарлары және тағы басқа көмек көрсетеді. Марафон 21 шілдеде Нұр-Сұлтан қаласында басталып, содан кейін эстафета Шымкент, Алматы, Атырау қалаларына жетті. 23 шілдеде облыстық кәсіпкерлер Палатасы эстафетаны Өскеменде қабылдады. Өскемендік бизнесмендер акцияны қолдап, аз қамтылған отбасыларға көмек көрсетуге қаражат пен азық-түлік жинады. Олардың арасында "Шығыс-Сүт" ЖШС, "Корпорация "Ақшың" ЖШС, ЖК Валиулин, "Ел мен Жер" ЖШС, ЖК Абдулаев, "Фирма "Жас ұлан" ЖШС, "Востокагрохолдинг" ЖШС, "Ремдор" ЖШС, ЖК Құрманғалиев, ЖК Масленников, "Крупы Востока" ЖШС, "Пасека" ШҚ, "Өскемен майзауыты" ЖШС, ЖК Наурызбаев, "ШҚО бизнес-тренерлер қауымдастығы" ҚБ, "Защита элеваторы" ЖШС, "Катон-Қарағай бұғылары паркі"  шаруашылық қожалығы бар. [caption id="attachment_61063" align="alignnone" width="1024"] width= dav[/caption] – Облыстық Кәсіпкерлер палатасының қызметкерлері құрамында макарон өнімдері, күріш, күнбағыс майы, қант, шай, қарақұмық, перловка, ұн, печенье, сүт, томат пастасы, рулет, қойылтылған сүт және тағы басқа өнімдер салынған 200-дей азық-түлік жиынтығын жинады. Азық-түліктер  Өскемен қаласы әкімдігі, облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы, орталық мешіт, "Халифа Алтай" мешіті және басқа да ұйымдар ұсынған тізім бойынша облыс орталығының мүқтаж тұрғындарына жеткізілді, – деді облыстық Кәсіпкерлер палатасының директоры Мәріпбек Шәкербек. Сонымен қатар, облыстық Кәсіпкерлер палатасының өкілдері дүкендердің, бутиктердің, ательенің, кафелердің, тұрғын үйлердің есіктеріне санитарлық ережелерді сақтауға шақыратын 100-ден астам жадынама ілді. Акцияны қала тұрғындарына белгілі Валерий Қасымбаев, Бауыржан Қамзинов, Сырым Әділов сияқты кәсіпкерлер мен композитор Бағдат Есдәулетова қолдады. – Мен «Жақсылық жаса» акциясын қолдаймын және біздің кәсіпорында барлық санитарлық-дезинфекциялық шаралар сақталатынын атап өткім келеді. Біз жеке қорғану құралдарын пайдаланамыз, әлеуметтік қашықтықты сақтаймыз. Менің ойымша, бұл күрделі кезеңді еңсеру үшін біздің өмірімізде жаңа тәртіп ережелерін үйрену қажет: бұл қоғамдық орындарда маскаларды кию, қолды жиі жуу, қашықтықты сақтау, – деген ойын айтты "Өскемен-Сүт" сауда үйінің директоры Сырым Әділов. Бұл пікірді «Ремдор» ЖШС директоры Бауыржан Қамзинов та қолдайды. – Мен Шығыс Қазақстан облысы Кәсіпкерлер палатасының «Жақсылық жаршысы» акциясын толығымен қолдаймын, оның аясында бүгінде мұқтаж қазақстандықтарға – аз қамтылған және көп балалы отбасыларға, қиын өмірлік жағдайдағы адамдарға көмектесу үшін азық-түлік себеттерін жинап жатырмыз. Сонымен бірге мен бизнес кәсіпорындары мен Шығыс халқын өзін-өзі қорғаудың қажетті шараларын сақтауға шақырамын. Бетперде кию керек, әлеуметтік қашықтықты сақтау керек, қолды жиі жуып, антисептикпен тазалау керек. Егер біз жаңа ережелерге сай өмір сүруді үйренсек, кез-келген қиындықты жеңе аламыз, – дейді өз ойымен бөліскен Бауыржан Қамзинов. Шығысқазақстандықтар «Жақсылық жаршысы» акциясының эстафетасын Қостанай қаласына жолдады.

Дәурен Аллабергенұлы,

Шығыс Қазақстан облысы