XXI ғасыр дерті
XXI ғасыр дерті
599
оқылды

Қазіргінің баласы асық ойнамайды. Әжесінің ертегісін тыңдап, түрлі суретті ойын да құрастырмайды. Бүгінде қыстың үш айында ақ ұлпа қардан аққала соғып, шанамен сырғанайтын бүлдіршінді көру екіталай. Қалалық жер былай тұрсын, ауылдың қара домалағының өзі кеш батқанша далада жүріп, доп тебуден қалған. Оның себебі – бүгінгі технология. Яғни, ғалам торабы мен смартфон. Көпке топырақ шашпаймыз, бірақ ақиқат – осы.

XXI ғасыр өзімен бірге түрлі жаңашылдық ала келді. Қазір еңбектеген бала мен еңкейген қарияға дейін 24/7 уақыт аралы­ғында заманауи гаджеттерге тел­міреді. Бірі – жаңалық оқиды, екін­шісі – әлеуметтік желінің шыр­мауында. Бүгінде әр секунд сайын телефонға үңілу, таңды же­ліні ақтарумен қарсы алу әдетке айналды. Бір жағынан, бұның зия­­ны жоқтай көрінеді. Керісінше, пайдасы басым сияқты. Иә, жаңа технология қатер төндіретін дүние емес. Бірақ оны қандай уақытта қолдану керек? Мәселе – сонда...

Ғаламтор – бүкіләлемдік ақ­параттық коммуникативті бай­ла­ныс құралы. Ол алыс пен жақынды тез арада байланыстырып, керек жаңалықтың көзі бола алады. Ғаламтор арқылы білім көкжиегін кеңейтіп, түрлі пайдалы ақпаратқа бір деммен қол жеткізуге болады. Қарап отырсаңыз, зияны жоқ тап­тырмайтын дүние. Десе де, оны уақытымен, орнымен пайда­лан­ғанда ғана зияны жоқ. Бірақ қазір оны уақытымен, керегінде ғана қолданатын адам некен-саяқ. Әдет пе, әлде ермек пе, әйтеуір, әр секунд сайын телефонға шұқ­шиғандарды жиі көретін болдық. Осы шырмаудың қақпанына түс­кеннің көбі іс-әрекетін ерсі көр­мейді. Тіпті, бұл – нәпәқа табудың көзі дейтіндер баршылық. Деген­мен ғаламторға тәуелділікке ға­лымдар мен мамандар наразылық танытуда. Мәселен, британдық парламент өкілдерінің бір тобы ғаламторға, оның ішінде әлеу­меттік желіге тәуелділікті аурудың қатарына жатқызу керегін атап өткен. Парламентшілердің пікі­рінше, бұл құбылыс ойынға тә­уелділікпен бірдей қарастырылуы керек. Бұл тұжырымға түрткі болған себеп – Корольдік қоғам­дық кеңесінің есебі. Арнайы жүр­гізілген зерттеу нәтижесі бо­йын­ша, әлеуметтік желінің әсері деп­рессия, алаңдаушылық, сенім­сіздік және ұйқының нашарлауын туындатқаны анықталған.

Айта кетерлігі, бұл тәуелділік ХХІ ғасырдың басынан-ақ көп­теген елде кең көлемде зерттеле бастады. Ал медицина маман­да­рының арасында бұл тәуелділіктің психологиялық ауру қатарында болу-болмауы бойынша ортақ мәміле жоқ. Дәрігерлердің ай­туынша, «ғаламторға тәуелділік» жүйкелік ауытқу деп есептелмейді. Мәселен, АҚШ пен Орталық Азия елдерінде ғаламторға тәуел­ділік ресми психикалық бұзы­лулардың тізімінде және қайта қарауды қажет ететін аурулардың халықаралық жүйесінде жоқ. Дегенмен аталған тәуелділік көп­теген елде ауру болып есептеледі. Олардың қатарында – Австралия, Италия, Жапония, Қытай, Оң­түстік Корея, Тайвань және Үндіс­тан елдері бар.

Ал Veracios статистикалық компаниясының дерегіне сүйене­тін болсақ, 2025 жылға дейін ғаламторға тәуелділіктен бірнеше миллиард адам зардап шегетін көрінеді. Бұл тұжырымға желідегі қолданушылар санының жыл сайын күрт артуы және ғалам­торды пайдалану уақытының шектен тыс өсуі әсер еткен.

Әр нәрсенің ақ пен қарасы болады. Ғаламтордың жақсы жағы айтпаса да белгілі, ал оның зияны көбін алаңдата бермейді. Мысалы, оны шектен тыс мағы­насыз қолдану күйзеліске, көз жа­нарының әлсіреуіне, тәуелді­лікке алып келеді. Бұл пікірімізді америкалық психолог Айвен Голд­бергтің зерттеулері одан ары айшықтай түседі. Айвен – «ғалам­торға тәуелділік» терминін алғаш ғылым айналымына енгізген ға­лым. Оның пайымдауынша, ға­лам­торды пайдалану адамды күйзеліске түсіреді, сондай-ақ ол адамның физикалық күйіне, жүй­ке жүйесіне, өміріне, әлеуметтік жағдайына кері әсерін тигізеді екен. Оны болдырмау үшін белгілі бір уақыт кестесін, тынығу және көзді демалту шараларын жүргізу керек. Тәуелділіктен арылудың ең оңтайлы тәсілі – басқа нәрсеге алаңдау. Салауатты өмір салтын ұстанып, табиғат аясында көп серуендеу. Бос уақытта шығарма­шылықпен айналысып, тәуел­ді­ліктен арылуға болады екен. Иә, қазір ғаламторсыз жұмыс істеу мүмкін емес. Десе де, оны пайда­л­анған соң көзге арналған жат­тығуды қолға алған жөн. Бос уақытта смартфонға телмірмей, өзіңізге жақын дүниемен айна­лысыңыз. Ол мидың да тыны­ғуына септігін тигізеді.

Бір өкініштісі, кішкентай ­ба­ла­ның өзі – осы бір ғаламтор­дың шырмауында. Олардың ­кө­реті­ні – YouTube-тағы «Маль­чик-паль­чик», «Свинка Пеппа» және тағы басқа. Оларда тәр­биелік мән немесе көз қызық­тыратын ани­мация жоқ. Дей­тұрғанмен бәрі көреді. Бұған ата-ана: «Бер­месең жылайды, ашуланады» деп қысқаша жауап қайырады.

«Менің екі балам бар. Біре­уі – бесте, екіншісі екіден асты. Жұ­мыс уақытында, шынымен де, телефонды қолдарына өз еркім­мен беремін. Себебі, қызметтің есеп-қисабы бар, одан қалса үйдің тіршілігі бар. Осының бәріне үлгеруім керек. Бастапқыда бала­ларым телефонды көп қолдана­тын, оған мән бере бермейтінмін. Кейін көздері қызарып, бастары ауыра бастады. Тіпті бойларынан агрессияны, себепсіз ашушаң­дықты байқадым. Содан уақыт шектеуін қойдым. Қазір қызым те­лефонды мүлдем пайдалан­бай­ды. Далада ойнағанды ұнатады. Ал ұлым телефоннан әлі бас­тартпады. Десе де, бүгінгі лимитің бітті дегенде өшіреді», – дейді жас ана Айгүл Сегізбаева.

Жас ананың дер кезінде қам­данып, баланың денсаулығына мән бергені дұрыс-ақ. Себебі, бү­гінгі жеткеншік – ертеңгі ел үміті. Оның шектен тыс ашушаң болуы немесе жастайынан тә­уелді бо­луы­ның арты жақсылыққа әке­ле қой­масы анық. Осыны ескеріп, ғалам­дық желіні тек уақытымен пай­да­лануды қолға алсақ құба-құп.