Nur Otan партиясы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің төрағасы қызметіне Омархан Өксікбаев тағайындалды. Бұл туралы Партия төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек Twitter-дегі парақшасында жазды.
– Nur Otan партиясының Лидері Н.Назарбаевтың Қаулысымен Омархан Өксікбаев – партия жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің төрағасы, Павел Казанцев Партиялық бақылау комитетінің төрағасы болып тағайындалды, – деп жазды Партия төрағасының бірінші орынбасары.
Сонымен қатар Бауыржан Байбек Nur Otan партиясы фракциясы депутаттарының кәсіби білігі, табандылығы, мемлекеттік және партия жұмысындағы мол тәжірибесі аталған партиялық органдарды күшейтуге ықпал ететініне сенім білдірді.
Омархан Нұртайұлы 1954 жылы 22 желтоқсанда Алматы облысы Балқаш ауданы Көктал ауылында туған. Алматы халық шаруашылығы институтын бітіріп, Францияда (Парижде) «Нарықтық экономикадағы аудиторлық қызмет» мамандығы бойынша білім алды. Экономика ғылымдарының докторы. ҚР Президенті Әкімшілігі Бас бақылау инспекциясының басшысы, ҚР Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы, Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің төрағасы қызметтерін атқарған. 2016 жылғы 25 наурыз айынан бастап – алтыншы шақырылған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Nur Otan халықтық-демократиялық партиясының мүшесі. «Құрмет», «Парасат» ордендерімен медальдармен марапатталған.
Павел Казанцев 1960 жылдың 22 наурызында Томск қаласында дүниеге келген. Алтыншы шақырылған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты. Целиноград инженерлік-құрылыс институтын, Ф.Джерзинский атындағы КСРО МҚК Жоғары мектебін бітірген. Әр жылдары ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы қорының даму бойынша менеджері, бағдарламаларды, іс-шараларды, сыртқы байланыстар мен коммуникацияны жоспарлау қызметінің жетекшісі, ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары болған. «Құрмет», «Ерен еңбек үшін» медалімен марапатталған.
Партияның жұмысын қайта жаң-ғырту аясында Стратегиялық бастама-лар институты Қоғамдық саясат институты болып қайта құрылды. Партия төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек институттың жаңа басшылығына партияның қызметіне жедел қолдау көрсету, сондай-ақ сарапшылар қауымдастығымен бірлесе жұмыс істеуді кеңейту мақсатында қолданбалы зерттеулер мен әзірлемелер жүргізудің нақты міндеттерін қойды. Nur Otan партиясы Қоғамдық саясат институтының директоры болып Айнагүл Шайкенова тағайындалды.
Айнагүл Шайкенова әр жылдары Қостанай облысының әкімдігінде, Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінде жұмыс істеді. Сондай-ақ ол Ақпараттық технологиялар институты директорының орынбасары, Әлеуметтік технологиялар орталығының атқару-
шы директоры және т.б. қызметтер атқарды.