«Jas Otan» Жастар қанаты БҚО филиалының консультанты Ерлік Шамғалидің айтуынша, 10 шілдеде басталған шара тамыз айының соңына дейін созылмақшы. Мұндағы мақсат – COVID-19 дертіне шалдыққан науқастармен тікелей қарым-қатынас жасап, індетпен күресте алдыңғы шепте жүрген медицина қызметкерлеріне күн сайын қымыз бен саумал жеткізіп, иммунитеттерін көтеріп, бүгінгі күннің батырларына қолдау көрсету. «Nur Otan» партиясы БҚО филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мұрат Мұқаевтың қолдауымен жергілікті «Жайлау» шаруа қожалығымен келіссөз жасалып, соның нәтижесінде жасотандық еріктілер бір ай бойы облыстық, қалалық көпбейінді ауруханалар мен облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына жалпы көлемі 1 тонна сусынды күн сайын жеткізіп отырмақ. Сондай-ақ аталған шара өңірдің 12 ауданында жалғасын тапты. Соның нәтижесінде бүгінге дейін облыс дәрігерлеріне 400 литрден астам қымыз жеткізілген.
– Қымызбен шектеліп қалмай, 21 шілдеден бастап жәдел жәрдем қызметкерлеріне ыстық тамақ тараттық. Әрине, қымыз, шұбат, бір мезгілдік тамақпен ешкімнің жыртығын жамай қоймаспыз. Дегенмен медицина қызметкерлеріне деген шынайы көңіл, ыстық ықылас, ниет таныту – мақсатымыз. Олар да өздеріне жан-жақтан қолдау білдіріп жатқандарды көріп, індетпен күресте жалғыз емесін сезініп, алғысын айтып жатады, – деді Ерлік Шамғали.
Сонымен қатар пандемияға байланысты Biz Birgemiz акциясы аясында БҚО жеке сот орындаушылары мен «Nur Otan» партиясы облыстық филиалымен бірлесіп, Оралдағы арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығына (қарттар үйі) гуманитарлық көмек көрсетті. Әлеуметтік мекемедегі қызметкерлерге 2 тоннадан астам азық-түлік, көкөніс пен бөлмелерді желдетуге арналған құрылғылар сыйға тартты.
Мадияр ТӨЛЕУ