Nur Otan партиясы Түркістан облыстық филиалы «Еңбек» бағдарламасы бойынша халық арасында ақпараттандыру іс-шарасын бастады. Партия өкілдері Елбасының бастамасымен 2015 жылдан бері жүзеге асып келе жатқан бағдарлама аясында халықты оңтүстіктен солтүстікке көшіру жұмыстарын насихаттау мақсатында басқосу өткізді.
Жиынды Nur Otan партиясының Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсен Тәжібаев ашып, осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша 2015 жылдан бастап еліміздің жұмыс күші аз солтүстік өңірлеріне халқы тығыз орналасқан оңтүстік аймақтардан халықты өз еркімен қоныстандырып, оларға қажетті жағдай жасау жұмыстары басталған еді. Осы орайда, Nur Otan партиясы Түркістан облыстық филиалы ішкі көші-қон процестерін реттеу және еңбек күші мол аймақтан, еңбек күші жетіспейтін республикамыздың солтүстік өңірлеріне өз еркімен халықты қоныстандыру жұмыстарын насихаттауды қолға алдық, – деді Бейсен Тәжібаев.
Бағдарламаны жүзеге асыру өңірде 2015 жылы басталып, бүгінгі таңда солтүстік өңірге 881 отбасы (3 377 адам) қоныс аударған. Олар мемлекет тарапынан берілетін түрлі әлеуметтік көмекпен қамтамасыз етілді. Халықты қоныс аударуға ынталандыру мақсатында солтүстік өңірінің өкілдері кезең-кезеңімен облыста түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Сонымен қатар солтүстік, шығыс өңірлеріндегі бос жұмыс орындары туралы мәлімет ай сайын алынып, аудандық, қалалық жұмыспен қамту орталықтарының базалық мәліметтеріне енгізілді. Статистикалық мәлімет бойынша, тек ағымдағы жылдың І тоқсанында 3 мыңға жуық жұмыс орындары ұсынылыпты.
Айта кетейік, 2018 жылға республика бойынша бөлінген 1 706 квота негізінде облыстан 455 отбасы (1 768 адам) солтүстік өңірлерге қоныс аударған. Олар квотамен, көшу үшін берілетін субсидиямен қамтамасыз етілді. Тұрақты мекенжайларын ауыстырғандардың басым бөлігі Сарыағаш (91 отбасы), Сайрам (63 отбасы), Мақтаарал (75 отбасы), Ордабасы (49 отбасы) аудандарының тұрғындары. Ал биылғы жылы облыстан 427 отбасыны көшіру жоспарланып отыр. Бүгінде 284 отбасы солтүстік өңірлерге қоныс аударып үлгерді. Олар Қостанай, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Павлодар облысына көшіп барды.
Еске салайық, «Еңбек» бағдарламасына қатысушыға және оның отбасы мүшелеріне – отағасына және әрбір отбасы мүшесіне бір рет 35 АЕК (88 375 теңге) мөлшерінде көшуге материалдық көмек беріледі. Бүгінгі таңға дейін Түркістан облысынан қоныс аударғандардың басым бөлігі тұрғын үймен, жұмысқа қабілетті отбасы мүшелері жұмыспен қамтылған. Кәсібін ашамын деушілерге егін, мал шаруашылығымен шұғылдануға жер телімдері берілуде. Тұрғындарға бос тұрған ғимараттар ұсынылып, олардың көпшілігі сонда қоныстанып жатыр. Солтүстік өңіріне барған азаматтар сондай-ақ көшіп-қонуға байланысты мемлекет тарапынан берілетін материалдық көмекпен қамтамасыз етіледі.
Әбілмансұр ЖАСАН