Балқаштың бағы жолы ма?

Балқаштың бағы жолы ма?

Қазақ пен қазақ ұзақ жол үстінде кездесе қалса, әңгіме жібін тарқату оп-оңай. Бұл даланың қай түпкірінде келе жатсаң да, ауылдағы ағайыннан малдың жайын сұрасаң болды – «айшылық алыс жолға» жетер сөз дайын. Кей-кейде әңгіме жоқ жерден бастала кетеді. Бұрнағы жыл Лепсі жаққа жол тартқанда да селк-селк етіп отырып, айналаға көз тастағанда шаң астында көміліп қалып жатқан төрт түлікті әңгіме тиегіне айналдырғанбыз. «Өзге елдің баласы сияқтысыз», – дейді шопыр сәл қозғалақтап алып: «бұл топырақта жайылған малдың етін жеп көріп пе едіңіз?». «Жоға, бірақ төрт түлік қоңды сияқты». «Қоңды деген бер жағы, біздің малдың еті арық болса да, дәмді. Ал сүрленген еттің исі сонадайдан сүйреп әкеледі» деген тізгінші ұзақ та емес, қысқа да емес жолды тез еңсеретін себептің табыла кеткеніне қуанып кетті ме, көліктің жылдамдығын сәл баяулатты. «Арық еттің дәмді болатыны қызық екен» деуге өкпелетіп аламын ба деп, тіл қатпадым. Үнсіз қалғанымды келіспегенім деп ұққан болар, шопыр ағай сөзін дәлелдей түсті. «Бәрі де топыраққа байланысты ғой. Сортаңда тек мықты шөп өседі. Сортаңда өскен шөпті жеген малдың еті тұзды, демек дәмді, солай емес пе?» деп бас изетіп мақұлдатып алды да, сөзін ары қарай сабақтай түсті...

БІР ЖОЛ БАР, АЛЫС...

Жоғарыдағы әңгіме был­тыр­ғының еншісінде қалған. Оған қайта айналып соғармыз. Енді бүгінгінің жырына көшейін.

Хош, сонымен біз жол тартқан Лепсіге екі бағытпен жетуге бола­ды. Әуелгісі – теміржол. Айналасы он сағаттың ішінде стансаға әкеліп тастайды. Тек билет тапсаңыз. Он­дай жағдай өте сирек. Ендеше, екінші бағыт: Алматы –Талды­қорған – Лепсі жолы арқылы зыр­ғуыңыз керек. Дұрысы, селкілдеп отырып жету. Жоқ, селкілдеп бар­ғанымыз былтырғы жол еді ғой. Иә, малдың жайын тәптіштеп айт­қан ағай селк-селк етіп отырып, жолдың жайын да түсіндірген. Талдықорған трассасынан Лепсіге бұрылатын тұстан Матайға жет­пейтін аралықтағы жол жөнделіп жатыр. «Жолсызбен жүргендей се­­кілдеп келе жатқанымыз сон­дықтан, сәл шыдасақ, бірер жылда тақтай түзу жолмен зыр ете қала­тын жер ғой. Талдықорған мен Леп­сінің арасы сонда екі есе жа­қындайды. Елі азайып, өңі қуарып қалған Лепсінің өне бойына қан жүгіреді. Әзірге селкілдеуге де болады» деген болатын көліктің руліне жабысып, келесі бір шоқа­лақтан аман өту үшін көзін жолдан айырмаған үлкен кісі.

Алайда биылғы жол да былтыр­ғысынан еш өзгермегендей. Иә, қалың құмның астынан су жаңа асфальтты кездестіруге болатын жарым-жарты жолдарды есепке алмағанда, былтырғыдай селкілдеп жетуге зар болып, көлік жылдам­дығын сағатына жиырма шақы­рымнан көбейтпей, ілби жылжып, тасбақадай қозғалған біз алды­мыздан дәл солай қозғалып келе жатқаны-жатпағаны белгісіз көліктерді көзбен ұзатып салып отырдық.

Жаз бастала Лепсі та­раптағы Балқашқа ағыла­тын турист қарасы көп де­сек те, ең болмаса жалғыз-жарым жол жөндеушіні көре алмай зар болдық. Бәл­кім жолды түнде жөндейтін шығар деп өз-өзімізді жұбатып, әупірімдеп бір бұрылыстан екін­ші қыратқа жеткеніңе шүкіршілік айтып кеткенімізді өзіміз де бай­қамай қалдық. «Бір жол бар – алыс, алыс та болса – жақын»... де­генді айтқанда бұл қазақ темір­жолдың барын қаперге алмаған да болар. Оншақты сағатына қиын­сынып, билет табылмағанына тағы қуанып, жеңіл көлікпен шығып кеткен талай жан «алыс та болса – жақын» жолмен кетпегеніне мың мәрте өкінді-ау! Біз де сөйттік. «Алматыдан Матай мен Лепсіге дейін жол ақысы да аспандап тұр­маған еді» деген өкініштен бас­талған әңгіме ауаны билет іздеудің машақатына барып тірелді. Ел Президентінің теміржолдардағы билет тапшылығын қолдан жа­самау туралы берген тапсырмасын сол сапардан кейін естіген біз ал­дағы жылы ең болмаса «алыс та болса – жақын жолдың» түзелеріне сеніп, шүкір дестік.

Ендігі әңгіме «жақын да бол­са – алыс жолдың» жайы туралы. Алматы–Талдықорған арасын қас қаққандай-ақ уақытта жалғай қоясың. Әңгіме Талдықорғаннан асырып жіберетін жол туралы ғой. Алматы облысының туристік кластерін дамыту мақсатында Балқаш жағалауындағы демалыс аймақтарына баратын автожол­дарды қайта жаңғырту үшін «Ал­маты – Өскемен – Лепсі – Ақ­тоғай», «Алматы – Өскемен – Қы­зылқайың – Лепсі», «Лепсі – Бал­қаш көлі» жолдары жөнделіп жатқалы бірнеше уақыттан асты. Иә, жол жөндеу оңай шаруа емес, бәлкім бірнеше жылға созылатын ауқымды жоба да шығар. Алайда жаздың шіліңгір шілдесінде, ту­ристер құмырсқадай қаптайтын шақта сол жолдардың аңғал-саңғал болып жайрап жатуы көлге қызыққандардың көңілін су сепкендей басатыны анық.


Ал біз сол жолмен ілби басып әлі келеміз. Изен мен жусанның хош исі мұрынды қытықтайды. Кей-кейде көлікті қоя салып, жаяу жүгіріп кеткің келеді. Бір бүдірі жоқ сап-сары құм төбеге тоқтай қалып суретке түссең, ол суретіңді Лепсінің ойқы-шойқы жолында емес, шетелдің көз қызықтырар демалыс аймағында жүрмін деп әлеуметтік желіге салып кеп жіберсең, шетелден еш кемі жоқ ғажап сұлулықты көптің назарына ұсына қоятыныңызға біз кепіл.

Құмды, қызғылт топырақты айналада көз қуантатын көк көп-ақ. Тез дүркіреп, тез қурайтын бұл маңның өсімдігі жаздың аз ғана күнінде жасарып, жайнап қалғы­сы келе ме, ұп-ұсақ гүлін жарып, тіршілігін бастап-ақ кеткен. Иә, бұрнағы жылдай, биыл да мал қоңды көрінді. «Сортаң жердің шөбін жеп өскен малдың тұзды етінің дәмін бір татсаң, өмір бойы ұмытпайсың, біздің жақтың соғымына соғым жетер ме, шір­кін!» деп кеудесін көтеріп ала мақтана жөнелетін былтырғы ағайды еске алып, мына малдың иесі де төрт түлігін мерейі асып бағып жүр-ау деп ойладық. Бұл өңірде төрт түліктен де өзге мақтан қаққызар себептің көп екені де еске түседі осындайда...

Бірақ Лепсіге жеткенде елдің жайы өзгергенін көз көрді. Мал баққан ел заманауи кәсіпке де икем­деле бастапты, турист күтіп, көрікті жерлерді көрсетудің, ара­латудың да қыр-сырын аз-аздап түсіне, оны жетілдіре бастағандай көрінді.

Иә, біз алған бағыт Лепсі еді ғой. Сөзімізді бекерге шұбатып отырған жоқпыз. Лепсіге жеткізбей қойған жолдың машақатын осындай ұбақ-шұбақ әңгімемен жасырып-жапқымыз келгені ғой. Аспаннан күн қыздырып, ыстық леп бетіңнен өпкенде Лепсіден ары қол созым жердегі Балқашқа ағылған туристің көңіл күйін түсінгендей боласың.

«Түзу жолы бар жұрттар» дема­лысқа аттанғанда жолдың маша­қатын ойламай, көңіл кірін тазалау мен жан рахатын алуды ғана ойлайтын болар.

Өкінішке қарай, біздің ондай күйді қашан бастан кешеріміз белгісіз болып тұр.

 


МҰХАҢНЫҢ БӨРЛІТӨБЕСІ

Жоқ, Мұхаң дегеніміз – Әуезов емес. Төлебаев, Мұқан Төлебаев­тың туған мекені жайлы айтқымыз келеді. Лепсі бір кез­дері Бөрлітөбе ауда­нының орталығы еді. Қазір Сарқанд ауда­нының құрамындағы алақандай мекен. Зама­нында айбары артып, ай­быны тасыған орталық бол­ғаны көрер көзге байқалып-ақ қалады...

Лепсіден Балқашқа шығарып салар ұзына жолдың бойында Мұқан Төлебаев музейі қарсы алады. Осы маңға ағылған туристің көз қуанышы мен «тарихың қане?» дегенде армансыз аралатар жері өзінен басталарын сезетіндей, Мұхаңның атын иемденген ақ­шаң­қан үй анадайдан қол бұлғап, өзіне шақырады.

Оған тақау маңда қонақ үй мен ас-суыңды даярлап берер орын бар. Демалыс аймағына жататын жердің дәмханалардың арзан болмасы белгілі деп түйген біздер мұндағы мәзірдің дәмінен бөлек, ақысына таңғалдық. Бір тәрелке палауды – 300 теңгеге, бір шәйнек шайды – 200 теңгеге ішкен біз бір литр мұздай таза суды – 300 теңгеге сатып алдық. Иә, өзіңіз байқаған­дай таза су қымбат, демек тапшы. Лепсінің өзінде қалай екенін біл­мейміз, Балқаш маңындағы дема­лыс орындарына таза суды тек са­тып алып ішесіз. Мұздай судың мөл­діреп ағып тұрғанына куә бола қойған жоқпыз. Себебі, бұл маңға әлі су тартылмаған. Суды былай қойғанда, жарықтың өзін қосымша қозғалтқыштар арқылы қосып отыр.

Лепсінің жайын айтамыз деп демалыс аймағына көшіп кеттік, ол үшін оқырманнан кешірім сұрап, ауылға қайта оралайық.

Бірақ Лепсіге жеткенде елдің жайы өзгергенін көз көрді. Мал баққан ел заманауи кәсіпке де икем­деле бастапты, турист күтіп, көрікті жерлерді көрсетудің, ара­латудың да қыр-сырын аз-аздап түсіне, оны жетілдіре бастағандай көрінді.

Келген-кеткен туристер бан­комат іздеп шарқ ұрғанын көз көрді. Аймақтардағы барлық ту­ристік елдімекенге тән көрініс мұн­да да байқалады, банкоматы сирек ұшырасатын ауылда, сол банкоматтың өзінің ақшасы бітіп қалатын тұсы көп.

Әйтпегенде, әсіресе, жаз мез­гілінде бұл жаққа ағылған туристің қарасы кәдімгідей жетіп-арты­лады. Үйіліп-төгіліп жатпаса да, үйді-үйлеріне қонақ күтіп, сол кә­сіпке машықтанып келе жат­қандарды да байқап қалдық. Кәсіп демекші, туристерден келген қар­жы елдің іргесін бүтіндегеніне қуа­насың ғой, әрине. Бірақ сол кел­ген-кеткендердің санын алып, олар­дан түскен салықтың мөл­шерін экологиялық тазалыққа, инфрақұрылымның түзелуіне жарата алып жүрміз бе екен деген сауал да маза бермей қойғаны.

Теміржолдан ары ассаң көк­жиектен кербездене қол бұлғаған Балқашқа қарап, «сені емген ел сенің мөлдірлігіңді жоғалтпау үшін де жанын салатын-ақ шығар» деген сеніммен алға жылжыдық.

 

СҰЛУ БАЛҚАШ «ҚАРАКӨК КӨЗІН АШҚАН»

Қуаң даланың мөлдіреген мон­шағы – Балқаш сұлу. Ел аузындағы әңгімеде сүйгеніне қосыла алмай ажал құшқан ару екені айтылады. Сол сұлулығын бойына сақтаған күйінде бүгінге жеткен Балқаштың жағалауы елге толы. Қазақстанның екі бірдей өңіріне созылып жатқан кең құлашты айдынның тұзды және тұщы суының қайсысы емге шипа екенін айтып, таласқан жұрт көп, әйтеуір. Алматыға жақын болған соң, осы маңдағы су аң­саған талай жанның қол созған арманына айналған Балқаштың жағалауында жолдың машақатын арқалап жеткендер қуана асыр салып жүр. Су жағалай жүгірген бала-шаға, үлкен-кіші мәз-мей­рам. Туризмнің қай түріне жатқы­зарымызды білмедік, бірақ ала­қан­дай жерге киіз үйін тігіп, саумал-қымызын ұсынған ағайын да, кә­дімгідей демалыс аймағын жасап, барынша өркениетті қызмет көр­сетпекке ұмтылғандар да мидай араласып кеткен. Қаракөк көзін аударып-төңкерген Балқаштың базары тамыздың соңына дейін тарқамайды деседі жергілікті жұрт. Ып-ыстық құм табаныңды күй­діріп өтер аптапқа қарап, бұл маңға күз кештеу келе ме деп ойлайсың. Онымызға өзгелер миығынан кү­леді де қояды. Долы дауылы құмды боранды үйіріп әкеліп үстіңе тастай салар бұрқасынын көрмеген жанның сөзі ғой дегендей бір сезім басым.

Алматы облысының маңызды демалыс аймақтарының бірі болып есептелетін Балқаштың маңында өзің қос тігіп, асықпай аунап-қунап жатуыңа да болады. Тек бізді бір жайт ойландырды. Жол бойы экологиялық бекет байқамадық. Келгендердің жүгі ауырлап, кеткендердің жүгі жеңілдеп бара жатқандай. Олар тастаған қалдық-қоқысты да кім реттеп, бақылап отырғаны да белгісіз. Нақты бір демалыс аймағына келген турис­тердің қоқысы сол демалыс аймағы иелерінің жауапкершілігінде десек те, көл жағасында еркін тыныс­тағандардың жүріс-тұрысы кімнің назарында қалып отырғанын түсіне алмадық.

Құмға оранған жағалауда тар­биып өскен сексеуіл, жыңғыл се­кілді бұталармен қоса, құм шөптері де жағалаудан кері көшіп кет­кендей. Адам қолымен жағалау маңы оталып жатса, оны да байқап, бақылап отырғандар бар-ау шығар деген үмітіміз басым көңілмен, көл бетінде еркін самғаған шағалаға кешірім сұрағандай қарадық....

Шағаланың адамы көп жер­лерде емін-еркін қалықтай беретіні түсінікті, шөл даланың онсыз да сирек көгі мен санаулы аң-құсы адам аяғы басқан соң тіптен аза­йып кетер ме екен деп алаңдайсың. Сол үшін де Лепсіден арғы демалыс аймағына бір қараушы керек шығар-ау деген ой маза бермейді.

 


СУЫ БАР ЖЕРДІҢ ЕЛІ БАР

Ыбырай Алтынсариннің «Асан мен Үсен» әңгімесінде адасқан қос ұл суды көргенде ерекше қуанатын еді ғой. «Суы бар жерде ел оты­ра­ды» дейтін. Балқаштай үлкен ай­дын маңында бүтін елдің отыр­ғаны кө­ңіл қуантады. Тек сол ел ала­қандай ғана емес, құшағың сыймайтындай үлкен болса екен дейтінің бар. Бірақ статистика керісінше сөй­лейді. Бір заманда аудан орталығы болған ел қазір аудан құрамында ғана қалып қойған соң тұрғын саны азайған. Ел көшкен, жер қалған.

Құрғақ жел қобыздың үніне салып зарын төккенде, сұлу Бал­қаштың маңында шұрқыраған елдің қарасы жаз дәуренде ғана көбеймесе екен дейсің. Онсыз да құм көмкерген бұл даланың жазғы сәні ұзаққа созылмайды. Аптап ыстық ұп-ұсақ гүлдері жайнаған даланың барлық көрік-келбетін тез-ақ сарғайтып жібереді. Құм басқан өлкеде жалғызсыраған сұлу Балқаш күрсіне қалып қоярдай. Қысқы туризмнің де бұл маңда қанат жайып келе жатқанын ай­тады жұрт. Өз көзімізбен көрмедік. Алайда жолы ойқы-шойқы далада қыстың қарында көліктің жүріп өткенін елестеттік те шошып кеттік. Жол – туристер үшін ғана емес. Осы далада қысы-жазы Тал­дықорған мен Лепсі аралығын үйреншікті соқпағына айнал­дыр­ғандар үшін де маңызды. Балқашқа апарар жол – туризм үшін ғана емес, осы жерді мекен еткендер үшін де ең өзекті тақырып.

Тақырыбымызды «Балқаштың бағы – жолы ма?» дегеніміз – сол жол жөнделерден бұрын ол ай­мақтағы экологиялық тазалықты, адамдардың демалыс ережесін де қарап, реттеп отыратын бір құ­рылым жасап алсақ деген сөзден туған бір ой еді. Әл-әзір жолдың қиындығын білетіндер Лепсі тара­бындағы Балқашқа ағылып-төгіліп жатқан жоқ. Күні ертең тақтайдай тегіс жолмен зымырайтын уақыт жеткенде сап-сары даланың қақ ортасында көгілжім тартып мөл­діреген су айнасын да ластап, бүлдіріп алмасымызды ойлағаннан айтқан сөзіміз еді бұл...


«Қазақстан өлкесі кейбір үстірт қарайтын адамдар­дың айтқанындай, тарихи мәдениеттің сілемі жоқ, тек қана жосын жүрген аңның мекені емес. Күрделі ци­ви­лизация, алтын, күмістен жасалған әдемі бұйымдар, әдемі көзелер, тас мүсін­дер, тас жазулар, тас тұнжы­лар, таулы жер мен өзен бойын сұлулыққа бөлейтін сәулетті күмбез­дер, тас сарайлар, шуы көп қалалар мұнда да болған» деген Әлкей Марғұланның сөзі бар. Қазақтың қай даласын кезсең де, құм басқан қалалар шежіресін тарқатып, көне күмбездер күмбірлеп қоя береді. Талдықорғанның Лепсіге апаратын жолынан қашық емес маңдарда да сондай жұрттың сүрлеуі сайрап жатыр. Осы далада зырғып өтіп бара жатып, сай-салада жайылған түлікті әңгіме ауанына айнал­ды­румен қатар, көне сүрлеуге бастап апарар жаңа жол­дың жайын, көне шаһар­лардың сырын, демалыс­тың мәдениетін де қызу талқылап отырар күн алыс емес шығар...


Қарагөз СІМӘДІЛ