Үкімет посткарантин мерзімін айқындады

Үкімет посткарантин мерзімін айқындады

Министрлер кабинетінің мәлімдеуінше, карантин ре­жимі 2 тамызда аяқталады, себебі осы кезеңде республикада эпиде­мия­лық ахуалды тұрақтандыруға қол жеткізіпті. Егер ол қолынан келмегенде, Мемлекет басшысы Үкіметті отс­тавкаға жіберуі мүм­кін еді. Президент тапсырмасының орындалғаны туралы бай­ламды атқарушы билік неге сүйеніп айтып отыр? Өйт­кені медицина ұйымдарының жүктемесі біршама азайып­ты. Кезінде «ковидтік» стационарға айналдырылған ау­ру­хананың кейбірі соңғы сырқа­тын шығарып салып, бұрын­ғы қызметіне қайта бейімделуде. Стационардағы төсектің сыр­қатқа шектен тыс толуы 46%-ға дейін, ал жедел жәр­демді шақырту саны 38%-ға төмендеген. Өңірлерде дәрі-дәрмектің жеткілікті қоры түзілді. Ресми дерек бойынша, Қа­зақстанда COVID-19 дертінен сауы­ғып шыққандардың үлесі 63%-дан асыпты. Ауру жұқ­тыру­дың тәуліктік өсімі 4%-дан 1,7%-ға дейін азайды. Әйтсе де, өсім бәрібір бар. – Эпидемиялық жағдай көр­сеткіштерін одан әрі жақ­сартуы­мыз қажет. Денсаулық сақтау ми­нистрлігі карантин шараларын кезең-кезеңмен алып тастау жос­­парын ұсынды. Ағымдағы жағ­дайды ескере келе, аталған жос­­парды енді Мемлекеттік ко­мис­сияның отырысында қарай­мыз және тиіс­ті шешім қабыл­дай­мыз, – деді Асқар Мамин.  

Бетперде кию – енді тұрақты норма

Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың айтуынша, Қазақстанда 5 шілдеде қатаң карантин шектеулері енгізілгелі бері КВИ таралуы 29%-ға тө­мендеген. Осы 3 апта ішінде елде 35 951 жаңа сырқат тіркелді. COVID-19 дертіне шалдығу деректерінің өсу қарқыны орта есеппен тәулік сайын 1 600 адам деңгейінде тұрақтанды. Яғни, кесел жұқтыру жалғасуда, бірақ әлемді таңғалдырған алапат екпіні бәсеңдеді. Бұл биліктің шектеу шараларын әлсіретуіне негіз болды. А.Цой коронавирус пан­демиясы алда қайта өршіп кетуі мүмкіндігін жоққа шығармады. Ал оған жол бермеу үшін мемлекет пен халықтың үш бағыттағы қи­мылы өзара үйлесімде жүруі тиіс. – Ерекше атап өткім келеді: COVID-19 індетімен аурудың және өлім-жітімнің әрі қарай­ғы ахуалы экономиканың бар­лық секторының үйлесімді жұ­мы­сына тәуелді болады. Қабыл­­данатын тұрақтандыру шара­ла­рының тиімділігі тек 30%-ға ғана медициналық кө­мек пен эпи­демиялық іс-шара са­пасына байланысты. Қалған 30%-ы – адамдардың үйден тыс­қары жерде жаппай бет­перде кию режимін және қол гигие­на­сын сақтауына, тағы 40%-ы – әлеу­меттік қашықтықты ұстануға байланысты болады, –  деді А.Цой. Ол барлық қазақстандық үшін коронавирус емес, қауіпсіздік пен саламатты өмір салтының әдеттері «жұқпалы» болуы керек деген көркем теңеу келтірді.    

Қандай шаралар қабылданады?

Біріншіден, мүдделі ме­мор­­гандар мен жергілікті билік жұ­­­мы­­лып, бетперде тағу режи­­мін сақ­тау үшін бизнесті бақы­лайды, биз­нес­мен­дердің осыған деген жауап­кершілігін бірлесе күшейтеді. Мысалы, сауда орнына, дүкеніне бетпердесі жоқ адамның кіріп кетпеуіне кәсіпкер жауапты бола­ды. Бұл ретте бірер жыл бұрын жүрген «жеңіл көлікте қауіп­сіздік белдігін міндетті түрде қол­дану» науқаны үлгіге алынады: қасындағы жолаушы белдікті тақпағаны үшін жүргізушілер айыппұлмен жаппай жазаланғаны есте. Нәтижесінде, автокөлік иелері бұл тәртіпті өзі ғана сақтап қоймай, өзгелерден де соны талап етуді жақсы әдетке айналдырды. Екіншіден, қазақстандықтар бас сұғатын барлық қоғам­дық орында қолды залалсыз­дан­дыратын санитайзерлерді орнату уақытша емес, бұдан былай тұрақты талап болып есептеледі. Үшіншіден, барлық ақпарат­тық арнаны жұмылдыра отырып, халық арасында кең ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Төртіншіден, адамдардың 1,5-2 метрлік өзара алшақтық сақтауы – жаңа өмір шын­дығының тұрақ­ты нормасы ретінде бекиді. Бесіншіден, кеңселер әрі қарай қашықтан жұмысын жал­ғас­тырады: қажет болса, қыз­меткерлер мен жұмыскерлердің 20 пайызы ғана келеді, 80 пайызы үйінен жұмыс істейді. Оқушылар мен студенттерді қашықтан оқыту жалғастырылады. Алтыншыдан, бұқаралық іс-шаралардың барлық түріне тыйым салынады. Себебі той не концерт үстінде адамдардың бәрінің аузын бетпердемен тұмшалап отыруы мүмкін емес.  

Кімдердің жұмысына рұқсат етіледі?

Денсаулық сақтау министрлігі Мемкомиссияға 3 тамыздан бастап келесі инфрақұрылымдық нысандардың қайта ашылуына мүмкіндік беруді ұсынды. Бірін­шісі – ірі сауда және ойын-сауық орталықтары, сауда үй­лері, сауда желілері, жабық азық-түлік және азық-түліктік емес (киім-кешек, көліктердің запастық бөлшектерін, құрылыс материалдарын және басқасын сататын) базарлар. Олардың жұмыс режимі сағат және күн бойынша шектеледі. Екіншісі – балаларға арналған түзету-коррекция кабинеттері, білім беру орталықтары, балалар­ды дамыту орталықтары. Олардың топтары 5 баладан аспайтын үйірмелерге бөлінуі тиіс. Үшіншісі – балабақшалар және шағын орталықтар: оларда тек кезекші топтар ашылады. Төртіншісі – сұлулық салон­дары, шаштараздар, косме­ти­калық және косметологиялық қызмет көрсететін орталықтар мен салондар, маникюр және педикюр салондары: олар алдын ала жазылған клиенттерін ғана қабылдауы керек. Бесіншісі – мемлекеттік ме­кемелер мен ұйымдар ашылады. Оларда кеңсе қызметкерлерінің кемінде 80%-ы қашықтан жұмыс істеу режимінде қала береді. ДСМ басшысы әлеуметтік қашықтықты сақтай отырып, далада, табиғат аясында, парк­терде жеке және топтық жаттығу жасауға рұқсат етілетінін атап өтті. Сондай-ақ ұлттық құрамалар 30 адамнан аспайтын құраммен спорттық жаттығуларға қайта кіріседі. Халық көшеде, саябақтарда, скверлерде және жағалауда 3 адам­­нан артық топтасып жүрмеуі қажет. Автобустар қайта жүре бас­тайды: оның жұмыс уақыты шектеледі, іші жолаушыларға 50%-дан артық толмауы тиіс. Кондуктордың болуы міндет. Барлық адам автобусқа тек бетперде тағып кіруі керек.  

Қандай есіктен құлып алынбайды?

Ел Үкіметі бірқатар нысан­дарды жабық күйде қалдыруға ұйғарды. Тарата айтсақ, көп­ші­ліктің қатысуымен өтетін бар­лық бұқаралық іс-шараларға, сондай-ақ ойын-сауық мекеме­лерінің, кинотеатрлардың, фудкорттардың, банкет залда­рының жұмысына 3 тамыздан кейін де тыйым са­лынады. Каран­тин біткенімен, мейрамханалар, барлар, түнгі және ойын клубтары ашыла алмайды. Бұған қоса, мәдениет нысан­дарының, музейдің жұмысын, сонымен қатар конференциялар, көрмелер, форумдар өткізуді де кейінге шегеру көзделіп отыр. Бұдан өзге, спорт залдарының, фитнес-орталықтардың, бассейн­дердің, аквапарктердің, жаға­жайлардың жұмысына тыйым салынады. Мешіттер, шіркеулер, синагогалар өз жамағатына есігін аша алмайды. Қала маңындағы жолау­шы­лар пойыздарының, «элек­тричкалардың» қозғалысына, қалааралық автобустар мен микро­автобустардың қатынауына жол берілмейді.  

Айхан ШӘРІП