Карантин радикализмді шектеді ме?

Карантин радикализмді шектеді ме?

Қазақстанда 22 шетелдік террористік ұйым­ға тыйым салынған. Олардың қа­та­рын­да әл-Қайеда, Шығыс Түркістан ис­лам қозғалысы, Талибан қозғалысы, Таб­ли­ғи Жамағат, Ислам мемлекеті (ДАИШ), Фронт-ән-Нусра, т.б. бар. Кейбір экст­ре­мистік ұйымдар пандемияны адамдарды үр­кітіп-қорқыту үшін пайдаланып жатса, ен­ді бірі әр елдегі өз жақтастарын көпшілік орын­дарға барып, көп адаммен араласып, ко­ронавирус дертін биологиялық қару ре­тінде пайдалануға шақырған. Яғни, ауру­ды кеңінен таратуға үндеген. Жақында Атырауда көпшілік БАҚ-тың на­зарынан тыс қалған сот болды. Атырау қа­ласының тұрғыны Instagram желісінде Қа­з­ақстан аумағында тыйым салынған Да­рын Мубаровтың бейнеуағыздары мен ді­ни насихаттарын жүктегені үшін Әкім­шілік құқықбұзушылық кодексінің 543-бабының 2-тармағына сәйкес жазаға тар­тылып, 38 892 теңге көлемінде айыппұл тө­леген. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы Дін мәселелерін зерттеу орталығының әлеу­меттік желідегі парақшасында хабар­ланған еді. Жалпы, пандемия мен карантин, лок­даун Қазақтанның интернет кеңістігінде бел­сенді боп келген, тыйым салынған те­ріс ағым-қозғалыстардың, миссио­нер­лердің уағызына қалай әсер етті? Неге жас­тар теріс ағымдардың арбауына оңай түсе­ді? Мамандардан сұрап білген едік.     Мұхан ИСАХАН, діни сарапшы:

Теріс ағымдардың пандемияны түсіндіруі еш қисынға келмейді

– Салафизм ағымындағы кей топ­тардың белсенділігі пандемия тұсында арт­ты деуге келмес, себебі олар бұрыннан бел­сенді. Қоғамдық мәселелерде әрқай­сысы өз жамағатымен жұмыс істейді ғой. Олар адамзатқа келген пандемияны «Құ­дай­дың ескертуі, шариғаттан бездіңдер» де­гендей ойлармен түсіндіріп жүр. Қа­зақ­станда тыйым салынған 20-дан астам экстремистік ұйым бар ғой. Мәселен, бас­қа теріс ағымдардың ішінде «біздің пірі­мізді, тақсырымызды жете бағалама­дыңыздар, қазіргі дерт Құдайдың беріп жат­қан жазасы» дегендей әңгімелерді әлеу­меттік желілерде кеңінен таратуда. Олар­дың қай-қайсысы да «біздің идеоло­гия­мызды қолдамадыңыздар, бұл Құдай­дың жазасы» дегендей ойларын алға тар­тады.  Теріс ағымдардың кейбір шейхтарға, тақсырларға, пірлерге бағынбағандықтан, пан­демия шығып кетті деуі еш қисынға кел­мейді. Бұл күлкілі. Бұл тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде болып жатқан жағ­дай. Бұған жеке бір адамдардың құр­мет­теліп-құрметтелмеуінің қатысы жоқ. Оның үстіне, жақсылық та, жамандық та Құ­дайдан екеніне шәк келтірмейміз. Бірақ Құдайдың атынан бұлай сөйлеу мүлдем дұрыс емес. Кезінде Президент Жолдауында ки­бер­қалқан енгізу мәселесі көтерілген еді. Содан бері елімізде ақпараттық қауіпсіздік тұрғысынан көп жұмыстар атқарылып жатыр. Теріс ағымдардың уағызы дер ке­зін­де бұғатталып отырады.           Серік БЕЙСЕНБАЕВ,  әлеуметтанушы:

Экстремистік идеологияның негізгі тұтыну­шылары – жастар

– Радикалды идеология сөзінің ауқы­мы кең. Егер халықаралық тәжірибеге қа­расақ, бұны экстремистік идеология жә­не зорлық-зомбылыққа шақыратын идеология деп бөліп айтар едім. Себебі өзінің өмір салтын түбегейлі өзгерткен адам қоғам үшін радикалды болып көрінуі мүмкін.  Бірақ бұл оның басқаларға қауіпті екенін білдірмейді. Сол сияқты салафизмді радикалды идеологияға теңестіріп жатады, бірақ бұл даулы мәселе. Себебі салафизмнің ішінде түрлі бағыттар мен идеялар бар. Барлығы да зорлық-зомбылыққа шақы­рады деп айтуға болмас. Мәселен, таза экстремистік идеология ретінде ДАИШ ұйы­мын жатқызуға болады. Олар Сирия мен Иракта белсенді, идеологиясы экст­ремистік. Шынын айтсақ, пандемияға дейін де әлеуметтік желілер теріс идеологияны таратудың бірден-бір көзі болатын. Мысалы, Сирияға кеткен қазақстандықтар сырттағы уағызшылармен әлеуметтік желі арқылы байланысқа түсіп отырған. Пандемия кезінде бұл үдеріс күшейген шығар. Себебі тікелей қарым-қатынасқа жол жабық. Қазақстанды алсақ, әлеуметтік желіні қаншалықты жиі қолданатынына баға беру өте қиын. Себебі Ақпарат министрлігі тарапынан үнемі арнайы мо­ниторинг жүреді. Барлық қауіпті арналар, пабликтер бірден анықталып бұғат­тал­ғандықтан, олардың ықпалын бағамдау, сарап­тау қиын. Мысалы, Өзбекстанмен салыстырсақ, олардың Youtube арнасында экстремистік идеологияны тарататын бір­н­еше уағызшы бар. Ал Қазақстандағы уа­ғызшылардың экстремистік үгіт-насиха­ты интернеттен түгелдей жойылған. Бұл Қа­зақстанның ақпараттық-технологиялар тұрғысынан үлкен мүмкіндіктері барын көрсетеді. Түптеп келсек, экстремистік идеоло­гия­­ның негізгі тұтынушылары – жастар. Бұл жастардың әлеуметтенуіне байла­ныс­ты. Жастар 18-19 жасында өзін-өзі іздеп, алдына үлкен мақсаттар қоя бастайды, егер мақсаты болмаса, өмірден басқа мән-мағына іздейді. Сондай қиын-қыстау ке­зеңде өзіне қолдау таппай, керісінше, пси­хологиялық алалаушылыққа тап болса, экстремистік идеологияға тартылады. Жастардың барлығы емес, белгілі бір категориясы ғана теріс жолға түседі. Мы­сал үшін, жас кезінде зорлық-зом­былықты көріп өскен, заң бұзуға, қылмысқа баруға бойын үйреткен, отбасында дұрыс тәрбие алмаған адамдар экстремистік жолға тезірек түсіп кетеді. Бұл мәселемен күресудің жолы көп. Оның бірі – интернеттегі уағызды бұғаттап тастау. Бұл бір ғана жолы және оның тиім­ділігі де күмәнді. Шартты түрде мұны мем­лекет жүз пайыз өз бақылауына алып отыра алмайды. Қанша каналдары бұ­ғатталса да, телеграмдағы жабық каналдар ар­қылы мұндай уағызды таратуға мүм­кіндіктері бар. Әсіресе, қазіргідей тех­нология дамыған кезеңде барлығын бірдей ұстау мүмкін емес. Сол себепті бірден-бір жолы азамат­тарды өзара толеранттылыққа ша­қыру. Қандай да бір дін, ұлт өкілі бол­сын, оған ең алдымен адам, азамат ретінде қа­рауды үйрету қажет. Жастардың бойында сыни ойлауды дамыту өте маңызды. Ақпа­ратты тұтыну мәдениетін де қалыптастыру керек.   Жұлдыз ТӨЛЕУ,  Қазақстан психоаналитиктер қауымдастығының мүшесі:

 Террористердің балалық шағына үңілу керек

– Еуропада қазір терроризммен кү­рес­те психоаналитиктерді көптеп тартып жа­тыр. Мәселен, 2018 жылы Халықаралық пси­хоанализ қауымдастығы «Зорлық-зом­былықпен күрес» комитетін құрып, тер­роризм­мен сотталған адамдардың жанына үңіліп, оларды емдеуге көмектесіп жатыр. Осыған байланысты таяуда еуропалық психоаналитиктердің вебинарына қатыс­қан едім. Сонда бір профессор «адамдарды аяусыз қырып-жоятын қанышерлерге адам ретінде қарауға болмайды, олар қатаң жа­заға лайықты деп қарсылық білдіре­тіндер көп. Бірақ қатыгездік тек қатыгездік туғызады. Қылмыскерлер де сәби болған, бала болған. Олардың жан жарасына үңі­ліп, адамгершілік танытпасақ, қатыгездік көбейе түседі» деп айтқан еді. Сол секілді террористік ұйымдардың, ра­дикалды топтардың қатарына кіріп жатқан қазақстандық азаматтардың ба­лалық шағына үңілетін болсақ, олардың кө­бі 80-жылдардың аяғы, 90-жылдардың ба­сындағы тоқырау кезеңінде туған. Ата-ана сол жылдары бала тәрбиесінен қол үзіп, тамақ табу үшін дорба арқалап кетке­нін жақ­сы білеміз. Әсіресе, бұл қиындыққа ер адамдар шыдамады. Көбі жұмыссыз қал­ған­дықтан, ішкілікке салынып кетті. Отбасында әке тәрбиесінің рөлі шатқа­лақтап қалды. Бізде әдетте баланың есінде ешнәрсе қалмайды деп жатады. Шын мәнінде адам жатырда пайда болғаннан ешнәрсе ұмытылмайды. Бәрі адам бей­санасында жа­тады. Сол балалар өсе келе іш­тей идеал әке іздей бастайды. Бірақ бейса­насында ата-анаға деген өкпе-реніш қалып қойған. Психоанализ негізін қалаушы Зигмунд Фрейд суреттегендей, діни топтың бас­шы­лары өздерін бәріне бірдей Құдай ретінде, мейірімді, шапағат тілеуші әке, ақиқаттың өзі ретінде көрсетеді. Бұл жөнінде француз психоаналитигі Жан-Пьер Винтер де айт­қан. Ол жан жарасы бар бала идеал әкені іздеймін деп, көбіне байырғы әкеге (бағзы замандағы тек күш қолданатын қаһарлы әке) ұрынып жатады дейді. Қазіргі кезде байырғы әке дегеніміз – қылмыс әлемінің бас­шысы, диктатор, террористік ұйым­дар­дың жетекшілері, есірткі тасымалдаушылар т.б. болуы мүмкін. Себебі адам бейсана­сын­да адамзат дамуындағы барлық эволю­ция­лық кезеңнің жадылары сақталған. Адам регрессияға, агрессияға бой алғанда, міндетті түрде бағзы кезеңдегі қатыгездік кө­ріністер орын алады.  

К.АЙТБАЙҚЫЗЫ