Жастар жылы аясында көптеген жобалар жүзеге асуда. Мақсат – жастардың жүрегіндегі Отанына деген махаббатты ояту. Осы арқылы туған жердің көрікті жерлеріне саяхаттар жүргізіп, мейлінше туристерді тартуды да басты міндет қылып қойған еді. Соның бірі A kind heart қоғамдық бірлестігі қолға алған I’m from Qazaqstan видеороликтер байқауы болатын. Бұл жоба да мәреге жетті.
I’m from Qazaqstan видеороликтер байқауына 200-ден астам жұмыс түсті. Жастар жылы аясында A kind heart қоғамдық бірлестігі қолға алған жобаға Қазақстанның түкпір-түкпірінен 969 өтінім түскен, 233 адам толыққанды видеоблог түсірген. Олардың 15-і ақтық сынға өткен. Байқау шарты бойынша қатысушылар өзінің туған қаласы немесе ауылы туралы бейнеролик түсіріп, онда көрікті жерлерді көрсетуі, туристер үшін қызықты мәліметтер ұсынуы керек болатын. «Үміткерлердің 40 пайызы – Алматыдан, 13 пайызы – Нұр-Сұлтаннан. Қалған жұмыстар Өскемен, Шымкент, Семей, Ақтау, Көкшетау, Қарағанды, Бурабай, Қостанай, Түркістан, Павлодар қалаларынан түсті. Аудандар мен ауылдардан да ролик жібергендер бар. Олардың жұмысын құрамына белгілі шетелдік және отандық блогерлер енген қазылар алқасы бағалайды». A kind heart қоғамдық бірлестігі таратқан ақпаратта осылай делінген. Байқау шарты бойынша ең үздік видеоролик авторы бас жүлдеге 1 млн теңге алады. Екінші орынға – 500 мың теңге, үшінші орынға 300 мың теңге беріледі. Бәйге қорытындысы бойынша, финалға жеткен қатысушылар Қазақстандағы YouTube компаниясының ресми өкілімен келісімшартқа отырып, өз арналарының дамуына қатысты мамандардан кеңес алады. Жеңімпаздарды ұлықтау рәсімі 24-25 тамызда Нұр-Сұлтан қаласында ұйымдастырылатын «Қазақстанды аша отырып» атты халықаралық блогерлер форумында салтанатты түрде өтеді. Байқау Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы мен Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен іске асырылуда.
Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ