«Дипломмен – ауылға» аясында денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, ауыл шаруашылығы кешені салалары бойынша білім алған жас мамандар ауылға барып жұмысқа орналаса алады. 11 жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан жобаның жағымды тұсы – жұмысқа орналастырып, оған қоса қаржылай қолдау білдіретіні. Дипломмен ауылға аттанған маманның бәріне көтерме жәрдемақы беріледі. Келісімшарт бойынша үш жыл сол жерде жұмыс істеуі тиіс. Мерзімі аяқталмай тұрып жұмыс ауыстырса, жәрдемақыны қайтарады. Бұл – бәріне бірдей берілетін көмек. Биыл көтерме жәрдемақы көлемі ұлғайып, 100 АЕК немесе 277 мың теңге болыпты. Сонымен бірге сол ауылда қалып, үйлі болуды мақсат еткендерге берілетін мүмкіндік – бюджеттік кредит арқылы баспана алу. Мұны енді таңдауы мен қалауына қарай алуға болады. Бұрын 1,7 млн теңгеге дейінгі сома қарызға берілсе, қазір 4,1 млн теңгеге дейін. Кредит мөлшерлемесі – 0,01%, мерзімі – 15 жылға дейін. Былай қарасаңыз, өте қолайлы. Бірақ екінің бірі ала алмайды. Баспана алудың шарттары бар. Туған-туыстың үйін не сол уақытта тұрып жатқан баспананы алуға болмайды. Ұлттық экономика министрлігіне жіберген сұранысымызға келген жауапта «кредит болмауы тиіс» деген талаптың мамандардың кейін жүктемесі көбеймес үшін қойылғаны айтылып отыр. «Әлеуметтік қолдау шараларын ұсыну Ережесіне (Ұлттық экономика министрінің 2014 жылғы 6 қарашадағы №72 бұйрығы) сәйкес, егер құжаттарды тапсырған кезде маманның қолданыстағы кредиттер бойынша берешегі болмаса, маман бюджеттік кредит түрінде әлеуметтік қолдау шараларын ұсынуға үміткер бола алады. Бұл норма биылғы мамыр айында енгізілді. Осы норма бұрын берілген кредиттер бойынша берешегі бар мамандарға қаржылық жүктемені болдырмау үшін енгізілгенін айту керек. Басқа кредиттердің болуы мамандардың төлем қабілетіне әсер етеді» делінген ресми жауапта. Сала министрлігі жаңа енгізілген норма кадр тапшылығын тудырмайды деген пікірде.
68 мың маман ғана ауылға барды
Бағдарламаға қатысты сан деректер келтірсек. Ұлттық экономика министрлігі берген деректерге сүйенсек, «Дипломмен ауылға» жобасын іске асыру кезеңінде (2009 жылдан бастап 2019 жылға дейін) 68 мыңнан астам маман 9,1 млрд теңге сомасында көтерме жәрдемақы алған. 31 мыңнан астам маманға тұрғын үй сатып алу үшін 85,5 млрд теңге сомасында бюджеттік несие берілген. 2020 жылға 4,8 мың маманға тұрғын үй сатып алу үшін бюджеттік кредиттер беруге – 20 млрд теңге, сондай-ақ 8,2 мың маманға көтерме жәрдемақы беруге 2,2 млрд теңге көзделген. Биылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша, 2,5 мың маман бюджеттік несие алып, 4,7 мың маманға көтерме жәрдемақы берілген. Ауылға мұғалім болуға аттанған Айнұр Ақылбекқызы бағдарламаға дән риза. «Дипломмен – ауылға» арқылы жұмысқа кіріп, үй алдым. 15 жылға бөлгенде қазір айына 11 111 теңге төлеп отырмын. Былай қарасаңыз, бір отырыста жұмсалып кететіндей-ақ ақша. Есесіне, үйлі болуға болады. Баспананы 2 млн теңгеге алдым, қайтаратын сомасында да пайызы тіпті жоқ десе болады. Көпшілігі құжат тапсырып, әрлі-берлі жүрісі көп болғаннан қашады. Өйткені шынымен жұмысы көп. Бірақ құжатқа тиянақты болса, қиындық тудырмайды деп ойлаймын. Меніңше, мамандарға өте жақсы мүмкіндік», – дейді жас маман. Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп бағдарламадағы соңғы өзгерістерді қолдамайтынын білдірді. «Қазір басында кредиті жоқ адам кемде-кем. Сондықтан банкке қарыз екен деп бюджеттік несие бермей қойған дұрыс емес. Бұл қолдағы дипломымен ауылға қызмет етуге ниеттенген маманның бетін қаққандай әсер етеді. Азын-аулақ несиесі болса, жалақысын есептеп, төлемге қаншалықты қабілетті екенін тексеру керек. Егер төлеп тұра алатын болса, неге бермеске? », – деп есептейді Сенат депутаты. Алматы қаласындағы №47 мектептің мұғалімі Сұлтан Сүлеев бұл шартты аяқтан шалатын ереже деп санайды. «Осы ережені енгізгендердің не ойлағанын білмеймін. Бірақ мемлекеттік мүддені қысқа уақыттық қаржылай мүддеге ауыстырғаны қынжылтады. «Ауылды көтереміз, ауыл – алтын бесік, туған жерге туыңды тік, болашақ – ауылда» деген сәнді ұрандар үшін қаншама заң қабылданып жатыр. Сөйте тұра, осындай аяқтан шалатын ережелер қосып қояды. Бір қолмен беріп, екіншісімен алып қояды. Қазір елдің көбінде – кредит. Жастар да ол науқаннан шет қалмады. Ақша төлеп оқуын аяқтаған болар, не болмаса диплом аларда несие алған шығар? Енді соны қайтарайын десе, «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы бойынша жұмысқа кіре алмайсың дейді. Талапкер ауылға барып, қызметке тұрып, қарызын қайтаруды ойлаған шығар? Осы ережені не себепті енгізгені түсініксіз. Алыс тастау қажет» деп ойын білдірді ұстаз.Ұсыныстарды ескерілмей жатыр
Осыған дейін «Дипломмен – ауылға» бағдарламасына енгізу керек өзгерістер аз айтылған жоқ. Биыл ескерілмей қалған, бірақ қолға алынғаны құба-құп болатын ұсынысты осы тұста айта кетейік. Парламент Мәжілісінің пленарлық отырысында «Nur Otan» партиясы фракциясының мүшесі Мұрат Теміржанов «Дипломмен – ауылға» бағдарламасына қатысты депутаттық сауал жолдаған. Мәні сол, қандай өзгеріс енгізсе, жақсы әсері молаятыны хақында. Мәжілісмен бағдарлама аясын кеңейтіп, ауылға ғана емес, аудандарға да жіберуді ұсынды. «Жоба 2009 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Осы уақыт ішінде 54 мың маман 12,5 млрд теңгеге әлеуметтік қолдау төлемін, 23,5 мың маман жалпы сомасы 57 млрд теңгеге үй алуға не салуға бюджеттік кредит алған. Бағдарламаға қатысу шарттары жас мамандардың сұрауына қарай өзгертіліп, төлем көлемі ұлғайтылып, қатысушылар ауқымы да кеңейтілді. Аудандардағы қалаларда туындап отырған мәселеге мән беру керек.Аудандар есепке алынбайды
Білуімізше, ауылда денсаулық сақтау саласында 5 мың маман тапшы екен. Білім беру саласында да сұраныс осындай. Айталық, Ақмола облысындағы Есіл қаласында тұрғын саны – 11 мың ғана. Бүгінде ол жерде білім беру, мәдениет және спорт, денсаулық саласы мамандары жетіспей жатыр деседі. Сонымен бірге облыс орталығынан шалғай орналасқан қалалар бар. Мысалы, 6 мың тұрғыны ғана бар Державинск қаласы облыс орталығынан 500 шақырым жерде орналасқан. Солтүстік Қазақстан облысындағы Мамлютка қаласында – 7 мың, Ақтөбе облысындағы Жемде 1,7 мың адам тұрады. Солтүстік пен Шығыс Қазақстан бойынша да ахуал осыған ұқсас. Ал енді салыстырып көрсек, Алматы облысындағы Ұзынағаш ауылында – 39 мың, Қазығұрт ауданына қарасты Қазығұрт ауылында – 106 мың, Түлкібас ауданының Тұрар ауылында 111 мың тұрғын бар екен. Оқу орнын тәмамдаған түлек ауылға ғана барғысы келеді. Себебі аудандық қалаға жұмысқа орналасқанда әлеуметтік қолдау төлемі де, үй алуға бюджеттік кредит те берілмейді. Сондай-ақ сол қаланың қасындағы ауылдың мектебімен салыстырғанда жалақысы 25 пайызға төмен. Жобаның шарты сол – нақ ауылға жұмысқа баруы тиіс. Жобаны іске асыру кезінде дисбаланс орын алып отыр. Яғни, әлеуметтік әділетсіздік бар. Аты қала болғанымен, заты қала емес, тұрғын саны ауылдан да аз жерге барған маман неге әлеуметтік қолдау шараларынан қағылады? Ауылға маман тарту мәселесін шешемін деп аудандағы қалалар шетте қалып жатыр. Сондықтан жобаның шарттарын қайта қарау керек деп есептейміз», – дейді Мәжіліс депутаты. Әдетте ипотекаға үй аларда да төлем қабілетін растау үшін кредиттің болмауын талап етеді. Мұндағы жүйе де соған ұқсап тұр. Бірақ енгізілген ереже кредиті болса да, төлей алатын болса үй бере ме, жоқ әлде базада шыққан бір дерекке бола есептеместен құжатты кері қайтара ма? Мәселе – осында. Жаңа енгізілген норма «Ауылға кел, қалқатай» деп алып, енді «кредитің болса, кері кет» дегеннің кебі болмас па екен?Жадыра АҚҚАЙЫР