«Қылмыскерді ұстау – менің міндетім» – ІІ дәрежелі «Айбын» орденінің иегері Бақытжан Бәкіров
«Қылмыскерді ұстау –  менің міндетім» – ІІ дәрежелі «Айбын» орденінің иегері Бақытжан Бәкіров
247
оқылды
11 шілде күні белгісіз адам Түрксіб ауданындағы тұрғын үйді тонап, үй иесінің 17 мың доллар ақшасын тонағанымен қоймай, үйде болған 4 жасар бала мен 15 жасар қыз баланы қорқытып-үркітіп, қызға зорлық жасаған. Полиция қызметкерлері аталған қылмысқа байланысты арнайы жоспар құрып, оның қайда жасырынғанын анықтады. Күдіктіні ұстау барысында оны­мен бірге 13-қабаттан секіріп, 11-қабаттың алаңқайына құла­ған Бақытжан Әнуарұлы жарал­анғанына қарамастан, оның қолын бұрап, өзге әріптестері келгенше ұстап тұрған. Біз Мемлекет басшысының Жарлы­ғымен марапатқа лайық деп танылған Бақытжан батырды арнайы құттықтап,  хабарласқан едік. – Күдіктіні ұстау үшін алдын ала жоспар құрылды. Кімдер бұл іске жауапты екені бекітілді. Бірінші оның кім екені, қайда жүргені анықталды. Төрт күн бойы күдіктінің ізін кесіп, қайда екенін бақылауға алдық. Төртінші күні оның қай жерде жасырынғанын анықтап, полиция бөліміне хабар бердік. Күдікті уақытша пәтер жалдап тұрған. Оның қай үйде, нешінші пәтерде жасырынып жат­қаны белгілі болғаннан кейін пәтер иесін тауып, сөйлестік. Ол күдіктінің суретін көріп, сол екенін рас­та­ды. Бізге үй қожайыны көмектесті. Ол өзіндегі артық кілтпен есікті ашып, күдіктіге құбырдан су ағып жатқанын, сол үшін сантехник келгенін айтты. Әріптесім, полиция аға лейтенанты Мейір Несіпбай екеуміз күдікті жасырынған пәтерге ПИК жұмысшыларының киімін киіп, сантехник ретінде бардық. Қылмыскер біздің іс-әрекетімізден секем алды ма, қашуға әрекет жасады. Бар ойым кішкентай қызға айуандық әрекет жасаған оны ұстау болды. Бәрі қас-қағым сәтте болды. Мұндай жағдайда тез шешім қабылдауға тура келеді. Ол терезеге қарай жүгіргенде оны ұстаймын деп әрекет жасадым. Сол қарқынмен екі қабат төмен пәтердің тер­расасына екеуміз қабаттаса құладық. Ол келесі террасаға секірмек болғанда аяғынан тар­тып, ұрып құлаттым. Сосын мойнын қылқындыру әдісін жа­сап ұстап тұрдым. Мен тек қана қашқынды жіберіп алмау керегін ойладым. Сол кезде көмекке әріптестерім де келді, – дейді Бақытжан Әнуарұлы. Бақытжанның сөзінен оның салмақты жігіт екені аңғарылып тұрды. Сыр суыртпақтап біраз әңгімеге тарттық. Кейіпкеріміз Түркістан облысының Жетісай ауданында туған екен. Абай атын­дағы Ұлттық педагогикалық университетінің заң факультетін тәмамдаған. Жас маман бірден өзі қалаған жұмысқа орналаса қойған жоқ. Қолынан келген кәсіппен айналысып, еңбектенді. Құрылыста да жұмыс істеді. Дегенмен түпкі ойы өзі қалаған, білім алған саласында еңбек ету болды. 2006 жылы Алматы қалалық Полиция департаменті Криминалдық полиция басқар­масының жедел уәкілі қызметіне ішкі істер органдарына қабылдау тәртібінің барлық талабын орын­дап, конкурстан өтіп орна­ласады. Содан бері осы қызметте. Bakirov Бақытжан Бәкіров әкесі Әну­ар­дың мақта зауытында еңбек етке­нін, бала тәрбиесімен анасы айналысқанын, өздеріне тәлім-тәрбие берген ата-анасына риза­шылығы шексіз екенін айта­ды. Ол үйдің тұңғышы, өзінен кейін іні-қарындастары бар. Кішкентайынан еңбекке араласады. Бау-бақша күтімімен айналысып, мақта теріп өскен. Еңбекке ысылған ол есейгеннен кейін де қиын шаруадан қаш­қан емес. Мектепте оқып жүр­ген­де самбо, еркін күреспен айналысты. Қазір спортпен тұ­рақ­ты айналысуға онша уақыты бола бермейді, дегенмен үнемі бабында болу үшін жаттығу жасап тұру дағдыға айналған. Бақытжан алты баланың әкесі. Үлкені 10-да болса, кішкен­тай егіздері төрт айлық. – Қылмыскердің ізіне түс­кенде, онымен бетпе-бет кел­генде бар ойым оны ұстау ғана болды. Қашқынды қолға түсіріп, ұстап отырғанда көз алдыма әлі буындары қатпаған кішкентай балаларым елестеді. Расында да, Құдай сақтап қалды. Егер мерт  болсам, олардың тағдыры, болашағы не болар еді? Балаларым кішкентай болғандықтан, болашақта кім болатынын әлі шешкен жоқ. Оларға «Сабақтарыңды жақсы оқыңдар» деп ақыл-кеңесімді айтып отырамын. Ең бастысы, балаларыма жақсы тәрбие беріп, олар өмірде өз орындарын тапса екен деймін. Өзім осы жолды таңдадым. Қызмет барысында небір күрделі операцияларды орындауға тура келеді. Қылмыс­керді ұстау – менің міндетім. Осы жолғы әрекетімді ерлік деп бағаламаймын.  Себебі кез келген полиция қызметкері қылмыскерді қолға түсіру үшін осындай қадам жасар еді, – дейді ол. Бақытжан Бәкіровті осы әрекеті үшін бұған дейін Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев «Құқық тәртібін қамтамасыз етуде қосқан үлесі үшін» медалімен марапаттаған болатын. Полиция майоры қылмыс­кермен бірге төменге секіріп кеткенде өкше сүйектері сынған. Оның аяғына үш рет операция жасалды. Дәрігерлер оның көп ұзамай жұмысқа орала­тынын айтып отыр.  

Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ