11 шілде күні белгісіз адам Түрксіб ауданындағы тұрғын үйді тонап, үй иесінің 17 мың доллар ақшасын тонағанымен қоймай, үйде болған 4 жасар бала мен 15 жасар қыз баланы қорқытып-үркітіп, қызға зорлық жасаған. Полиция қызметкерлері аталған қылмысқа байланысты арнайы жоспар құрып, оның қайда жасырынғанын анықтады. Күдіктіні ұстау барысында онымен бірге 13-қабаттан секіріп, 11-қабаттың алаңқайына құлаған Бақытжан Әнуарұлы жараланғанына қарамастан, оның қолын бұрап, өзге әріптестері келгенше ұстап тұрған. Біз Мемлекет басшысының Жарлығымен марапатқа лайық деп танылған Бақытжан батырды арнайы құттықтап, хабарласқан едік.
– Күдіктіні ұстау үшін алдын ала жоспар құрылды. Кімдер бұл іске жауапты екені бекітілді. Бірінші оның кім екені, қайда жүргені анықталды. Төрт күн бойы күдіктінің ізін кесіп, қайда екенін бақылауға алдық. Төртінші күні оның қай жерде жасырынғанын анықтап, полиция бөліміне хабар бердік. Күдікті уақытша пәтер жалдап тұрған. Оның қай үйде, нешінші пәтерде жасырынып жатқаны белгілі болғаннан кейін пәтер иесін тауып, сөйлестік. Ол күдіктінің суретін көріп, сол екенін растады. Бізге үй қожайыны көмектесті. Ол өзіндегі артық кілтпен есікті ашып, күдіктіге құбырдан су ағып жатқанын, сол үшін сантехник келгенін айтты. Әріптесім, полиция аға лейтенанты Мейір Несіпбай екеуміз күдікті жасырынған пәтерге ПИК жұмысшыларының киімін киіп, сантехник ретінде бардық. Қылмыскер біздің іс-әрекетімізден секем алды ма, қашуға әрекет жасады. Бар ойым кішкентай қызға айуандық әрекет жасаған оны ұстау болды. Бәрі қас-қағым сәтте болды. Мұндай жағдайда тез шешім қабылдауға тура келеді. Ол терезеге қарай жүгіргенде оны ұстаймын деп әрекет жасадым. Сол қарқынмен екі қабат төмен пәтердің террасасына екеуміз қабаттаса құладық. Ол келесі террасаға секірмек болғанда аяғынан тартып, ұрып құлаттым. Сосын мойнын қылқындыру әдісін жасап ұстап тұрдым. Мен тек қана қашқынды жіберіп алмау керегін ойладым. Сол кезде көмекке әріптестерім де келді, – дейді Бақытжан Әнуарұлы.
Бақытжанның сөзінен оның салмақты жігіт екені аңғарылып тұрды. Сыр суыртпақтап біраз әңгімеге тарттық. Кейіпкеріміз Түркістан облысының Жетісай ауданында туған екен. Абай атындағы Ұлттық педагогикалық университетінің заң факультетін тәмамдаған. Жас маман бірден өзі қалаған жұмысқа орналаса қойған жоқ. Қолынан келген кәсіппен айналысып, еңбектенді. Құрылыста да жұмыс істеді. Дегенмен түпкі ойы өзі қалаған, білім алған саласында еңбек ету болды. 2006 жылы Алматы қалалық Полиция департаменті Криминалдық полиция басқармасының жедел уәкілі қызметіне ішкі істер органдарына қабылдау тәртібінің барлық талабын орындап, конкурстан өтіп орналасады. Содан бері осы қызметте.
Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ