Медицина қызметкерлерін қолдау акциясын «Nur Otan» партиясы жанындағы «Jas Otan» Жастар қанаты мен өңірдің меценаттары, белсенді партиялықтар ұйымдастырды. Коронавирус инфекциясымен күрес кезінде ауылдағы провизорлық орталықтардың жағдайы ауыр болды. Оларда білікті мамандардың тапшылығы айқын байқалды. Дегенмен қиындыққа қарамастан, барлық медицина қызметкерлері тәулік бойы емге мұқтаж жандардың қасынан табылды, көмегін аямады. «Nur Otan» партиясының қоғамдық бақылауы аясында Парламент Мәжілісі депутаттары Гүлнар Бижанова, Василий Олейник пен облыстық партия филиалы төрағасының орынбасары Қадиша Оспанова Бұқар жырау ауданының бірнеше нысандарына арнайы барып, жағдаймен танысып қайтты. Депутаттар «Нұрлы жер», «Нұрлы жол», «Жұмыспен қамтудың жол картасы», «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламаларын жүзеге асыру барысымен танысты. Сапар барысында аудан-қалалардағы үкіметтік емес ұйымдар, облыстық басқармалар мен департамент басшылары, әкімдердің орынбасарлары, жергілікті жердегі ішкі саясат бөлімдерінің жетекшілері мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері қатысқан форум өтті. Қатысушылардың барлығы партияның «Дәрігерлерге мың алғыс!» акциясына қолдау білдірді. Форумнан кейін Бұқар жырау ауданының медицина қызметкерлеріне партия өкілдері алғысхат пен пакет табыс етті. Олардың әрқайсысына ылғалды сулықтар, қол кремі, бал, лимон, минералды су және тағы басқа салынды. Бүгінде дәрігерлердің жұмысы әлдеқайда жеңілдеді. COVID-19 індетінiң таралуы төмендеп келеді. Облыстық медицина мекемелері қажетті дәрі-дәрмек пен құрал-жабдықтарды алуды жалғастыруда, – деді партия филиалы төрағасының орынбасары Қадиша Оспанова. Қарағандылық кәсіпкерлер осы қиын кезеңде денсаулық сақтау саласына қолдау көрсетіп, жерлестерге қамқорлық жасауда. Бұқар жырау ауданының Құрметті азаматы, айтыскер ақын Айтбай Жұмағұлов Ботақара кентінің ауруханасына жақын арада жеткізілетін ӨЖЖ аппаратына қаржы аударды. Ақтоғай ауданында да орталық аудандық аурухана мен ауылдық дәрігерлік амбулаториялар көмек алды. Мұнда да қайырымдылық акциясының бастамашысы – «Nur Otan» партиясының мүшелері. Ақтоғайлықтар оттегі концентраторын, пульсоксиметр, Бобров аппаратын және басқа да жабдықтарды сатып алуға 2,5 млн теңгеге жуық қаражат жинады. Акцияны Шашубай кентінің мектеп және балабақша қызметкерлері де қолдады. Олар медициналық мекемелерге диагностикалық құралдарды сыйға тартты. «Nur Otan» партиясының Сәтбаев қалалық филиалы мен партия ардагері Қорғанбай Құлшариев «СПТВС» ЖШС бірлесіп, туберкулезге қарсы диспансерге, Орталық қалалық ауруханаға және Сәтбаевтың медициналық-санитарлық бөліміне 200 литр қымыз, 50 келі ет жеткізді. Партияның Нұра аудандық филиалы «Жер» фермерлік қожалығымен бірге 100 литр қымыз жинап, Нұра ауданының орталық ауруханасын қамтамасыз етті. Ұлытау ауданының тұрғыны, шаруа қожалығының иесі Дәурен Байболов аудандық орталық ауруханаға 200 келіден астам ет, 30 литр қымыз, 100 келіден астам көкөніс және басқа да азық-түлік тапсырды. Қарқаралы ауданының тумалары да өздерінің туған жерінде орналасқан ауруханаларға оттегі концентраторын тапсырды. Кәсіпкерлер Нұрлан Мұсипов пен Ермұрат Зейнешев, Қарағандыдағы «Тазалық Эксперт» ЖШС басшылары өз қаржыларына 8 оттегі концентраторын сатып алып, Қарқаралы мен Егіндібұлақ ауылдарының ауруханасына жеткізді. Бұдан бұрын «Темірзат» ЖШС басшысы Айдын Мезгілбаев оттегі концентраторын Қарқаралы ауданының орталық ауруханасына тапсырған болатын. Ал Жаңаарқа ауданының тұрғындары Қарағанды, Теміртау, Абай, Жезқазған, Сәтбаев, Нұра және Жаңаарқа аудандарының ауруханаларына 5 тоннадан астам қымыз, бір тоннаға жуық құрт, ірімшік, саумал жинап, жеткізді. Шахтинск қаласындағы орталық аурухананың жансақтау бөліміне Мельниковтар отбасы автоматтандырылған төсек сыйлады. Арнайы жабдық Мәскеуден тапсырыс беру арқылы сатып алынды. Кереует пультпен басқарылады, әртүрлі жату режимін орнатуға болады. Терінің ойылып қалуына қарсы матрац бар, оның ауа қысымы компрессормен реттеледі. Облыс орталығында нұротандықтар ауруханалардағы медицина қызметкерлеріне күн сайын «Алғыс пакеттерін» тасымалдауда. «Дәрігерлерге тағзым» акциясы аясында Қарағанды қаласының №1 көпсалалы ауруханасы базасында жұқпалы аурулар госпиталінің дәрігерлері азық-түлік жиынтықтарын алды. Онда күн сайын екі ауысымда 120-дан астам медицина қызметкері еңбек етеді. «Алғыс пакеті» госпиталь қызметкерлерінің тілектерін ескере отырып жасалды. Аптап ыстық күндері олар арнайы костюм, бетперде және қолғаппен жүруге мәжбүр. Әрбір жиынтыққа ылғалды майлықтар, қол кремі, бал, лимон, минералды су, табиғи сусындар салынды. «Nur Otan» партиясының BizBirgemiz, «Дәрігерлерге мың алғыс!» республикалық акциясы аймақта карантин толық аяқталғанға дейін жалғасады. Күн сайын оған меценаттар, кәсіпкерлер мен белсенділер атсалысуда.
Ләззат ҚОЖАХМЕТОВА Қарағанды облысы